Мәңгілік елдің ұраны – мызғымас бірлік
Мәңгілік елдің ұраны – мызғымас бірлік
Барлық жанға ортақ болсын нұрлы күн, Ынтымақтың шертсем деймін бір жырын. Татулығын жырға қосам ұлттардың, Мақтан қылып ұлыстардың бірлігін, – деп ақындар жырлағандай татулық пен бірліктен асқан құндылық жоқ. Дәл қазір біздің кең-байтақ Отанымыз осынау баға жетпес байлығымен мақтана алады. Шүкір, елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыстардың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп, алаңсыз білім алуда. Егемен еліміздің гүлденуі жолында еңбек етуде. Мұның бәрі де Елбасымыз жүргізіп отырған сарабдал саясаттың жемісі. Мемлекет басшысының тікелей ықпалымен өмірге келген Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде татулықтың талбесігіне ғана емес, әлеуметтік-экономикалық дамуымыздың темірқазығына айналды. Бұл әлемде теңдесі жоқ құрылымның жиырма жылдағы жарқын жеңісі һәм жемісі. Сондықтан да болар Президент Жарлығымен биылғы жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жарияланды. Бұл қадамның өзі Елбасының көрегенділігі мен парасаттылығын тағы бір мәрте таныта түсті.
Кеше еліміз бойынша Ассамблея жылының бастау алуына орай бір мезгілде синхрон-акция ұйымдастырылды. Салтанатты шара біздің облысымызда да жоғары деңгейде өтті. Бұл күні ауа райы да айрықша мейірімін төкті.
Таңертеңмен өңіріміздегі әртүрлі этностың өкілдері мен белсенді жастар тобы Тұңғыш Президент саябағына қарай ағылды. Саябаққа жиналған жұртшылық «Бір ел – бір тағдыр», «Біз біргеміз, ажырамас іргеміз» деген секілді татулыққа үндейтін көрнекіліктерді көтеріп, ынтымақтың ұйытқысы – достықты ұран етіп Төле би көшесінің бойымен «Баласағұн» орталық концерт залы ғимаратының алдына дейін жүріп келді. Жәй ғана жүріп келген жоқ, мерекелік көңіл-күймен атой салып, қала тұрғындарын әрқашан бірлікті сақтауға шақырды. Олар «Баласағұн» орталық концерт залының алаңшасына жиналған жұртшылықтың көңіліне «Жастар қоғамдық келісімді қолдайды» атты флеш-моб арқылы серпін сыйлай білді. Шара әскерилердің үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен өрбіп отырды. Бұдан кейін, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, қоғам қайраткері Александр Савченко, облыстық неміс этномәдени орталығының жетекшісі Александр Гибнер, сондай-ақ, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаровтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының туын көтеру рәсімі өтті.
Бұл салтанат сәтінде жастар әртүрлі ұлттың белгісі ретінде түрлі-түсті шарларды әуеге қалықтатты. Ашық аспанда көздің жауын аларлықтай болып қаз-қатар әуелеп бара жатқан шарлармен бірге құдды бір еліміздегі ұлыстар арасындағы татулыққа негіз болған достық ұғымы да зеңгір көкке биіктеп, самғап бара жатқандай әсер қалдырды.
Осыдан соң, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев құрметті қонақтармен бірге халықтық сәндік-қолданбалы қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесімен танысты. Онда өңіріміздегі әртүрлі этнос өкілдерінің қолынан шыққан көркем дүниелері қойылған болатын. Елімізге белгілі суретшілер мен өңіріміздегі әуесқой қолөнершілердің шығармалары көрушілерді баурап алып, қызығушылықтарын оятты. Әсіресе, украин ұлтының өкілі Любовь Клименконың әсемдік үшін жасалған сән бұйымдары көптің көңілінен шықты. «Қолөнерге бала кезімнен қызығып, әуестеніп өстім. Сөйтіп, бос уақытымда қолымнан келетін, елдің қажетіне жарайтын әшекей бұйымдарының әртүрлі үлгілерін жасап көруге бел будым. Нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар. Қазір маған жеке тапсырыс беріп, сатып алам дейтіндер де жиі хабарласып жатады. Қазақстанның табиғаты керемет қой. Шабытымды осы өлкеміздегі керім дала, асқақ таулар, сыңғырлаған бұлақтар оятып отырады. Осы жылғы еңбектерімді достықты ту еткен мерейтойға арнадым. Бұл бүкіл қазақстандықтардың атсалысар мерекесі деп білемін», – дейді Любовь Клименко. Сондай-ақ, өзін орыс ұлтының өкілімін деп таныстырған Галина Корелевская тоқыма бұйымдарының ғажап түрлерін қонақтар назарына ұсыныпты. Ол тоқымамен бір өзі ғана емес, қызы екеуі де айналысатынын жеткізді. Оның ендігі ниеті қазақша құрақтарды, қошқар мүйіз оюлы тоқыма өрнектерін өрумен айналысуды үйрену екен. Бізге зейнет жасындағы Галина апайдың бейнесі ұл-қызына түбіттен шұлық, бешпет тоқып отыратын қазақ әжелерін елестетті. Осындай көрмедегі ұлттар арасындағы берік байланысты айшықтайтын қызықты да көркем дүниелерді тамашалаған тараздықтар бір марқайып қалысты. Мерекелік шаралар легі мұнан ары салтанатты синхрон-акциямен жалғасты. Бұл күні орталық концерт залының кең сарайында ине шаншыр орын болған жоқ. Сахна мерекеге сай көркем безендірілген. Татулықты ту етіп келген тұрғындардың назарына ең әуелі театрландырылған қойылым ұсынылды. Тәлім- тағылымы мол қойылым ақ жаулықты ана мен бала арасындағы өнегелі өсиет арқылы өрбиді. Бесіктегі бала тәй-тәй басып, ер жетеді. Ат жалын тартып мінген азамат болып қалыптасады. Осы уақыт аралығын қамти отырып, анасы оның құлағына үнемі ұлан- ғайыр жердің ұлағаты, кең пейіл қазақ елінің мейірбандығы туралы құйып отырады. Қысқа да нұсқа көріністе Қазақ хандығының 550, Ұлы Жеңістің 70, Конституция мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы туралы мәліметтер молынан қамтылады. Әсіресе, қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының, шығыстың қос шынары Әлия мен Мәншүктің, белгісіз сарбаздың майдан даласынан жазған хаттары оқылғанда жұртшылық тебіреніп кетті. Сұрапыл жылдарда елімізге қоныс аударған әртүрлі ұлттардың тарихы мен бүгінгі бақытты ғұмыры да келісті көрініс тапты. Сәби күнінен анасының тәрбиесімен қанаттанған бала жиырма жасқа толған шағында «Анашым, біз тәуелсіздігімізді ең басты байлығымыз деп санасақ, ұлттар мен ұлыстардың достығы мен Елбасының сындарлы саясатының арқасында біз әлемдегі ең ірі мемлекеттің біріне айналамыз. Біз, тәуелсіз елдің жастары татулық пен бірлікті қалаймыз!» дейді жігермен. Қойылым соңы анасының «Еліміз аман, ұлттар мен ұлыстар достығы мәңгілік болсын! Бірлігіміз бен ынтымағымыз жасасын!» деп тілеп, баласының маңдайынан сүюімен аяқталады. Осы сәтте зал ішін шапалақ үні жаңғыртып жіберді. Бұл ынтымағы жарасқан халықтың ыстық ықыласы еді. Мұнан соң жиылған жұртшылықты Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылуымен құттықтау үшін облыс әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Кәрім Көкірекбаев мінбеге көтерілді. – Қадірменді қауым! Қымбатты жерлестер! «Тату елге тыныштық орнайды, бейбіт елде ғана береке болады» дегендей, еліміз тәуелсіздік алып, татулық пен тұрақтылықтың арқасында өркениетті елге айналдық. Елдігімізді еселеп, мызғымас мемлекетімізді бекемдей түстік. Мерейіміз көтеріліп, дүниежүзіне белгілі болдық. Бүгінде әлем тәуелсіз Қазақстанды бейбітшілік пен келісімнің құтты мекені деп біледі. Ал қасиетті Әулиеата өңірі – қашанда достық пен ынтымақтың, өзара келісімнің ордасы болған жер. Мұнда татулығы жарасқан, бірлігі ұласқан сексеннен астам этнос өкілдері өңірдің қарқынды даму жолында аянбай еңбек етуде. Осының бәрі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының жемісі деп білеміз. Осыдан жиырма жыл бұрын Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен елімізде жаһанда теңдесі жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бүгінде ұлан-ғайыр іс атқарған ақ пейіл Ассамблея татулық пен келісімнің темірқазығына айналды. Сондықтан да биылғы жыл Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияланды. Бүгін бір мезгілде Ұлы Қазақ даласында Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының туы көтерілді. Бұл ту – осы бірлік пен берекенің туы. Бұл ту – әлем назарын өзіне аударған Қазақстанның бейбітшілік туы. Бұл ту – елдің жасампаз болашағын тереңнен ойлаған көп ұлтты халқымыздың жүрекжарды ақ тілегінің туы, – дей келе облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мерекелі жылдың басталуына орай жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Кәрім Нәсбекұлы өзінің құттықтау сөзін: – Ассамблея жылы – халқымыздың ынтымағы мен бірлігін паш ететін жыл. Сондықтан жамбылдықтар «Менің елім – Мәңгілік ел» идеясы аясында ел келешегі үшін аянбай еңбек ететініне сенімдімін. Өйткені, біздің Отанымыз – ортақ, тілегіміз – бір, мақсатымыз – жалғыз. Бұл – жері гүлденген, елі түрленген, дамуы жедел, ұрпағы кемел мәңгілік Қазақстан. Баршаңызды Ассамблея жылының басталуымен құттықтаймын. Еліміз жарқырап, жайнай берсін, ағайын! – ақжарма тілектермен түйіндеді. Синхрон-акция мұнан соң концерттік бағдарламаға ұласты. Оның аясында түрлі этностың билері биленіп, патриоттық рухтағы әндер шырқалды. Шара Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «Томирис» тобының орындауындағы «Ұлттар достығы» биімен өз мәресіне жетті. Салтанатты шарадан шыққан соң оған қатысушылармен тілдесіп, ой-пікірлерімен бөлістік. Александр САВЧЕНКО, қоғам қайраткері: – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы әлеуметтік-экономикалық дамудың алтын діңгегіне айналып отыр. Қандай инвестор болмасын, тұрақтылық орныққан жерге қаржы құяды. Міне, біздің еліміз бүгінде осылайша өсіп, өркендеу үстінде. Оған қуанамыз. Еліміздің бүгінгі аяқалысы төрткүл дүниені таңғалдыруда. Лайым, бірлігімізге сызат түспей, татулықтың туын көкке көтере берейік! Қазақстан халқы Ассамблеясы жылында да елімізде мол жақсылық болсын! Әбдікәрім СУЛЕЙМАНОВ, «Барбанг» күрді этномәдени орталығы ардагерлер кеңесінің төрағасы: – Өз басым бүгінгі синхрон-акциядан керемет әсер алдым. Ауа райы да тамаша, ел-жұрттың да көңілі көтеріңкі. Бір ғана біздің облысымызда қаншама ұлт пен ұлыстың өкілі тұрады. Бәрі де бір үйдің баласындай тату-тәтті. Біз өте қуаныштымыз. Бұл орайда ең бірінші Елбасына ризамыз. Қазақстан халқы Ассамблеясы – тікелей Мемлекет басшысының идеясы мен қажырлы еңбегі. Біздің Президентіміз қиын-қыстау уақытта көп ұлтты халқымызға күш берді. Ертең жарқын күндердің келетініне сендірді. Сол сөзінде тұрды. Елдің еңсесі көтерілді. Тұрмысы түзелді. Осындай мамыражай уақытта міне, дүбірлі мерекені тойлаудамыз. Лайым, қуанышты күндеріміз таусылмасын! Қасым МҰСАҰЛЫ, зейнеткер, «Ахыска» түрік этномәдени орталығының мүшесі: – Мен Жамбыл ауданына қарасты Айша бибі ауылынан келіп тұрмын. Шынымды айтсам, бүгін жасыма жас қосылды. Өте қуанышты күн бүгін. Өз өмір жолымда халықпен жақын болдым. Әр ұлттан достарым, таныстарым, құдаларым бар. Балаларымды өз Отанының патриоты етіп тәрбиеледім. Әскерге барды. Отбасымызда тек қана қазақ тілінде сөйлейміз. Немерелерім оқу озаттары. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген сөз рас. Аллаға шүкір, еліміз өркендеп келе жатыр. Елбасына рахмет. Мемлекетіміз гүлденіп, көркейе берсін!
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.