Қазақ тілін үйренуге деген қызығушылық қалай?
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен кезекті брифингте облыстық Тілдерді оқыту орталығының директоры Қуаныш Дәурембеков оқыту орталығының этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді оқыту бағытында атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндады. Баяндама барысында еліміздегі азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі талқыға түсті.
Басқарма тарапынан тіл саясатын іске асырудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында тіл үйрену мүмкіндіктерін ұсыну, мемлекеттік тілге қатысты ынталандыру іс-шараларын үйлестіру бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде екен. 2025 жылы тіл оқыту курстарынан 4671 адам тегін өтсе, оның ішінде қазақ тілі курсына 4135 тыңдаушы, ағылшын тілі курсына 536 адам тартылыпты.
Биылғы жылы да бірнеше маңызды іс-шаралар жоспарлануда екен. Атап айтатын болсақ, қазақтың маңдайына біткен алып тұлға, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай «Ұлы дала абызы» атты поэзия марафоны, яғни жыр оқу сайысы ұйымдастырылады. Бұл шара Жамбыл шығармашылығын насихаттап, жас ұрпақты әдебиетке тартуға бағытталған. Мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттау бойынша оқытушылар арасында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы облыстық байқау, этнос өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты облыстық байқау, «Қазақша тіл үйренейік!» атты жобасы аясында А2 базалық деңгейінде қазақ тілін меңгертуге арналған 20 бейнесабақ «YouTube» каналында жарияланады екен.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА