Қарапайым адамның мүддесіне арналған
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы, Конституциялық комиссияның мүшесі Сатыбалды Дәулеталиннің жетекшілігімен Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасын талқылау бойынша кездесу өтті. Іс-шараға ҚРКФ қызметкерлері мен Қазақстанның барлық өңірлеріндегі Аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің басшылары мен өкілдері қатысты.
Іс-шараны аша отырып, ҚРКФ Төрағасы елде жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның тарихи маңыздылығын атап өтті.
Конституция жобасының негізгі ережелерін ҚРКФ Төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев таныстырды. Ол жобада көрініс тапқан биліктің саяси, халықаралық құқықтағы, цифрлық дәуірдегі құқықтар мен отбасылық құндылықтардағы өзгерістерге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, соның ішінде еңбек ету құқығы мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталып өтті.
Талқылау кезінде өңірлердегі әріптестер Негізгі заңның ұсынылған баптары туралы ойларын айтып, сұрақтарын қойды. Астана қаласы Кәсіподақ орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов Конституция жобасын талқылаудың ашық жүріп жатқанына тоқталды.
Алматы қаласы Кәсіподақ орт алығының төрайымы Зәуреш Өмірбаева, Шымкент қаласы Кәсіподақ орталығының төрағасы Бауыржан Әлтеев және Қызылорда облысы Кәсіподақ орт алығының төрағасы Мақсұт Нәлібаев бұл реформалардың ел болашағы үшін маңызы зор екенін айтты.
Қостанай облысы Кәсіподақ орт алығының төрайымы Ирина Аронова заң шығару бастамасына кімдер ие болатынын сұрады. Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіподақ орталығының төрағасы Ерік Нұрақаев әлеуметтік серіктестердің бірлесіп жұмыс істеу мәселесін көтерді. Сұрақтарға жауап бере отырып, ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жобаның ең маңызды тұстарын атап өтті.
Заң шығару бастамасына тоқталған Сатыбалды Дәулеталин, енді бұл құқыққа Президент, Үкімет және Парламенттен бөлек, төртінші субъект – Халық Кеңесі ие болатынын айтты.
Жалпы, Сатыбалды Дәулеталин Ата Заңның кез келген мемлекет үшін қасиетті «Тәуелсіздік» пен «Егемендік» ұғымдарын нығайтатынын айтты. Конституцияның кіріспесінде алғаш рет Қазақстан халқының Ұлы Дала өркениетінің мұрагері және бес мың жылдық мемлекеттілік тарихының жалғастырушысы екені нақты жазылған. Жиын соңында Сатыбалды Дәулеталин әр азаматты Конституция жобасымен мұқият танысуға шақырды және кәсіподақ басшыларына бұл жұмысты еңбек ұжымдарында белсенді жүргізуді тапсырды.
«Конституция қабылданған күннен емес, адамдар сол заңмен өмір сүрген күннен бастап жұмыс істейді. Бұл – ең қиын кезең. Негізгі заңның еңбек адамы үшін шынайы қорған болатыны немесе жай ғана қағаз болып қалатыны осыған байланысты. Конституция әркімге қатысты, сондықтан бейжай қалуға болмайды. Реформалар сәтті болуы үшін әрқайсымыз оның мәнін түсінуіміз керек», – деп түйіндеді ҚРКФ Төрағасы.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы