Жамбылда не жаңалық?

Жекеменшік мектеп: Жамбылдағы жағдай қалай?

Соңғы уақытта Қазақстандағы білім беру саласында жекеменшік мектептер саны едәуір артты. Бұл үрдіс елдегі халық санының артуымен және демографиялық өсіммен тікелей байланысты. 2018 жылдан бастап мемлекеттік мектептерде орын тапшылығы айқын байқалып, әсіресе ірі қалалар мен қала маңындағы аудандарда мектеп жетіспеушілігі өзекті мәселеге айналды.

Осы жағдайда мемлекет білім беру саласына жеке инвестиция тарту жолын таңдады. Осы мақсатта үкімет жекеменшік мектептерді қолдауға бағытталған қаржыландыру механизмдерін енгізді.

Соның ішінде жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі жеке мектептердің ашылуына елеулі серпін берді. Бұл жүйе арқылы мемлекет жекеменшік мектепте оқитын әрбір балаға белгілі бір көлемде қаржы бөледі. Нәтижесінде кәсіпкерлер білім беру саласына белсенді араласа бастады. Қазіргі таңда еліміздегі жекеменшік мектептердің саны мыңға жуықтап, олар білім беру нарығының маңызды бөлігіне айналды. Жекеменшік мектептердің көбеюі оң нәтижелерге алып келді.

Біріншіден, мемлекеттік мектептердегі сыныптардың шамадан тыс толуын азайтуға мүмкіндік туды. Екіншіден, ата-аналарға білім беру ұйымын таңдауда балама ұсыныстар пайда болды. Үшіншіден, кейбір жекеменшік мектептерде заманауи оқыту әдістері мен инновациялық бағдарламалар енгізіле бастады. Бұл өз кезегінде білім беру сапасын арттыруға ықпал етті. Алайда оң өзгерістермен қатар, бұл салада белгілі бір мәселелер де көрініс табуда. Оқуағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жекеменшік мектептердің қызметінде жүйелі кемшіліктер бар екенін атап өтті. Министрдің мәлімдеуінше, кейбір кәсіпкерлер мектеп ашу кезінде қажетті талаптарды толық сақтамаған.

Атап айтқанда, бастапқыда басқа мақсатта салынған ғимаратт арды мектеп ретінде пайдаланылған жағдайлар анықталған. Мұндай нысандардың қатарында санитарлық және қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін ғимараттар да бар. Бұл жағдайлар қоғамда алаңдаушылық туғызды. Себебі, мектеп ғимараты оқушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ететін, білім алуға қолайлы орта болуы тиіс. Өрт қауіпсіздігі, санитарлық нормалар, оқу кабинеттерінің жабдықталуы және спорт инфрақұрылымы сияқты талаптар сақталмаған жағдайда, білім сапасы ғана емес, балалардың өміріне де қауіп төнуі мүмкін.

Сондай-ақ, қаржы министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, 2023-2024  жылдары 116 адам ел аумағынада 895 жылжымайтын мүлік сатып алған. Олардың барлығы жекеменшік мектептердің жетекшілері мен құрылтайшылары екен. Сонымен қатар 66 адам өз атына 192 қымбат көлік рәсімдеген. Құрылтайшылардың бірі 76 жылжымайтын мүлікті, тағы бірі 69 нысанды сатып алған. Мұндай жағдайлар мемлекет бөлетін қаржының мақсаттары тиімді жұмсалып жатқандығына күмән туғызып отыр.

Осыған байланысты министрлік жекеменшік мектептерге кешенді тексеру жүргізуді жоспарлап отыр. Ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап Бас прокуратура мен жергілікті атқарушы органдар жеке мектептерді тексереді. Тексеру барысында білім беру лицензиялары, материалдық-техникалық базасы, оқу бағдарламалары және кадрлық қамтамасыз етілуі жан-жақты қаралады. Бұл шаралар жекеменшік мектептердің қызметін тоқтату мақсатында емес, керісінше олардың қызметін заң талаптарына сәйке стендіруге және саладағы тәртіпті күшейтуге бағытталған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында соңғы кезде жекеменшік мектептерді қаржыландыру тәсіліне қатысты шағымдар жиі келіп түсетіні туралы айтты. Сондай-ақ Президент: «Білім саласын мемлекет тарапынан қаржыландырудың қазіргі тәртібі бұрмаланған. Бұл олқылықты уақыт оздырмай түзету қажет. Жекеменшік мектептерге жүргізілген аудит нәтижесінде заңсыз және негізсіз шығындарға байланысты құқық бұзушылықтар анықталды. Бұл түйткіл жан басына сәйкес қаржыландыру жүйесінің осалдығынан туындап отыр», – деді.

Жекеменшік мектептердің қызметі бірнеше қаржыландыру көздеріне негізделеді. Олардың негізгі табысы мемлекет тарапынан бөлінетін субсидиялар мен оқушылардың ата-аналары төлейтін оқу ақысы есебінен қалыптасады. Үкімет ұсынатын субсидиялар білім беру сапасын қамтамасыз етуге, оқу процесін ұйымдастыруға және мектептің тұрақты жұмыс істеуіне қолдау көрсетсе, ата-аналардан алынатын қаражат оқу ортасын дамытуға, материалдық-техникалық базаны жақсартуға, сондай-ақ қосымша білім беру қызметтерін ұсынуға бағытталады. Жоғарыда 2019 жылдан бастап жекеменшік мектептер әр оқушыға мемлекеттен қаржылай қолдау ала бастағанын айтып өттік. Осыдан кейін елдегі инвесторлардың мектеп ашуға қызығушылығы күрт өскен. Үкімет лицензиясы бар жекеменшік мектепке баратын әр оқушыға жылына 500 мың мен 700 мың теңге аралығында төлейді. Мемлекеттік қаржыландыру оқушының қай сыныпта оқитынына байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, бастауыш сынып оқушысына аздау, ал оқушы сыныбын ауыстырып, жасы өскен сайын мемлекет қолдау да артып отырады. Осылайша елімізде жекеменшік мектептердің көбеюіне мемлекеттік қаржыландыруы түрткі болған.

Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда Жамбыл облысында 531 орта білім беру ұйымы жұмыс істеп тұрса, оның 73-і жекеменшік мектеп. Онда 17 119 оқушы білім алуда. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері арқылы жекеменшік мектептерді қаржыландыру жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 2025 жылдың қыркүйек–желтоқсан айлары аралығында жекеменшік мектептерге 4,1 миллиард теңге көлемінде төлемдер жүргізілді. Бұл қаржы оқыту сапасын қамтамасыз етуге, педагогтердің еңбекақысын төлеуге және білім беру ұйымдарының тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік берді. Алдағы кезеңде жекеменшік мектептерді қолдау шаралары жалғасын тауып, 2026 жылға жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 57 жекеменшік мектепті қаржыландыруға 12,5 миллиард теңге қарастырылған.

Қазіргі таңда ата-аналардың арасында баласын мемлекеттік мектепке беру мен жекеменшік мектепті таңдауға қатысты көзқарастар әртүрлі. Осыған байланысты ата-аналар екі түрлі ұстанымға бөлініп отыр. Мемлекеттік мектепті дұрыс көретін ата-аналардың бір бөлігі жекеменшік мектептерде оқу ақысы төленгендіктен, мұғалімдер оқушыларға шынайы баға қоймайды, білім сапасы жеткілікті деңгейде болмайды деп санайды. Олардың пікірінше, мемлекеттік мектептерде талап қатаң, бағалау әділ әрі білім беру жүйесі тексерілген. Ал жекеменшік мектепті қолдайтын ата-аналар үшін баланың жайлы ортада, сапалы жағдайда білім алуы маңызды. Олар мұндай мектептерде сыныптағы оқушы саны аз болғандықтан, әр балаға жеке көңіл бөлінетінін, оқу процесі тиімді ұйымдастырылатынын алға тартады. Сонымен қатар ата-аналар оқу ақысы төленетіндіктен, мектептен нақты талап етіп, білім сапасына, тәрбие мен қауіпсіздікке көбірек әсер ете алатынын артықшылық ретінде көреді.

Елімізде балабақшалар мен мектептердегі орын тапшылығы жекеменшік білім беру ұйымдарының көбеюіне әкелді. Дегенмен бұл үдеріс сападан бұрын санды қуалауға ұласып бара жатқандай әсер қалдырады. Бүгінге дейін мейрамхана, дүкен немесе жеке тұрғын үй ретінде пайдаланылған ғимараттардың ертеңіне балабақша не жекеменшік мектеп ретінде жұмыс істеп кетуі алаңдатпай қоймайды. Өкінішке қарай, кейбір кәсіпкерлер қомақты қаржыға ғимарат жалдап, ең алдымен пайда табуды көздейді де, бала қауіпсіздігі мен білім сапасын екінші орынға ысырып қояды. Нәтижесінде бала тағдырына тікелей әсер ететін білім беру саласы бизнеске ғана айналып, өзінің негізгі миссиясынан алыстай бастайды. Сондықтан жекеменшік балабақшалар мен мектептерге қойылатын талаптарды күшейту – уақыт талабы. Олардың лицензиялануы, тіркелуі, материалдықтехникалық базасы мен қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі қатаң бақылауда болуы тиіс. Мектепке немесе балабақшаға инвестиция салу – бұл тек табыс көзі емес, ең алдымен балаға сапалы білім беруге, оның өмірі мен қауіпсіздігіне кепілдік беретін жауапты міндет. Бала болашағына салынған әрбір инвестиция немқұрайлылықты емес, жоғары жауапкершілікті талап етеді.

Мемлекеттік мектепте де, жекеменшік мектепте де жұмыс істеген Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі, педагог шебер Кадиша Дербисалиева: «Мемлекеттік және жекеменшік мектепте жұмыс істеген мұғалім ретінде екі жүйенің де өзіндік артықшылықтары бар екенін байқадым. Ақылы мектептердің басты ерекшелігі – сыныптағы бала санының аздығы. Бұл мұғалімге әр оқушыға жеке көңіл бөліп, қабілетін дамытуға мүмкіндік береді. Жекеменшік мектептерде, әсіресе математика пәнінде, баланың логикалық ойлауын дамытуға басымдық беріледі. Мемлекеттік бағдарламадан бөлек, авторлық оқулықтар қолданылып, оқушылар тереңдетілген тапсырмалармен дайындалады. Алайда мұндай бағдарлама математикаға бейімі төмен балалар үшін қиындық тудыруы мүмкін. Мемлекеттік мектептер де осал емес. Соңғы жылдары оқу бағдарламалары жаңарып, мұғалімнің кәсіби дамуына жол ашылды. Қай мектеп болсын, ең бастысы – баланың сапалы білім алуы мен жанжақты дамуы», – дейді.

Жекеменшік мектептердің көбеюі, мемлекеттік мектептердің жүктемесін азайтып отырғаны рас. Сонымен қатар білім ордаларының арасындағы бәсекелестік туғызып, білім сапасының артуына да ықпал етіп отыр. Мамандардың айтуынша, жекеменшік мектепке сұраныстың артуы халықтың әл-ауқатының жақсаруымен де тығыз байланысты. Себебі, ақылы мектепке ата-аналар белгілі бір талаптармен барады. Мемлекеттік мектепке қоя алмаған талаптарын, қызмет беруші ретінде жекеменшік мектептерден талап ете алады және өздерінің сұраныстарын жүзеге асыратын мектептерге олар қосымша ақысын төлеуге дайын. Жекеменшік мектептердің дамуы Қазақстанның білім беру жүйесі үшін маңызды әрі қажетті құбылыс болып табылады. Бұл мектептер жаңа әдістемелерді енгізу, заманауи оқу бағдарламаларын қолдану, сондай-ақ әр оқушыға жеке көңіл бөлу мүмкіндігі арқылы білім сапасын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар олар білім беру саласындағы бәсекелестікті күшейтіп, мемлекеттік мектептерді де өз жұмысын жетілдіруге ынталандырады. Мемлекет осы мектептерді қаржыландырып отырғандықтан, олардың қызметі де қатаң бақылауда болуға тиіс. Өйткені жекеменшік мектептердің тиімді жұмыс істеуі тек олардың санының өсуіне ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік бақылау мен сапаға қойылатын нақты талаптарға тәуелді. Мектептердің оқу бағдарламасының сапасы, мұғалімдердің біліктілігі, материалдықтехникалық базасы және тәрбие жұмысы сияқты аспектілер үнемі қадағаланып отыруы тиіс. Бұл қадағалау білім беру процесінің әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз етіп, ата-аналардың сенімін арттырады. Тек осындай үйлесімді саясат – жекеменшік мектептердің дамуын ынталандырып, олардың әлеуетін толық жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, жекеменшік мектептер елдің білім беру жүйесінің сапасын арттыруға, жаңа идеялар мен инновациялық тәсілдерді енгізуге және қоғамдағы білім беру мәдениетін нығайтуға нақты үлес қосады.

Арна ЖҰМАТАЙ