Аудан әкімдері бар кінәні ауа райына жауып отыра бере ме?
Қайбір күні аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде біраз аудандардың әкімдері сынның астында қалды. Өткен жылды қорытындылаған сол жиында облыс әкімі жұмысы нашар басшыларға «қолдарыңыздан келмесе орындарыңызды босатыңыздар» дегенге дейін барып, Мойынқұм, Т.Рысқұлов және Қордай аудандары әкімдері мен кейбір салаларға жауапты орынбасарларына тәртіптік шара қабылдауды тапсырған еді. Үш ауданның әкімі не бүлдірді? Қай жерден сүрінді? Қандай кемшіліктерге жол берді? Үлкен жиында не деп ақталды?
Облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның сөзінше, аймақ экономикасында өткен жылы 8,9 пайыз өсім байқалғанымен, облыстың ауыл шаруашылығы мен сауда салаларында міндетті межелерге қол жеткізілмеген. Атап айтқанда, асыраушы сала өнімділігі Т.Рысқұлов ауданында – 35,9, Мойынқұм – 7,5, Қордай – 3,5, Талас ауданында 0,7 пайызға орындалмай, облыс республикалық көрсеткіште оныншы орынға тұрақтаған.
Мәселен, Т.Рысқұлов ауданында 2024 жылы 105,3 мың гектар алқапқа масақты дәнді дақыл егіліп, 186,4 мың тонна өнім алынса, өткен жылы 100,7 мың гектар алқаптан 90,6 мың тонна өнім алынған. Бұл мәселенің мәнісін аудан басшысы Ернар Есіркепов ауа райының қолайсыздығымен түсіндірді.
Қордай ауданы әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев та ауыл шаруашылығы ахуалын қуаңшылықпен байланыстырды.
Дегенмен аудандағы ең өзекті мәселе бұл емес. Облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, ауданда 71,1 миллиард теңге инвестиция тарту жоспары орындалмай, саладағы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 27 пайызға төмендеген.
Ал құрылыс саласында Мойынқұм ауданынан басқа барлық аудандарда құрылыс жұмыстарының көлемі өскен. Бұл бағытта аймақта 392,8 миллиард теңгеге жұмыст ар жүргізіліп, облыс республика өңірлері арасында 13-орынға тұрақтаған. Өткен жылдың қаңтарақпан айларында 29,9 миллион теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жоспардың 48,4 пайызға орындалғанын атап өткен Мойынқұм ауданы әкімі Ермек Карентаев биылғы жылдың бірінші тоқсанымен оң нәтижелерге қол жеткізілетініне сендірді. Ақталудан басқа амалы қалмаған аудан әкімдерінің бұл айтқандары алдағы уақытта шынында орындала ма, жоқ па, сондай-ақ кемшілік жіберген аудан әкімдері, басқа да басшылар жазаға тартыла ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Біз бұл мәселені қадағалап отырамыз.
Нұрболат АМАНБЕК