Спорт және туризм

Мүмкін еместі мүмкін еткен жандар

Қоғамда әр адам бірдей мүмкіндіктерге ие. Тіпті, дене мүмкіндігі шектеулі азаматтар да өздерін дамытып, әлемдік деңгейде көзге түсе алады. Олар үшін арнайы спорт клубы бар. Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасына қарайтын клуб жұмысының ауқымы үлкен, жүздеген спортшыны өздерінің қамқорлығына алған. Дене мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында жетістікке жетіп жатқандар өте көп.

Аталған спорт клубы 2012 жылдың 27 желтоқсанында облыс әкімдігінің №439 қаулысының негізінде құрылған. Бұл мекемеде 55 қызметкер бар болса, оның ішінде 5-і мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Мұнда Паралимпиадалық спорт түрінен 35 жаттықтырушы бірнеше спорт түрінен еңбек етеді. Оның ішінде басқа спорт түрлерімен қатар біздерге жақсы таныс Пара жеңіл атлетика, Пара жүзу, Пара үстел теннисі, Пара футбол, Пара оқ ату және волейболды отырып ойнау бар. Жалпы, Паралимпиадалық спорт түрлерімен 405 спортшы шұғылданады. Сонымен қатар Сурдлимпиадалық спорт түрлері бар. Бұл есту қабілеті бұзылған немесе есту қабілеті төмен спортшыларға арналған спорт түрлері «Сурдлимпиадалық спорт түрлері» деп аталады.

Аталған спортта күрес түрлері бойынша – 3, сурдо жеңіл атлетикадан – 1, сурдо таеквондодан – 2, сурдо футзалдан – 1, сурдо шахмат – 1, үстел теннисінен – 1 жаттықтырушы бар. Мұнан бөлек Паралимпиадалық емес спорт түрлері бойынша – 3, Ұлттық спорт түрі тоғызқұмалақтан 1 жаттықтырушы еңбек етеді. Мұнда көру қабілеті, есту қабілеті төмен, тірек-қимыл аппараты зақымданған, интелектуалды дамуында ерекшеліктер бар азаматтар да есепке алынып, клубтың жанашырлығын, қамқорлығын көріп отыр.

Мекеменің міндеті мүмкіндігі шектеулі спортшы азаматтарға барынша қолдау көрсету. Ол қолдау көрсетіліп те келе жатыр. Соның нәтижесінде жекелеген спортшылардың қол жеткізген табыстары өте қомақты. Олар ел намысының әрқашан жоғары тұратынын түсінеді. Себебі олардың бойында патриоттық сезімі алаулап, отаншылдық сезімі атойлап тұр. Ол әр жарыс кезінде үнемі байқалады. Себебі бұл азаматтардың мақсаты биік, оған жету жолындағы еңбектері өте жоғары. Олардың жеңіс жолына деген құштарлықтарын естен шығаруға болмайды. Сондықтан көк байрағымызды желбіретіп, талай додада топ жарып жүр. Оған арнайы тоқталуға да болады. Аталған спорт клубты тәжірибелі маман Нұржан Жолдасбеков басқарады.

СПОРТ КЛУБЫН ҚАЛЫПТАСТЫРҒАН САТТАР

Аталған спорт клубының ашылғанына биыл 13 жылдан асты. Мекеменің қалыптасуына еңбегі сіңген азамат – Саттар Бейсембаев. Ол аталған клубтың тұңғыш директоры, жүзу спортынан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Құрмет» орденінің иегері. Ол халықаралық дәрежедегі спорт шебері Зүлфия Ғабидуллинаның Рио Паралимпиада ойындарында алтын медаль алуына тікелей ықпал етті, қолдау көрсетті. Қазіргі таңда да атқарып жатқан еңбегі өте бағалы. Тағы бір шәкірті Нұрдәулет Жұмағали екі Паралимпиада ойындарында олжа салды.

Атап айтқанда ХVІ Токио жазғы Паралимпиада ойындарында қола, ХVІІ жазғы Паралимпиада ойындарында күміс медаль иеленді. Мұнан бөлек Нұрдәулет екі дүркін Азия Паралимпиада ойындарының жеңімпазы, әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Әлем кубогының жеңімпазы. Азия және Азия Паралимпиада ойындарының ректордын жаңартушы. «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» атағына да қол жеткізген. Нұрдәулет осы жетістіктің барлығына жеке жаттықтырушысы Саттар Бейсембаевтың тікелей бағыт беріп, тәрбиелеуінің нәтижесінде жетті. Әрине, өзінің де аянбай жаттығып үнемі дайындықта болғанын білеміз. Дегенмен, мұндай ірі жетістікте бапкердің де қомақты үлесі болатыны белгілі. Біз білікті бапкер Саттар Ерғалиұлымен де әңгімелескен едік.

ЕРКІН КҮРЕСКЕ ЕҢБЕГІ СІҢГЕН ЕРНАЗАР

Ерназар Қонысбаевтың есімі жаттықтырушы ретінде көпшілікке біраз жылдардан бері белгілі. Жаттықтырушы болғанда мүмкіндігі шектеулі спортшылармен жұмыс істейді. Әсіресе, есту қабілеті төмен азаматтармен көбірек жұмыс істеп, нәтижеге жетіп жүр. Ол айтуға ғана оңай дер едім. Жалпы, кез келген спортшымен жұмыс істеп, оны жақсы нәтижеге жетелеу оңай шаруа емес. Ал есту, көру қабілеті төмен спортшыларды жаттықтыру екі есе ауыр. Бірақ таңдаған жолың бапкерлік болған соң, барлық ауырлығына төзуге тиіссің. Оны Ерназар жақсы түсінеді. Осылайша, ауырлыққа шыдап, табандылық танытқан Қонысбаевтың қазіргі таңда жеткен жетістігі жаман емес. Ол туралы өзі де мақтанышпен айтады.

СПОРТ КЛУБЫНЫҢ МӘРТЕБЕСІ БИІК

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арна лған спорт клубы жайлы айтып өттік. Құрылғанына бар болғаны 13 жыл ғана уақыт өтсе де мекеменің қол жеткізген жетістіктері үлкен. Паралимпиадалық және Сурдлимпиадалық спорт түрлері бойынша әлемдік деңгейде бірнеше чемпиондарды шығарып үлгерді. Мұнда ерекше жағдайдағы спортшылар өмірге құштарлықтарын арттырып ғана қоймай, чемпиондық тұғырға жетіп, облыс абыройын көтеріп келеді. Бұл жағынан алғанда клубтың жұмысын бас бармақпен бағалауға болады. Клубтың бас маман, әдіскерлерінен бастап, жаттықтырушылары мен спортшылары да өз міндеттерін жақсы түсінеді.

 

Есет ДОСАЛЫ