Жаңалықтар

Меркіліктер маңызды іске қолдау білдірді

Елдік мәселелерде көпшілік пікірі маңызды. Қазіргі таңда Конституцияға енгізілген өзгерістер туралы жоба талқыға түсіп жатқаны белгілі. Танымал тұлғалармен қатар қарапайым тұрғындар, еңбек ардагерлері де өз ұсыныстарын айтып жатыр. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Меркі ауданына жұмыс сапарымен барып, ондағы зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Басқосуда аймақ басшысы Конституциялық комиссия құрылып, оның құрамына белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері, руханият, зиялы қауым, саяси партиялар мен саяси ұйым мүшелерінен құралған 130 адам кіргенін, осы уақытқа дейін комиссияның бірнеше отырысы өткенін тілге тиек етті. Облыс әкімі айтып өткендей, бастапқыда жаңа түзетулер Ата Заңның 40 бабына енгізілу қажет болғанымен, алайда бұл 77 бапты қамтып, 84 пайызды құраған. Жалпы өзгерістер ауқымы кең болғандықтан, құжат жаңа Конституция ретінде әзірленіп, қоғам талқысына ұсынылып отыр. Жаңа редакциядағы Конституция 11 бөлім мен 95 баптан тұрады.

Жиында ақын Шырын Мамасерікова жаңа Конституция жобасы өзінің көңілінен шыққанын, бұл қоғамның сұранысы мен заман талабынан туындағанын айта келе, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын қолдайтынын білдірді.

Өз сөзінде облыс әкімі әлеуметтік желілерде жалған ақпараттар желдей есіп жатқанын, оған жаңа Конституциялық жобаны оқымаған адам сеніп қалатынын сөз етіп, бұл ретте халыққа шынайы, ақпаратты жеткізудің маңызы айрықша екенін атап өтті. Жиынды қорытындылаған Ербол Шырақпайұлы жаңа Конституциялық жоба бойынша Ата Заңға өзгеріс тек қана референдум арқылы енгізілетінін айтып, халық бұл бастамаға жоғары жауапкершілікпен қарап, жұртшылықты алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды.

 

Есет ДОСАЛЫ