Қоғам

«Құдайдың құлымын мен - мұсылманмын»

Жыр нөсерін селдеткен қайран ақиық ақыным-ау! Өзіңе деген сағынышымды баса алмай жүрген жырқұмар пенделердің бірі ретінде қолыма қалам алдырған құдіретіңнен айналдым. Поэзия әлемінде жарқ етіп көрінген, жауһар жырларымен оқырман жүрегінен орын алған, өмірді жырлаудан шаршамаған тұлпар ақынның мол мұрасынан сусындаған мына қазақ халқында арман бар ма?! Қалың елін өлең деген қазынамен байытқан, қазақ жырының қас жүйрігі атанған бір ақын болса, ол – Мұқағали Мақатаев.

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешқашанда жалған болмас» деген сөзді Абай атамыз бекер айтқан жоқ. Алла тағаланың ақиқатын ту еткен, Алла алдында адалдық танытып, тура жолдан айнымай, халқын да тура жолға бастап, білім мен ілімнің сәулесін түсіруге бек бекінген хакімнің ағартушылық қызметіне ешкім шүбә келтіре алмас. Мұқағали да Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін бір Аллаға сиынып, жырдан күмбез тұрғызып, оның жарығын алысқа түсірудің әрекетімен ғұмыр кешті. Оның шығармасында көптеген тақырыптың қамтылғанын жоққа шығаруға болмас.

Дегенмен, дін тақырыбында қалам тартқан еңбектерінің елеулі орын алатындығын айта кеткен орынды. Исламға тән құндылықтар мен жаратылыс түсініктері діни дастандар арқылы халық жүрегіне жеткендігін айту парыз. Түркі халқының ғұлама бабасы Қожа Ахмет Иасауидің Алланы, Мұхаммедті (с.ғ.с.), Қасиетті Құранды терең толғап таныстырғаны белгілі. «Диуани хикмет» атты еңбегінде бір Аллаға мінәжат жырларын көркем тілмен жеткізген болатын. Шығыс ақындарының шығармашылығында дін және мұсылманшылық тақырыбы да лайықты көрініс тапты.

Әр кезеңде Шәкәрім, Кердері Әбубәкір, Кете Жүсіп, Омар, Тұрмағамбет, Шал ақын, тағы басқа ақын-жыраулардың еңбектерінде исламдық асыл дініміздің маңыздылығы кеңінен насихатталады. Жалпы дін тақырыбына, мұсылманшылық қағидаттарына қалам тарту – оңай шаруа емес. Асқан жауапкершілік пен имани нәзіктікті, жүректің түкпірінен әдемі өрілген имандылық иірімдерін шынайы көрсетуді талап етеді. Парасаттылыққа, ізгілікке баулитын имани жырлар Мұқағали шығармасында да кездеседі.

Аллаға тағзым етудің ғажап үлгісін көрсетеді. Асыл дінімізді барынша асқақтатып, имандылық жолындағы ұлы істердің басықасынан табылуға даяр Құдайдың құлы, мұсылманның баласы екендігін батыл үнмен жеткізеді.

Қаймағы бұзылмаған қайран дінім,

Қаймағың быт-шыт болды қайдан бүгін?!

Құбылаға бет алып қол қусырып,

Сәждеге бас қоятын қайда күнім?

 

Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен,

Өлмейтін, өшпейтұғын күнім білем.

Таппайтын күнде тыным, түнде тыным,

Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін.

 

Бәрі рас айтқанының Ақ Алламның,

Құм менен топырақтан жаралғанмын.

Құдайдың құлымын мен – мұсылманмын,

Денемде түйірі жоқ арам қанның,

Ақиқатын аңсаймын ақ арманның.

 

Мекенім Ніл дария – Меккем менің,

Келеді мәңгілікке мекендегім.

Дариға-ай, ЗұлпыҺарды ерттеп мініп,

Көрмеген мекеніме кетер ме едім!

 

Семсерін Әзіретәлі ескек жасап,

Жерорта теңізінен өтер ме едім?!

Қаны аққан қайран менің мұсылманым,

Осы ма екі ортада қысылғаның?!

 

Бейіштің ақ қанатты ақ құстарын,

Айырып ұясынан ұшырғаның?!

Бірігіңдер әлемнің мұсылманы,

Құрбан болсын Құдайым үшін жаның!

Дін – мәңгілік рухани құндылық. Осы құндылығымыз көркем әдебиетте көрініс тауып, ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеліп келеді. Қазақ жерінде ислам дінінің кең қанат жайып, қалың жұртшылықты имани істерге баулып, діни сауаттылығын арттыруда діни дастандардың әсері мол болғандығы анық. Жыр жолдарымен өрілген діни өлеңдер мен дастандар даладай дархан жүректі қазақтың жүрегіне діннің дәнін сеуіп, Алладан басқа тәңірдің жоқтығына сендірді. Кітаптардың төресі Құран кәрімнің, адамзат өмірінде ислам дінінің ұлылығын дәріптеу ісінде қазақ ақыны Мұқағалидың сіңірген еңбегін айрықша атаған жөн.

Дін – ғылымның анасы,

Дін – ғылымның әкесі.

Ғылым – діннің баласы,

Дін – ғылымның көкесі!

 

Ғылым да бар, дін де бар,

Қоқыс та бар, гүл де бар.

Адам Ата өлмесін,

 Ақырзаман келмесін.

 

Қол ұстасып Құдайға,

Ғылым мен дін, бірге бар!

Адам Құдайға қанша жақын болса, көретін азабы да, сынағы да сонша көп болады. Өйткені Алла тағала оны сынайтыны, әр қиналған сайын «Алла десе екен» дейді. Әр ауыртпалық көрген сайын, «Мені еске түсірсе екен, мені іздесе екен», дейді. Дүлдүл ақын өлеңімен дүниені дүбірлеткенімен көрер қызығынан гөрі азапты ғұмыры аз болған жоқ. Талай қиындықпен бетпе-бет келіп, сан ауыртпалықпен айқасты. Өмірдің сынағын бір кісідей көрді. «Көңілде мұңқайғы, мәңгілік тұрмайды. Сынаққа біліп қой, мықтылар сынбайды» деген қағиданы берік ұстанып, қасқайып қайсарлық танытты. Сондағы сыйынары да, сүйенері де тек жалғыз Алласы болды.

Я, Жаратушы Аллам!

Қолдай гөр,

Сүйей гөр мені, сүйей гөр!

Қолдары да, қорғаны да жоқ жан ем.

Жасаған ием!

Құлап барам, сүйей бер!

Пенделерге табына-табына болған ем.

Жаратушы жалғыз ием, қуат бер,

Азабымды, тозағымды жеңейін.

Жаратушы жалғыз ием, шуақ бер,

Өзіме де, өзгеге де төгейін.

Я, Аллам!

Жаратушым, қорғаушым,

Өзің-өмір, өзің-қуат, қорғансың.

Іші өртенсін, дұшпандарым долдансын,

Достарым кеп демесін бір, қолға алсын.

Я, Аллам! Адамдарға қас қылма,

Сорлы қылма көк аспанның астында.

Я, Аллам! Жауыздықтан сақтай гөр,

Жамандыққа, жауыздыққа бастырма!

Я, Аллам! Жаратушы жалғыз ием,

Медет бер, жапандағы жалғыз үй ем!

Хал сұрар, жәй түсінер бір пенде жоқ,

Жүрек жүн, ойым опат, жанды жүйем.

Я, Алла! Жарылқай гөр, жалғыз ием!

Көнейін, көндігейін тапшылыққа,

Жат жұртта күн кешейін жатшылықта.

Я, Алла! Я, Атамның аруағы!

Ақырын соқтыра гөр жақсылыққа,

Сақтай гөр, соғындырма жат қылыққа!

Егер Құдай сенің мықты болғаныңды қаласа, жалғыз қалдырады. Уайымдайсың, шаршайсың. Бірақ ешқашан да құлауыңа жол бермейді. Демек, Алладан күдеріңді үзбеу керек. Ақтық демің біткенше өмірдегі күресіңді бір сәт те тоқтатуға жол бермей, өзіңнің мұрат еткен биігіңнен көріне білгенге не жетсін?! Жыр жампозы асыл мұратының асқақ биігінен қазақ жұртына жұлдыздай жарқырағаны айдан анық.

Фариза, Фаризажан, Фаризақыз,

Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.

Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,

Бірімізден біріміз арылармыз.

Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,

Шаң басқан архивтерден табылармыз.

Ешкімге зияныңды тигізбей жүрсең, сол сенің берген садақаң болады. Ақын ағамыз ешкімге зиянын тигізген жоқ, біреуді ренжітіп өкпелеткен емес. Иманын серік етіп, адами қасиетінен айнымай, жан-жағына шуағын шашты.

Бұл өмірде көрінеміз өлместей,

Тұра алмаймыз ерегіспей, белдеспей.

Өтейікші бірімізді біріміз,

Өшіктірмей, өкпелетпей, сен деспей.

Имандылықтың ең жоғарғы үлгілерінің бірі, ол кешірімді болу екені белгілі. Қателік жасамайтын пенде болмаса керек. Бар болмысымен кемшіліккемістігін мойындап, бұл фәни жалғаннан рухани тазарып, Раббысына жақындап, өмір сапарының барлық кезеңдеріне есеп берген ақынның имандылығына шек келтірмейсің.

Кешіріңдер, туыстар,

Кешіріңдер, ағайын.

Өр көкірек бейбаққа өкпеледің талайың.

Кірсіз көңіл ақ туын,

Жоғары ұстап ағайын,

Ақ киімге оранып, алдарыңа барайын.

Кешіріңдер, жарандар,

Қошақаның болайын.

Сый сұрағам жасыңнан,

Мейір күткем қартыңнан.

Еркелеп ем сендерге,

Емін-еркін шарқ ұрғам.

Екенмін ғой антұрған,

Сөз өргізіп артымнан.

Арыла алмай келемін,

Бала күнгі қалпымнан.

Кешіріңдер, достарым,

Кешіріңдер, қастарым.

Есім кіре бастады,

Еркелікті тастадым.

Мен – мен емес, басқамын.

Естеріңе алғайсың,

Еркін жүрген қалқаны

«Ақын көңілі аласапыран.

Селт еткен сезімді бағып отырған оның араласпайтын нәрсесі жоқ. Араласпауға ақынның қақы да жоқ. Қанша сезімнің серісі болғанмен, шын ақын – үлкен ақыл иесі. Біз Абай атамыздың ақындығынан үйреніп, ақылдылығынан жирене алмаймыз», деп жазған еді Мұқағали ағамыз өзінің «Сезім найзағайы» атты мақаласында.

Ақынның өзі айтқандай Мұқаңның араласпаған саласы некенсаяқ. Соның ішінде дін тақырыбында қалам тербеп, салмақты да салиқалы ой орамдарын ортаға салуымен басқа ақындардан оқшау тұрғандығын айту парыз. Осыдан-ақ, қаламгердің ізгілік пен имандылықтың, зор адамгершіліктің иесіне айналғанын аңғаруға болады.

Елеусіз Ахметкерімұлы деген қарасаздық азамат ақын ауылында география пәнінен сабақ берген. «Ақынның атамекені» атты кітабы жарық көрген. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Елеусіз бұрын «Мұқағали» журналына мақала жазған. Онда Мұқағалидың туысының үйіне келіп, көңіл айтып, Құран оқығаны сөз болады. Елеусіздің әкесі Ахметкерім үлкен молда болған адам. Кеңес өкіметінің өзі ол кісінің сауатын мойындаған. Сол кездегі Алматы мешітінің Нарынқолдағы заңды өкілі болған. Ахметкерім Мұқағалидың Құранды өте әуезді етіп оқығанына, діни танымының терең екеніне сүйсініп таңғалыпты.

Ақынның баласы Жұлдыз әкесінің Құранның орыс тіліндегі аудармасын зерттеп оқығанын айтады. Дін туралы көзқарасы осындай үлкен ізденістердің нәтижесінде қалыптасқан еді. «Сен майдасың ба, ірісің бе? Адамды қадірлеңдер тірісінде», – дейді Қадыр Мырза Әлі ағамыз. Жыр жүйрігін көзі тірісінде қадірлей алмадық. Еңбегі еленбеді, шығармасы лайықты бағаланбады. Қаламгер үшін ең үлкен қасірет осы. Кезінде ақын інісі туралы, оның таланты жайлы даңқты батырымыз Бауыржан Момышұлы атамыз оң бағасын бергені ел есінде. «Тарих әркімді өз орнына қояды. Оған бір ғана дәлел – Мұқағали Мақатаев. Мұқағалидай ойшыл, суреткер ақын сирек кездеседі. Оны біз кезінде ең болмаса қатардағы ақын ретінде құрметтей алмадық. Ол мені құрметтемедің деп ешкіммен айтысқан, тартысқан жоқ. Өзінің пәктігімен, нәзіктігімен, өзінің мақсатына деген сенімділігімен қазір тірі жүргендерден мың есе биік тұр. Қазақ «Қолда барда алтынның қадірі жоқ», – дейді. Неге? Себебі әрнәрсе салыстыру арқылы бағаланады. Меніңше өмір сүрген қоғамына олжа салған адам ешуақытта ұмытылмайды. Ол тірі кезінде ұмытылуы мүмкін, уақыт өте келе оны басқалармен салыстыру заманы келеді. Сол кезде сары алтындай жарқырап, жұртты қуанышқа бөлейді», – дейді майдангер жазушы.

Бауыржан атамыздың «Мұқаңды өзінің пәктігімен, нәзіктігімен басқалардан мың есе биік тұр», – деген сөзіне иланасың. Иланбасқа шамаң жоқ. Шын мағынасында Мұқаң кәусар өлең жазған ақын. Кәусар – Мекке түбіндегі аса қасиетті бұлақ.

Мөлдіреп түскен кәусар өлеңді оқи бергің келеді. Құлагер ақын жыр бәйгесінде топ жарғанмен, оған жүлде бұйырмады. Жүлдесіз ғұмыр кешкенмен Алланың нығметтерінен кенде болған емес. Соған шүкірлік етіп, көтерілген биігіне тәубесін айтты. Раббысы оны шексіз абыройға бөледі. Өмір сапарының аяқталар тұсын ақын жүрегі сезді. Бұл кезде де үнсіз қалмады. Жайнамаз етіп жайған ақ қағаз бетіне жыр жолдарын өргізді.

«Қош!», – деп қанат қағады құстар маған,

«Қош!», – деп мені құшақтап, құшқан далам.

Аманаттап біреуге жатыр мені: «Аманат», – деп ұямнан ұшқан балам.

Гүлдер-дағы қоштасып, қиылып құр,

 

Қош айтады талдар да иіліп бір.

Неге бәрі қоштасты меніменен,

Қандай тағдыр алдымда бұйырып тұр?!

Неге көлдер қоштасып, шайқалады?!

 

Қош, қош деген жаңғырық қайталады.

Салбыраған таулардың қабағынан,

Бір кейістік білмеймін, байқалады.

Барлығы да қоштасып ерікті алар,

 

(Қойшы, бәрі әншейін желік болар...)

Телеграф сымдары ызыңдайды,

Жатқандайын суық бір беріп хабар.

Қарсы алдымнан қара жол қарсы ағады,

 

Бұл өлке қоштасып жар салады.

Аттанып кетіп барам әлдеқайда,

Қандай тағдыр білмеймін,

Қарсы алады?!

Жырдың қас жүйрігі «Өлім – өмірдің соңы», деп емес, «Өлім – өмірдің қорытындысы», деп өтті фәниден. Өмірге ренжіп аттанған жоқ, өмірге риза болып кетті. Өйткені артына қисапсыз мол мұрасы қалды. Теңдесі жоқ бай қазынасын ұрпағына табыстап кетті. «Менің пірім – Сүйінбай», – деді Жамбыл бабам. Менің пірім – Мұқағали! Түсіме кірген сайын тірілердің қатарында жүргендейсің. Алматыда білім қуған шағымда бата беріп, кітабына қолтаңба жазып, ұсынған едің, арқалы ақыным! Сол батамен көгеріп, жырыңды жалаудай желбіретіп жүргенім айдай ақиқат.

 

Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ

Қазақстанның құрметті журналисі.