ЖИ мен адам арасындағы байланыс бәсеке емес, серіктестік
Қазіргі заман – технология мен адам санасының бетпе-бет келген дәуірі. Әсіресе жасанды интеллектінің қарқынды дамуы адамзаттың өмір сүру салтын ғана емес, ойлау жүйесін, шешім қабылдау мәдениетін де түбегейлі өзгертіп отыр. Бұрын тек адамға тән деп саналған талдау, болжау, сараптау секілді үдерістерді бүгінде алгоритмдер атқарып жатыр. Осы орайда қоғамды толғандырған өзекті сұрақ туындайды: шешімді кім қабылдайды – адам ба, әлде жасанды интеллект пе?
Жасанды интеллект – адам ақылойының жетістігі. Ол деректерді жылдам өңдеп, ықтимал нұсқаларды ұсынып, уақыт пен ресурсты үнемдеуге мүмкіндік береді. Алайда технология дамыған сайын адам факторының рөлі төмендеп кетпей ме деген қауіп те жоқ емес. Бүгінде ЖИ күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналды. Телефонымыздағы ұсыныстардан бастап, банк жүйесіндегі скоринг, медицинадағы диагностика, білім саласындағы цифрлы платформалар – барлығы жасанды интеллектке сүйенеді.
Мемлекеттік басқаруда да деректерді талдау, болжам жасау ісінде ЖИ кеңінен қолданылып келеді. Бұл – уақыт талабы. Себебі адам барлық ақпаратты бірдей қамтып, жылдам сараптай алмайды. Ал ЖИ үшін бұл – қалыпты жағдай. Дегенмен, технологияның ыңғайлылығы оны абсолютті шешім қабылдаушыға айналдыруға болмайтынын естен шығармауымыз қажет.
Жасанды интеллект қаншалықты «ақылды» болғанымен, ол өздігінен ойлай алмайды. Оның шешімі енгізілген деректер мен алгоритмдерге тәуелді. Ал бұл деректерді де, ережелерді де адам жасайды. Демек, кез келген алгоритмде адам көзқарасы, тіпті қателігі де болуы мүмкін. Мәселен, ЖИ белгілі бір әлеуметтік топқа қатысты деректерді дұрыс қамтымай қалса, ол қабылдайтын шешім де әділетсіз болуы ықтимал. Сондықтан ЖИ шешімдерінің салдары үшін жауапкершілікті алгоритмге емес, оны қолданған адам мен мекемеге жүктеу маңызды. ЖИ есептейді, ал адам сезінеді.
ЖИ логикаға сүйенеді, ал адам ар-ождан мен жауапкершілікті қатар алып жүреді. Бұл – адам мен технологияның басты айырмашылығы. Медицинада жасанды интеллект ауру белгілерін дәл анықтауы мүмкін, бірақ науқастың психологиялық жағдайын, әлеуметтік ахуалын, өмірлік күйін толық ескере алмайды. Сол себепті соңғы шешім әрдайым дәрігердің еншісінде болуы тиіс. Құқық саласында да дәл осындай ұстаным қажет. Заң нормасын алгоритм қолдануы мүмкін, алайда әділдік ұғымы тек құқықтық емес, моральдық өлшемдермен де өлшенеді. Бұл – тек адамға тән қасиет. Әлем елдері жасанды интеллектіні дамытуда этикалық қағидаларға ерекше мән беріп отыр.
Ашықтық, әділдік, қауіпсіздік, дербес деректерді қорғау – басты талаптар қатарында. ЖИ адам құқығын шектемеуі, кемсітпеуі, қоғамға зиян келтірмеуі тиіс. Қазақстан үшін де бұл мәселе өзекті. Цифрландыру мен ЖИ-ді енгізу барысында ұлттық мүдде, қоғамдық келісім және адам құндылығы басты назарда болуы қажет. Технология – мақсат емес, құрал екенін ұмытпау маңызды. Жасанды интеллект дәуірінде өсіп келе жатқан жастар – жаңа заманның басты кейіпкерлері. Олар ЖИ-ді тек тұтынушы ретінде емес, оны басқаратын, дамытатын күш ретінде қабылдауы тиіс. Ең бастысы – технологияға соқыр сенім артпай, сыни ойлау қабілетін сақтау. ЖИ жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа жауапкершілік жүктейді.
Ақпаратты тексеру, шешімнің салдарын ойлау, адамгершілік құндылықтарды сақтау – бүгінгі жастың басты міндеті. Жасанды интеллект – адамзат дамуының заңды жемісі. Ол қоғамды алға бастырып, көптеген үдерісті жеңілдетеді. Алайда соңғы шешім қабылдау құқығы әрдайым адамда қалуы тиіс. Себебі тек адам ғана істің салдарын сезініп, жауапкершілікті толық мойнына ала алады. ЖИ мен адам арасындағы байланыс – бәсеке емес, серіктестік. Ал бұл серіктестіктің өзегі – адам факторы. Технология адамға қызмет еткенде ғана өркениет дамиды. Ал адам өз болмысын сақтағанда ғана болашақ баянды болады.
Мақпал СҮЙІНБАЙ