Мәдениет

Таразда таңды-таңға ұрып қисса айтатын жігіт бар

Креативтілік, жасанды интеллект деп жарыса айтып жатқан мына заманда қаламызда 300-ден аса жыр-термені жатқа айтатын Бекарыс Көштаев деген жігіт тұрады екен. Оның жадында тұтастай жыраулар дәуірі сақталып тұр десек қателеспейміз. Бекарыс Жәнібекұлы облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығында жұмыс істейді. Жыршы боламын деп жүрген жастарға дәріс оқиды. Бұл орталыққа келгеніне бір ай енді толыпты. Жарқыраған жылы жүзді жас жігіт шын мәнінде текті сөздің төресі саналатын терменің 10 күндеп жырланатын түрлерін жатқа айта алады екен.

Көмейіне бұлбұл ұялаған Бекарыстың жасы 26-да. Өз өңіріміздің тумасы. Байзақ ауданы, Тегістік ауылының түлегі. Дарынды домбырашы әрі күйші. Ол П.И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде білім алған.

Халықаралық, республикалық дәрежедегі бірнеше күйшілер байқауының, соның ішінде «Домбыраның қос ішегі» байқауының жүлдегері.

Бекарыстың «Ақбөпе-Сауытбек», «Жамбылдың жоқтауы», «Бауыржанға арнау», «Жамбылдың түсі» сынды жыртермелері әлеуметтік желіде кеңінен насихатталып жүр. Жас термешінің өзімен тілдестік.

Терме ғибратты, өнегелі сөздерден құрылады. Ырғақтық құрылысы жағынан жеті-сегіз буынды жыр үлгісінде айтылады. Ерте замандардан бері келе жатқан термелер бүгінгі күні заманауи үлгіде айтылып жүр. Оны жалғастырушы осы Бекарыс секілді дарындар.

 Эльмира БАЙНАЗАРОВА