Әлеумет

Білім саласының білгірі еді

Адалдықтың антынан аттамаған адамның жүзі қай кезде де жарық болады. Еселі еңбегімен елдің құрметіне бөленген абзал азаматтардың жүйелі жұмысы ешқашан да жұрт жадынан өшпек емес. Тік жүріп турашылдығынан танбаған Тәліпбек Сапарбекұлының өзі өмірден өтсе де, артына қалдырған мұрасы оның тұлғасын биіктете беретіні даусыз.

Жамбыл ауданына қарасты Шоқай ауылында дүниеге келген Тәліпбек Сапарбекұлы еңбек майданына тым ерте араласты. Қатарластарының алды болған азамат 1942 жылы, яғни, 16 жасында «Октябр-Жеміс» колхозында қазылша бригадасының бригадирі және колхоз басқармасының мүшесі болып тер төкті. Соғыс жылдарында балдәурен балалық шағын ұмытып, ерте есейген азаматтың қажырлы еңбегі қалтарыста қалған жоқ, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бала күнінен ізденіс ізіне түскен Тәліпбек Сапарбекұлы бақытын ағарту саласынан тапқысы келді. Асқақ арманына қол созған азамат ақыры ұстаздық жолды таңдады.

1947 жылы сол уақыттағы Жамбыл қаласында педагогикалық училищені тәмамдап, Билікөл кеңшарының №3 фермасындағы бастауыш мектептің меңгерушісі ретінде еңбек етіп, мектеп оқушыларын білім нәрімен сусындатты. Тумысынан сөзге шешен азамат шынашақтайынан көркем әдебиетті оқып өскен. Қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің туындыларынан қанаттанған Тәліпбек Сапарбекұлы танымын кеңейтіп, білімін тереңдету мақсатында 1955 жылы Шымкент қаласындағы Н.Крупская атындағы педагогикалық институтты филология мамандығы бойынша бітіріп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі боп шығады. Ұстаз ретінде тың әдістемелік тәсілдерімен дараланған ол 1955-1963 жылдары Жамбыл және Жуалы аудандарындағы Чапаев және Амантүбек, Тоғызтарау орта мектептерінің директоры ретінде табысты еңбек етті.

Бұдан соң Билікөл ауылындағы, Шоқай елді мекеніндегі білім ордаларын басқарды. Туған ауылындағы білім ұясын бастауыш мектептен орта мектепке айналдыруға бастамашы болды. Мектептегі оқушылардың білім сапасын көтеруге айрықша назар аударды. Сондай-ақ елді мекенге газ құбырын тартуға ықпал етті.

1973-1993 жылдары шалғайдағы Мойынқұм ауданындағы «Екінші тың» деп аталған мектеп-интернатта да жемісті қызмет еткен ол жергілікті балалардың сапалы білім алуына барынша тер төкті. Көнекөз қариялардың айтуынша, ол ауыл мектептерінің техникалық-материалдық базасын нығайтуға, оқу-тәрбие үдерісін лайықты деңгейде ұйымдастыруға айрықша ден қойған. Ал шалғайдағы мал жайылымындағы мектеп-интернат жұмысы ел көлемінде кеңінен насихатталған. Аталған білім ұясына Африканың 33 елінен келген меймандар білім ордасының тәжірибесімен танысып, Тәліпбек Сапарбекұлының еңбегін жоғары бағалапты.

Ұдайы турашылдығымен дараланған азамат талай алқалы жиындарда облыс басқарған азаматтарға елдің жайын айтып, қайраткерлік қырын да көрсеткен. Осылайша кісілік келбетін жоғалтпаған Тәліпбек Сапарбекұлы айналасына сыйлы болған. «Әкемнің қолын сілтеп тұрып ақиқатты айтатыны кейбір шенеуніктерге ұнай бермейтін. Сондықтан ол кісіні қандай да бір іс-шараға апарғанда «Әке, осы жолы сөйлемей-ақ қойыңызшы» дейтінмін. Қайбір жылы орталықта Абайдың ескерткіші ашылды. Әрмен жерде тұрсам, әкемнің саңқылдаған даусы шығып жатыр. Сөйтсем ол кісі адамзат ақыл-ойының алыбы атанған ұлы тұлғаның ескерткішінің ашылу рәсімі қарабайыр түрде аздаған адамның қатысуымен ұйымдастырылғанына ренішін жеткізіпті. Ол кісі қандай да бір жиынға қатысып келген соң үйдегі телефонға тыным болмайтын. Әкімдік адамдары әкем көтерген мәселеге қатысты ойларын айтып, атқарылып жатқан жұмыс туралы ойларын жеткізіп жататын.

Бертінде «Шымыр атаның Шынқожа ұрпақтары: Қобыланды, Марсым» атты шежірені жазды. «Шымыр ата» қорының негізін қалаушылардың бірі болды. Қалай десек те, ол кісі бекзат болмысымен, терең білімімен жұрт алдында ұдайы маңдайы жарқырап жүргені анық», – дейді ұлы Ғиззат Тәліпбекұлы өз ойын ортаға салып. Кеңестік кезең кезінде ізденімпаздығымен көзге түскен ол өз шәкірттерінің бойына Алаш арыстарының рухын қондырғысы келіп, солар туралы жиі айтқан көрінеді. Көркем әдебиеттің қайнарынан қанып ішкен азамат оқушыларының бойына қазақ әдебиеті алыптарының шығармаларындағы ізгілікті дарытуға тырысқан.

Қатарластарының алды болған Тәліпбек Сапарбекұлының еселі еңбегі елеусіз қалған жоқ. «Еңбектегі ерлігі үшін», «Ұлы Отан соғысына 30 жыл» секілді өзге де көптеген мерекелік медальдармен марапатталған. Сондай-ақ «Қазақстан Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісін де иеленген. Жергілікті атқарушы билік өкілдері де ардақты ардагердің еңбегін назардан тыс қалдырмай, Тараз қаласының Құрметті азаматы атағын беріпті. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеу ісіне арнаған ардақты азаматтың өнегелі өмір жолы жұрт жадынан өшкен жоқ. Өзі өмірден өтсе де, замандастары, көзін көрген азаматтар Тәліпбек Сапарбекұлының кісілік қасиеті туралы майын тамызып әңгімелейді. Осыған қарап-ақ ардақты азаматтың адамдық қасиетін аңғару қиын емес.

 

Табиғат МҰСЫЛМАНҚҰЛ

журналист