Тепсе темір үзетін топографтар
Соғыс өнері теориясының негізін қалаушылардың бірі Ллойд: «Жер бедері – соғыстың ұлы және жалғыз кітабы. Оны оқи алмайтын адам батыл сарбаз атағына қанағаттануы керек және генерал болуға талпынбағаны абзал», – деген екен. Жауынгер ұрыс даласында табысты әрекет етуі үшін қаруды қалай меңгерсе, жергілікті жерді де жақсы бағдарлай білуі қажет. Ол үшін белгіленген ауданға қысқамерзімде топогеодезиялық барлау жүргізу, барлық биіктіктер мен нысандардың координаттарын анықтап, оны бекіту ауадай қажет. Сол себепті әскери топографтардың қызметі маңызға ие.
Егемен еліміздің Қарулы Күштерінде әскери топограф – ерекше мамандық. Олар заманауи жоғары технологиялық жабдықтарды, электронды 3D-картаны және жердің белгілерін пайдалану арқылы бөгде жерлерде бағытын жақсы біліп, геодезиялық жүйелер-ді құрумен қатар басқа да күрделі инженерлік тапсырмаларды орындайды. Қызметтері былайғы жұрттың көзіне көп көріне бермейтін жүректі жігіттер өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді.
Бүгінде сала мамандары қатарында еңбегімен еленген офицерлер аз емес. Солардың бірі – Әуе қорғанысы күштерінің топографиялық қызмет бастығы, подполковник Руслан Бақытұлы Бекбаев. Руслан үш жыл бұрын халықаралық армия ойындарының Қазақстан аумағында тұңғыш рет өткізілген «Меридиан» сайысына қатысып, ел намысын қорғады. Нәтижесінде, ол жарыста біздің әскери топографтар жеңімпаз атанды. Бұл жетістігі үшін майор Бекбаевқа Қорғаныс министрінің бұйрығымен подполковник кезекті әскери атағы мерзімінен бұрын берілді. Осылайша Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледждің «Амандық» полигонында өткен сайыста біздің жігіттердің мерейі үстем болды.
Айта кетейік, «Топографиялық квадратлон» сайысында топографтар басқа елдің топогеодезиялық бөлімшелерімен бірге арнайы мақсаттағы геодезиялық жұмыстарды орындай отырып, жолақтардан өтуден сайысқа түсті. Ұзындығы 1850 метрлік жарыс жолында түрлі кедергі жолақтарын еңсере білді. Бұдан өзге олардың топогеодезиялық есептоптардың «Фазл» жинау сайысында да бөлшектелген топографиялық карталардан әртүрлі нысандардың координаттарын уақытында анықтай алғанын да ерекше атап өту керек.
Руслан Сабыр Рахимов атындағы әскери мектеп-интернаттың түлегі. 2003 жылы СанктПетербург қаласындағы А.Ф.Можайский атындағы Әскери-ғарыш академиясына оқуға түсіп, 2009 жылы «аэрофотогеодезия» мамандығын алып шыққан. Әскери бөлімде аға офицер ретінде алғашқы қызметі бастаған ол бөлім бастығы лауазымдарында болды. 2017 жылы Мәскеудегі М.Ф.Фрунзе атындағы әскери академияға оқуға түсті. 2019 жылы академиялық білімі бар жас маман Әуе қорғанысы күштеріне топографиялық қызмет бастығы лауазымына тағайындалады.
Сақина алмасқан өмірлік серігі Анар екеуі Шайхислам, Шахаслан, Ляйсан және Расул атты кішкентайларды тәрбиелеп отыр. Ер – елінің қорғаны. Ол үшін жігітке талмас қанаттай талап, қайтпас қажыр мен қайрат керек. Русланды отбасында кішкентай күнінен осыған тәрбиеледі. Ата-анасы нағыз азамат болып қалыптасу үшін қайсар мінезді болу керектігін үнемі айтып отыратын. Соған сай ол да бала кезінен офицер болуды армандап өсті. Ал адамзат баласының асқақ арманының орындалғаны қандай жақсы!
Есен ӨТЕУЛІ