Амангелдіге тағы бір кен орны қосылды
Еліміздің Энергетика министрлігінің Жол картасы бойынша Барханды кен орнын іске қосу үшін 30 шақырым газ құбырымен газ жинау және дайындау қондырғысын құруға мердігер мекемемен келісімшарт жасалып, 2025 жылдың төртінші тоқсанында іске қосу жоспарланған болатын.
Қазіргі уақытта берілген уәде орындалып, өткен жылдың аяғында Барханды кен орны Амангелді газ конденсатты кен орнына қосылып пайдалануға берілді. Барханды кен орнындағы №Б-5 ұңғы қытайдың ZJ-50 бұрғылау қондырғысымен БК «Великая стена» компаниясының қызылордалық бұрғышыларымен 2021-2022 жылы бұрғыланып, уақытша консервацияға қойылған болатын.
Ұңғыны бұрғылау тереңдігі 2636 метр, өнімділігі тәулігіне 73 мың текше метр. Ұңғыны бұрғылау кезінде 30 шақырымдық газ құбыры және электр тогын тасымалдау жүйесін бітірген соң №Б-5 консервациядан шығарылып, 26 желтоқсанда іске қосылды. Ал №Б-6, Анабай-17, 18, 19, 20, 21-ОЦ ұңғыларын қытайдың ZJ40L бұрғылау қондырғысымен БК «Великая стена» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызылордалық бұрғышыларымен бұрғыланды. Барханды №Б-6 ұңғысын бұрғылау тереңдігі – 2704 метр. Қазіргі уақытта ұңғы игерілуде. Ұңғыларды бұрғылау кезінде 5-7 қытайлықтар кен орнында бақылау жұмыстарын жүргізген.
Жақын аралықта №Б-6 ұңғы да іске қосылады. Анабай кен орнындағы №17, 18, 19, 20, 21-ОЦ ұңғыларын бұрғылау тереңдігі 2350-2400 метр. Амангелді кен орнындағы №142, 143, 144 ұңғыларын «Мұнай Сервис ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серікте стігінің бұрғышылары бұрғылады.
Юлдашбай ДӘРІБАЕВ
доцент, РhD докторы