Спорт және туризм

Балуан қыз

Кез келген жекпе-жек спорт түрінің ережесін алып қарайтын болсаңыз, бәрінің де негізгі мақсаты – сайыс алаңында қорғана жүріп қарсыласын жеңу. Қазіргі таңда жекпе-жек – барлық елде бар спорт түрі. Мәселен, қазақта – күрес, жапондарда – дзюдо, джиу-джитсу, корейлерде – таэквондо, серум, әзербайжанда – полеш, айта берсең ұзын-сонар болып кете беретін бұл спорт түрлері жер-жаһанға өзіндік философиясымен және этикасымен кеңінен танылды. Ал самбоның тарихына зер салар болсақ, негізі ең алғаш КСРОда қаланғанын байқаймыз. Сондай-ақ бұл спорт салыстырмалы түрде барлық жекпе-жек өнеріне жататын сайыстардың ішіндегі ең жасы саналады. Осылайша халықаралық спорт ұйымы самбоны 1938 жылдың 16 қарашасында ресми бекітті. Түптеп келгенде, самбоның мағынасы «өзіңді қарусыз қорғау» дегенді білдіреді.

Елімізде бұл спорт өткен ғасырдың 1950-60 жылдардан бастап дами бастады. Аз уақыттың ішінде самбо күресінен қазақ балуандары ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Тіпті қылықты қыздарымыз да биік белестерден көрініп үлгерді. Нақ осындай жекпе-жек түрін кәсіп етіп, талай белестерді бағындырған қазақ қыздарының арасында лейтенант Гүлжан Төкенқызының шоқтығы биік.

Әскерге 2010 жылдың қарашасында келген Гүлжан бастапқыда қызметкер ретінде жұмыс істеп, өзінің кәсіби біліктілігін көрсеткен соң, екі жылдан әскери қызметке шақырылады. Спортқа келу себебін бала кездегі арманымен ұштастырған офицер жекпе-жек өнерінің қыр-сырына 14 жасында қаныға бастапты. Алғашында самбо спортын қыз балаға жат деп қабылдаған әкесі Гүлжанның жекпе-жек түрімен айналысуына қарсы болған.

Дегенмен, уақыт өте қызы жетістікке жете бастаған соң, әкесі оның табандылығын мойындап, «әрқашан жолың ашық болсын» деп ақ батасын берген екен. Гүлжан спортқа кеш келсе де, аз уақыттың ішінде үздіктер қатарынан көрініп, үлкен жетістіктерге қол жеткізіп үлгереді. 2002 жылы спортқа келген кейіпкеріміз төрт жылдан соң Қазақстан ұлттық құрама командасының қатарына алынып, әлемдік деңгейдегі жарыстарда да ел намысын қорғай бастайды. 2006 жылы самбодан ел чемпионы атанып, сол жылы Азия чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізді.

Сонымен қатар Мәскеуде өткен Әлем чемпионатында үздіктер қатарынан көрініп, қола жүлдені қоржынға салады. Осылайша санаулы жылдың ішінде «Самбодан спорт шебері» деген абыройлы атаққа ие болады. Отбасында әкесі мен ағасынан батылдықты, анасынан мейірімділікті бойына сіңіріп өскен жүректі қыз мұнымен тоқтамай, әскерде де талай жарысқа қатысып, жетістіктерге жетіп жүр. Әңгіме барысында Гүлжан атасының Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, «Қызыл Жұлдыз» орденін иеленгенін айтты.

Аға сержант әскери шенінде соғысқан атасын мақтан тұтатынын, үйде көп медалі бар екенін тілге тиек ете келе:

Бүгінде Гүлжан – екі қыз бен бір ұлдың анасы. Өмірлік жары да – әскери қызметші. Әдеттегі әскерилер сияқты бұл отбасы да гарнизоннан гарнизонға талай рет көшкенін айтады. Саламатты өмір салтын ұстанып, жарыстардан озып, үздік деп танылып жүрген Гүлжан – бүгінде Әскери полицияның беткеұстар офицері.

Әскери қызмет – мемлекеттік қызметтің ерекше түрі. Жолдасы екеуі де әскери қызметші болған соң, таңның атысы, күннің батысы жұмыста. Мұндайда енесінің көмегі ерекше екенін атап, ризашылығын білдірген спортшымыз өзінің де спортпен айналысып, әскерде жарыстарға қатысып жүргені сол кісінің қамқорлығы деді. «Кешегі спортшы немесе бүгінгі спортшы» деген түсінік жоқ екенін мысалға келтірген балуан жүзуден, атудан, шаңғы тебуден өтетін жарыстарға қатысып жүргенін мінезден деп түсіндіреді.

Жекпе-жек спортынан қазақ елінің атынан шығып, Көк туымызды желбіретіп жүргендердің әрбіріне жанкүйер Гүлжан әлі де спорттың самбо, дзюдо, күрес сынды түрлерін жиі қадағалап отыратынын айтты. Айтпақшы, ол джиу-джитсу аралас жекпе-жегінен де татамиге шығып, 2008 жылы ел чемпионы атанған. Сол жылы Бішкек қаласында өткен Азия біріншілігінде үшінші орын еншілепті. Ал екі жыл бұрын өткен Қарулы Күштер арасында өткен XIII спартакиадада жүзуден бірінші орын алып, әскери полиция қоржынын алтын медальмен толықтырған.

 

Есен ӨТЕУЛІ