Әлеумет

Сүндетке отырған балаға сыйлық береді

Сүндеттеуді тек жаз айларында ғана жүзеге асады деп ойласақ қателеседі екенбіз. Яғни, баланы сүндетке жыл он екі айда да отырғызуға болады екен. Ата-бабамыздың игі дәстүрі бойынша қауын-қарбыз піскен шақта 3 жас пен 5 жасқа толған ер баланы мұсылманшылық парызымыз бойынша сүндетке отырғызған. Бірақ бұл заманда дәрігерлер, сүндеттеу орталығы баланың жасы мен мезгілге қарамайды екен. Осыған орай облысымызда сүндеттеу орталықтары көбейген.

Сүндеттеу – пайғамбарлардың амалы. Ізгі амал. Бұл дәстүр X-XI ғасырда еніп, XIV-XV ғасырдан бастап жалпы халықтық дәстүр ретінде танылды. Бүгінде жер-жерде арнайы сүндеттеу орталықтары ашылған. Шетінен креативті, барлығының бір жаңашылдығы бар. Жалпы, баланы неше жастан бастап сүндеттеген жөн? Кімге, қайда апарып мұсылман қылған дұрыс? Қай жыл мезгілінде сүндеттеген дұрыс? Бұл рәсім қалай жасалады деген сұрақпен біз қаламыздағы танымал вип сүндеттеу орталығы «SUNDET medical center» басшысы Қайрат Рахметовқа жолықтық. Кәсіпкер Қайрат Байғанинұлы бұл орталықты 2022 жылы ашқан. Өзі Алматы қаласындағы «Жан мен тән» сауықтыру орталығының бас директоры. Көптеген жобалардың авторы.

Қанша жаста сүндеттеуге болады деген сұраққа этнограф Досымбек Қатранұлы былай деп жауап береді.

Жамбыл ауданы, Аса ауылында да ерекше бастаманы қолдайтын осындай сүндеттеу орталығы бар екен. Орталық иесі Нұрболат Маликов ойын кереуетіне жатқызып, баланы ауыртпай сүндетке отырғызатындықтарын ғана айтып өтті. Неліктен екенін, газетке шығуға қарсымын дегендіктен ол туралы толығырақ жазбадық. Сүндеттеу – ата-ана мен балаға ортақ сынақ. Баланы осындай сынақтан өткізу анаға да оңай тимейді. Баласымен бірге жылап, бірге күлетін аяулы нәзікжандылар мұндай ұлы күндерді баласымен қоса бірге өткереді. Баласының дене сіне пышақ тиетінін ойлаған ана сүндеттеу деген әңгіме басталғанда-ақ өзі сүндеттелетіндей мазасыз күй кешеді. Сондай жаны нәзік жас ананың бірі – Әсел Сапарбекова. Жас ананың өзі де онкологмаммолог дәрігер.Ұлдары Нұрисламның жасы 5-те. Үш күн бұрын сүндеттелген. Білікті неанотолог-хирург Нұртуған Айтуғанұлы сүндеттепті.

Пайдасын айтып болсақ, сүндеттеудің бағасына тоқталайық. Жаз және күз айларында хирург дәрігерлердің қолы жүріп тұрған кез. Өмірдің шындығы, бұрыннан молдаға кестірсең де сый-сияпаты деп мал атап, қолына ақша ұстатып, шапан жапқан. Қазіргідей дамыған заманда сүндеттеудің өзі де жанданып, жылдан жылға өзгеріп отырғанына байланысты сүндеттеудің арнайы прайсы бар. Нақты орталыққа барсаңыз алдыңызға бағасы жазылған қағазды ұсынады. Сөздің тоқетері – баланы сүндетке отырғызу құны 20 мың мен 60 мыңның арасы.

Жансыздандыратын дәрісі бар, анестезиологтың, хирургтың, кәсіпкердің құны бар, жалпы кейде ұсынатын сыйлығы, памперсы, арнайы ішкиімі бар осы 60-70 мың шығады. Кейбір хирург бергеніңді алады. Ал кейбірі нақты бағасын айтады. Өңірімізде сүндеттеу орталықтарынан бөлек ауруханалардағы, емханалардағы белгілі хирург дәрігер де баланы сүндетке отырғыза береді. Бұл атаананың қалауына байланысты. Айтпақшы, сүндеттеу тәсілін әке-шеше өзі таңдайды. Қайшы, не скальпель, не лазермен. Бірақ лазермен кесу 21-ғасырдағы медицинадағы ең үлкен жаңалық екен.

Ер баланың азамат атанғанының алғашқы белгісі де осы – сүндетке отырғызу. Ал түсінген адамға сүндет – пәктіктің, тазалықтың, мұсылмандықтың белгісі. Қазақ сүндетке отырған балаға «Ашамайлы атқа, мұсылмандық таққа мінгені құтты болсын!» деп тілек айтып, сүндет той жасаған. Той төресі – сүндет той көп болсын!

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА