Қазақ қуанышта ғана емес, қайғыда да құрмет көрсеткен
Естеріңізде болса өткен жылдың соңында жұрт жаңа жылды қарсы алуға қарбаласып жатқанда Тараз қаласында көпқабатты үйден өрт шығып, дүрбелеңге салғаны бар. Жаңа жылдың кіруіне санаулы минуттар қалғанда Қарасу шағынауданындағы 15-көпқабатты үйдің тұрғындары аяқасты туындаған тілсіз жаудың қауіпінен қашып, отбасындағы мерекелік дастарқанда жиналған шуақты сәттен айырылған еді. Көршілері осындай дүрбелеңге түсіп жатқанда түнгі сағат 00.00- ді соққанда маңайындағы басқа үйлердің тұрғындары отшашу атып, жаңа жылды мерекелік көңіл күймен қарсы алғанын әлеуметтік желілерде тараған видеолардан көрдік. «Көрші ақысы – тәңір ақысы» деп білетін қазақ халқы үшін бұл сәт – өте ауыр көрініс. Ізгілікті дәріптейтін асыл дініміз исламда да «Жаратқанның алдына барып, есеп берерде «Оң жағыңдағы көршіңмен қалай болдың, сол жағыңдағы көршіңмен қалай болдың?» деп сұраласың» деген түсінікті санаға сіңдірген мұсылман едік. Осындай игілікті тәлімі бар халқымыздың арасында өзгенің басындағы қайғыға көңіл аудармайтындар бары жанға батады.
Бала күнімізде ауылда бір кісі қайтыс болса, бір жылға дейін ешбір үйде тойтомалақ өтпейтін. Тіпті, ол дүниеден өткен кісі туысы болмаса да тұтас ауыл жұрты бір жыл өткенше қуанышын думандатып атап өтпейтін. Егер той беруді ертерек жоспарлап, алыс-жақын ағайынды шақырып қойғандар болса, қаралы отбасына жасы үлкендер жиналып барып, рұқсат сұрайтын. Онда да тойын аса думандатпай, жеңіл-желпі өткізетін. Ал қазір ше? Тіпті, қайтыс болған кісінің туыстары да той тойлап, туған күн немесе басқа да жақсы жаңалықтарын мерекелеп жүре береді. Жақынын тірісінде ғана емес, өлгенде де құрметтейтін қазақылығымыздан алыстап, қайда барамыз?
Солай болды. Сөйтіп, інімнің тойы да болмады. Көп ұзамай келіннің анасы да дүниеден өтті. Бұл қайғыға беріліп, ұзақ уақыт аза тұту емес. Жақынынан айырылған қаралы үйге құрмет көрсету. Ал қазіргі қоғамда адамдардың бір-біріне көзқарасы мүлдем бөлек. Қанша жерден қайғыдан қан жұтып жатсаң да ешкімнің оған басы ауырмайды. Бұл – шындық.
Бұрынғы көреген ата-әжелеріміздің ұстанған салты бойынша қаралы үйде 7 күнге дейін қазан көтерілмейтін, жақын-жуық, ағайынтуғандары көңілдерін аулау үшін күнде әрқайсысы үйіне шақырып, ас-ауқатын беріп, сый-сияпатын жасап, қайғысын ұмыттыруға тырысатын. Бір жылға дейін ол үйде той болмайтын, артында жесірі қалса, жылдық асы өткенше үйінен аттап шықпайтын, босағасына қара шүберек байлап қоятын. Халқымыздың бұл әдетін «Абай жолы» эпопеясынан да кездестіреміз.
Бөжей қайтыс болғанда, киіз үйінің босағасына қара шүберек байлап, бір жылқыны жылдық асына сойылады деп, құйрық-жалын кесіп, қаралап қояды. Үлкендерге сәлем салатын келін күйеуі қайтыс болса, сәлем салмайды. Яғни, сәлем салмайтын келінді жесір деп таниды. Мұның бәрі де адамды көзі тірісінде ғана құрметтеп қоймай, дүниеден өткеннен соң да қадірлеудің, жанашырлықтың белгісі, – дейді көпті көрген әжей, ардагер ұстаз Баршагүл Баялиева. Ұстаз-ана айтқандай, қазіргі қоғамда жанашырлық, ар алдындағы парыз ұмытылып бара жатқанын басқалардың қайғысын пайда көзіне айналдырған кейбір пысықай блогерлерден де көреміз.
Көпбалалы, жанашыр жақыны жоқ, жалғызбасты жесірді, жетім баланы, мүгедек кісіні жыламсыратып бейнетаспаға түсіріп, елге жариялап, қайырымды іс жасауға шақырады. Әрине, егер халықтың берген садақасы сол мұқтаж жандардың өзіне жетсе, жақсы. Бірақ, жиналған қаржыны мүсәпір жанға бермей немесе болар-болмасын ғана беріп, өзіне жымқырап қалған біраз блогерлер ақиқаты ашылғанда заң алдында жауап беріп жатыр. Адамдықтан ада әрекетке барғанын түсініп, ар алдында жауап берді ме екен? Біреудің қайғысының үстінен пайда көздегендер өз басына нендей күй келерін ойламайтыны жанға батады.
Қамар ҚАРАСАЕВА