Саясат

«Жаңа Конституция жобасы еңбек адамдарының тілегімен үндеседі» – Кәсіподақтар федерациясының төрағасы

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Конституциялық комиссияның 10-отырысында жаңа Ата Заң жобасы әу бастан-ақ оның қоғамға және әрбір азаматтың өміріне ұзақ мерзімді әсері ескеріле отырып әзірленгенін алға тартты, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

Оның айтуынша, кәсіподақтар үшін бұл үдерістің ашықтығын қамтамасыз ету, талқылауға жұмыс істейтін халықты тұтастай тартудың маңызы ерекше.

Өңірлерде және еңбек ұжымдарында өткен талқылаулар барысында адал еңбек етіп жүрген адамдардың күнделікті өміріне тікелей қатысты мәселелер көтерілген.

Өз сөзінде ол әлеуметтік мемлекет қағидатына және адамның ең жоғары құндылық ретінде бекітілуіне де назар аударды. Кәсіподақтар федерациясы төрағасының пікірінше, бұл – мемлекеттік шешімдер үшін негізгі бағдар.

Еңбек құқықтары туралы айта келе, Сатыбалды Дәулеталин экономикалық және технологиялық өзгерістер кезеңінде жұмыспен қамту саласына және еңбек жағдайларына мемлекет жауапкершілігінің сапалық тұрғыдан өзгергеніне тоқталды.

Сөз соңында Сатыбалды Дәулеталин ауызбіршілік пен қоғамның бір кісідей атсалысуы тұрақты дамудың негізгі тетігі екенін тағы еске салды. Сондай-ақ, Конституциялық комиссия мүшелеріне ашық әрі мазмұнды диалог үшін алғыс айтты.