Алтын сатып алу тиімді ме?
2026 жылдың 26 қаңтары тарихқа «алтын күн» болып енді. Сауда-саттық барысында сары металдың құны алғаш рет 5,1 мың доллардан асып жығылды. Comex биржасында ақпан айындағы фьючерстер 2,5 пайызға өсіп, 5104,3 доллар көрсеткішке жетті. Bloomberg мәліметінше, жыл басынан бері алтын 17 пайызға қымбаттаған. Бұған АҚШ-тағы саяси тұрақсыздық пен Дональд Трамптың Гренландияға қатысты мәлімдемелері отқа май құйғандай әсер етті. Ал бұл жағдай теңгемен жинақ жасап отырған қазақстандықтар үшін нені білдіреді?
Жалпы Қазақстан нарығында не болып жатыр? Біздің елде алтынға деген көзқарас бұрыннан ерекше. Егер бұрын алтын тек зергерлік бұйым ретінде қарастырылса, қазір нақты инвестициялық құрал болып қарастырылады.
Қазақстан Ұлттық Банкі халыққа алтын құймаларын сату бағдарламасын сәтті жүргізіп келеді. Мәселен, 27 қаңтардағы 999 маркадағы 1 грамм алтын құны 82 164 теңгеден саудаланды. Қазақстанда алтын инвестициялаудың негізгі жолдарына тоқталсақ Ұлттық Банктің алтын құймалары: 5, 10, 20, 50 және 100 грамдық тазартылған алтын құймалары бар. Оларды Halyk, CenterCredit секілді екінші деңгейлі банктерден және айырбастау пункттерінен сатып алуға болады.
Инвестициялық монеталар: «Алтын Барыс» немесе «Көшпенділер» сериясы тек металл құнын ғана емес, коллекциялық құндылықты да сақтайды. Металл шоттары (ОМС): Банкте физикалық алтынды қолға ұстамай-ақ, оның цифрлық баламасын сатып алуға болады. Бұл – сақтау мәселесін ойлағысы келмейтіндер үшін таптырмас құрал. Қазақстанда Ұлттық Банк шығарған алтын құймаларының өтімділігі өте жоғары. Сіз оны кез келген уақытта сол банкке қайта өткізіп, теңгеге айналдыра аласыз. 2026 жылы алтын сатып алу керек пе? Сарапшылардың пікірінше, алтын бұл «жүгіруші» емес, «марафоншы».
Егер сіз бір айда пайда тапқыңыз келсе, алтын сізге арналмаған. Неге алтынды қазір қарастыру керек? Себебі сізді инфляциядан қорғайды. Теңге немесе доллар құнсызданғанда, алтын өз құнын жоғалтпайды.
Екіншіден, ол геосаяси қалқан. Әлемдегі соғыстар мен саяси текетірестер кезінде инвесторлар «тыныш айлақ» ретінде алтынға қашады. Үшіншіден, ол психологиялық сенімділік береді. Сейфте жатқан алтын құймасы кез келген цифрлық активтен сенімдірек көрінеді.Goldman Sachs алтын бойынша болжамын қайта қарады. Инвестициялық банк 2026 жылдың соңына қарай алтынның бір унциясы 5 400 доллар болады деген жаңа болжамын жариялады. Бұған дейін күтілім 4 900 доллар деңгейінде болған. Алайда нарықтағы тұрақты әрі кең ауқымды сұраныс аналитиктерді есептерін жаңартуға мәжбүр етті.
Алтын инвестициясының «плюстері» мен «минустарына» тоқталайық. Оның артықшылықтары сіз нақты активке иесіз, ол банкротқа ұшырамайды. Салық жеңілдіктерін береді. Қазақстанда жеке тұлғалар үшін алтын құймаларын сатып алу және сату кезінде ҚҚС төленбейді. Тұрақтылық сыйлайды. Дағдарыс кезінде басқа акциялар құласа, алтын әдетте өседі. Кемшіліктері сақтау мәселесінде кездеседі. Үйде сақтау қауіпті, ал банктен ұяшық жалдау – қосымша шығын. Дивиденд жоқ. Алтын сізге ай сайын пайыз төлемейді. Пайда тек баға өскенде ғана болады. Алтын жинау үшін мақсатты анықтаңыз. Бұл балалардың оқуына ма, әлде 10 жылдан кейінгі зейнетке ме? Белгілі бір мақсат үшін алу тиімді. Ал қаржыгерлер жинақтың 10-15 пайыздан артығын алтынға салуды ұсынбайды. Қалғанын депозитте немесе акцияда ұстаған жөн.
Құжаттарды сақтаңыз: Алтын сатып алғанда берілетін сертификат пен қаптаманы бүлдірмеңіз. Қаптамасы ашылған немесе сертификаты жоқ алтынды банктер арзанға алады немесе мүлдем алмай қоюы мүмкін. 2026 жылғы рекордтық бағалар – бұл алтынның әлі де «трендте» екенінің дәлелі. Егер сіздің инвестициялық көкжиегіңіз 3-5 жылдан асса, қазіргі бағаның өзінде алтын жинақты сақтаудың ең сенімді жолы болып қала бермек.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА