Отан қорғау – әр азаматқа парыз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында ел қауіпсіздігінің тірегі саналатын әскери саланың өзекті мәселелеріне арнайы тоқталып, қоғам назарын алаңдатқан түйткілдерге ашық әрі салмақты баға бергені белгілі. Президент ең әуелі кейінгі жылдары жұртшылықты толғандырған сарбаздардың қаза табуы мен түрлі жарақат алу оқиғаларына айрықша назар аударып, әскери қызметтің беделін көтеру тек ұранмен емес, нақты іспен жүзеге асуға тиіс екенін, сарбаздың әлеуметтік жағдайы, құқықтық қорғалуы мен адами қадір-қасиеті толық сақталғанда ғана әскерге деген сенім нығаятынын жеткізді.
Бейбіт заманда әлімжеттік секілді теріс үрдіс болмауға тиіс екенін тілге тиек еткен Мемлекет басшысы қорғаныс саласына жауапты мекеменің басшылығын тәрбие жұмысын дұрыс қадағаламай отырғаны үшін сынға алғанын да айтты. Сондайақ ол әскерде бұзақылыққа, рушылдыққа, жершілдікке орын жоқ екенін, ондай жайттарға жол берілмейтінін жеткізді. Ал тексеру жұмыстары әскердегі тәртіп қатаң сақталатынын көрсеткенін, танымалдыққа ұмтылған кейбір блогерлер әскердегі шынайы ахуалға мүлдем жанаспайтын сөз таратып жүргенін де жасырмады.
Президент армияны сарбаздар күн сайын дерлік қылмыскерлердің құрбанына айналып, қаза табатын жер ретінде көрсеткісі келетіндерді сынға алды.
Былтырғы әскери шеру армиямыздың заманауи қару-жарақпен және техникамен, соның ішінде өз елімізде жасалған өнімдермен толық жабдықталғанын, сондайақ әскери қызметшілеріміздің дайындығы жоғары деңгейде екенін айқын көрсеткенін жеткізді.
Әскери саланың беделін көтеру туралы пікірге ой қосқан ол 2025 жылы әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау жүйесінде орын алған өзгерістер шын мәнінде айқын көрініс тапқанын айтады. Сөзінше, офицерлердің де, қатардағы жауынгерлер мен сер-жанттық құрамның да лауазымдық жалақыларын көтеру – жай ғана санның артуы емес, олардың мойнына артылған жауапкершіліктің мемлекет тарапынан мойындалуы. Сондайақ ол далалық қызмет үшін төлемдердің қалпына келтірілуі де айрықша маңызды болғанын, өйткені далалық жағдайда, оқу-жаттығуда және теңіз жорықтарында қызмет өткеру әскери еңбектің ең күрделі формасы екенін еске салды. «Дегенмен армия дегеніміз – тек материалдық ынталандырудан тұрмайтыны белгілі. Ол ең біріншіден сарбазды тәрбиелейді.
Мінезді, тәртіпті, парыз бен жауапкершілік сезімдерін қалыптастырады. Бұл жерде командирдің орны ерекше. Ол сөзбен тәрбиелеп қана қоймай, іспен де үлгі болуға тиіс. Сарбаз командирдің өз қызметіне, қарамағындағы ұжымға, қиындықтарға қалай қарайтынын көреді. Сол себепті де Президенттің армиядағы адам капиталының маңызы туралы сөзі әскери ортада қызу қолдау тапты», – дейді ол.
Сонымен қатар А.Төлембаева әскери қызметшілер үшін жасалып жатқан жеңілдіктер, атап айтқанда, тұрғын-үй бағдарламасының дамуы, мерзімді әскери қызмет сарбаздарын қолдау жайында пікірін білдірді. Айтуынша, «Отбасы банк» арқылы арнайы ипотекалық өнімдердің іске қосылуы әскери қызметшілер үшін шынайы әлеуметтік өсудің тетігіне айналған.
Сондай-ақ ол әскери қызметтің өзі қиындықтардан тұратынын, жас жігіттер соның бәрін жеңе білгенде ғана нағыз жауынгерге айналатынын жасырмады. Бүгінде мемлекет тарапынан жасалып жатқан жан-жақты жағдайдың арқасында бұл қиындықтар жөнжосықсыз ауыртпашылық емес, жеке тұлға ретінде өсіп-дамудың мүмкіндігі екенін көрсетіп отырғанын жеткізді.
«ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Халық қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы сұхбатында еліміздің Қарулы Күштеріндегі жағдайға әділ баға берген. Әсіресе әскери қызметтің ауыртпалықтары мен қиындықтарын көтере білу туралы жастарға құлаққағыс етуі көпшілікке ой салғанын жеткізді. «Әрбір облыс орталығынан еліміздің болашақ патриоттарын дайындайтын мамандандырылған арнайы әскери мектептер ашу туралы Президент тапсырмасын біз ерекше қуанышпен қарсы алдық. Онда негізінен әлеуметтік жағынан осал топтағы отбасылардан шыққан балалар оқымақ. Бұл – сөз жоқ, жақсы бастама. Осынау игілікті іске Қарулы Күштердің ардагерлері де белсене араласып, өскелең ұрпаққа оң бағыт-бағдар береді», – деген Халық қаһарманы ардагерлер әскери бөлімдерге барғанда өздерінің өмірлік бай, кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, жас командирлерге іс жүзінде де көмек көрсетіп тұратынына тоқталды.
Мұхтар Алтынбаевтың сөзінше, құрылғанына 15 жылдан асқан республикалық қоғамдық бірлестіктің филиалдары еліміздің барлық өңірінде жұмыс істейді. Атап айтқанда, 17 аймақтық және Астана, Алматы және Шымкент қалалық филиалдары бар.
Есен ӨТЕУЛІ