Әлеумет

Іргесі берікелді жау алмайды

Бүгінгі мың құбылмалы әлем елдеріндегі жаһандық геосаяси өзгерістер мен бірінен соң бірі тұтанып жатқан қақтығыстар мемлекеттердің қауіпсіздік мәселесіне бұрынғыдан да жауапкершілікпен қарауына түрткі болуда. Осындай алмағайып заманда «іргесі берік елді жау, ауызбіршілігі бар елді дау алмайтынын» ұғынған қазақ елі шекараны шегендеп, ішкі бірлікті бекемдеумен қатар, әскери әлеуетті күшейтуге ерекше мән беруде. Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сүйенсек, ел басшылығы әлемде орын алып жатқан қарулы жанжалдар мен шешімін таппаған шиеленістерді мұқият саралап, соған сай нақты дайындық жасауды басты бағдарға алған. Бұл ретте армияны заман талабына сай бейімдеу, әскери техниканы жаңғырту мен қару-жарақ қорын жетілдіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.

Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдиновтің айтуынша, бүгінде Қарулы Күштердегі қару-жарақ пен әскери техниканың шамамен 70 пайызы тәуелсіздік жылдарында, яғни кейінгі 30 жыл ішінде өндірілген немесе сатып алынған заманауи үлгілерден тұрады. Олардың арасында отандық кәсіпорындарда шығарылған әскери өнімдердің де үлесі айтарлықтай. «Құрлық әскерлері қару-жарақ пен әскери техниканың, барлау мен автоматтандырылған басқару жүйелерінің соңғы үлгілерімен толық жарақтандырылды. Қазіргі заманғы электронды барлау мен ату жүйелері, бронды көліктер мен транспортерлер, зымыран-артиллерия қондырғылары, далалық госпитальдар мен медициналық техникалар жеткілікті», – дейді генераллейтенант.

Жалпы, әуе қорғанысы күштерінің құрамындағы авиациялық парк негізінен ресейлік үлгідегі техникадан тұрады. Қатарында заманауи жойғыш ұшақтар, әскери-көлік авиациясы мен әртүрлі мақсаттағы тікұшақтар бар. Атап айтқанда, 4++ буынына жататын Су-30СМ, Су-27, Су-25 секілді ұшақтар жоспарлы түрде жаңғыртудан өтіп, еліміздің әуе кеңістігін қорғауға толық дайын. Ал әскери-теңіз күштері Каспий теңізі айдынындағы ең әлеуетті құрылым саналады. Флоттың негізгі бөлігі Орал қаласындағы «Зенит» зауытында шығарылған заманауи зымыран-артиллериялық кемелерден құралған. Көршілес мемлекеттердің әскери теңіз күштерімен бірлесіп өткізілетін оқу-жаттығулар барысында еліміздің теңізшілері жоғары кәсіби даярлығын көрсетіп, ел шебін қорғауға әрдайым әзір екенін дәлелдеуде.

Айта кетейік, қазіргі қарулы қақтығыстардың басты ерекшелігі – адам күшіне емес, жоғары дәлдік пен тиімділікке ие заманауи технологиялардың алдыңғы қатарға шығуы. Оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттары мен алыс қашықтыққа соққы беретін зымырандық жүйелер шешуші рөл атқарып тұр. Бұл тұрғыда Ресей мен Украина арасындағы соғыс әскери-өндірістік кешенді жаңа бағытқа бейімдеудің қаншалықты маңызды екенін айқын аңғартты. Аталған үрдіс еліміз үшін де техникалық прогрестен қалыс қалмай, заманауи қару түрлерін дамытуға басымдық беру қажеттігін көрсетеді. Осыдан бірер жыл бұрын Ұлттық қорғаныс университетінің мамандары әзірлеген «Шағала» ұшқышсыз аппаратының сынақтан сәтті өткені белгілі. Кейін Түркияның «Anka» дрондарын елімізде құрастыру басталғаны жөнінде жағымды жаңалық тарады. Ал Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскериинженерлік институтында отандық «Degelek» дронының жасалғаны еді.

Қазір бұл бағытта Қарулы Күштер Бас штабы жанынан құрылған Ұшқышсыз авиациялық жүйелерді дамыту департаменті жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Мұның бәрі ұшқышсыз ұшу аппараттарын жасау саласында біздің елімізде де даму үрдісі бар екенін көрсетеді. Қолда қару мен техниканың болғаны бір бөлек, ал соның бәрін шынайы соғыс ахуалына барынша жақындатылған жағдайда сынақтан өткізіп, даярлық іс-шараларын тұрақты пысықтап тұру – тіпті басқа әңгіме. «Жаттығуда қиын, ұрыста оңай» демекші, қазақ әскері жар астындағы жауға қарсы тұруға кез келген уақытта сақадай сай болғаны дұрыс. Осы орайда Қорғаныс министрлігінің дерегіне жүгінсек, өткен жылы елімізде 60 мыңнан аса жауынгерлік даярлық іс-шарасы өткізілген.

«2025 жылы Қарулы Күштерде әскери басқару органдарын, құрамаларды, әскери бөлімдер мен мекемелерді жоспарлы даярлау жүйелі түрде жүзеге асырылды. Жауынгерлік даярлық бойынша шамамен 60 мың іс-шара өтті, олардың 17 мыңнан астамы түнгі жағдайда ұйымдастырылды. Іс-шаралардың негізгі бөлігі Құрлық әскерлері мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің үлесіне тиесілі», – делінген хабарламада. Осы тұста Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштерінің ұшқыш құрамын даярлау деңгейі жыл санап жоғарылап келе жатқанын атап өткен жөн. Былтыр күндізгі әрі түнгі уақытта шамамен мың ұшу тапсырмасы орындалған. Әуе әскерлерінің түрлі тектегі экипаждары ұшқыштық техниканы жетілдіру, күрделі метеорологиялық жағдайларда оқужауынгерлік міндеттерді орындау, сондайақ жерүсті және әуе нысандарына қарсы жауынгерлік әрекет ету жаттығуларын кезең-кезеңімен сәтті жүзеге асырып келеді. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің бөлімшелері мен әскери бөлімдерінде де 760 жауынгерлік үйлестіру іс-шарасы өткен. Әскеритеңіз күштерінде өткен жылы 188 рет теңізге шығу жүзеге асырылып, кеме экипаждарының жалпы жүзу қашықтығы 25 мың теңіз милінен асқан.

Бүгінде жалғыз жортқанның жолы ауыр екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Күрделі геосаяси жағдайда мемлекеттерден қорғаныс қабілетін күшейтумен қатар, сенімді серіктестер шеңберін кеңейту де талап етіледі. Осы тұрғыдан алғанда еліміз Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстанды біріктіретін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының мүшесі ретінде ұжымдық қорғаныс тетіктеріне сүйенеді. Қажет болған жағдайда, бұл ұйымға мүше мемлекеттердің ортақ күші еліміздің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға жұмылдырылмақ. Дегенмен, қорғаныс саласындағы әріптестікті бір ұйым шеңберімен ғана шектемей, көршілес әрі бауырлас елдермен де ауызбірлікті жүйелі түрде дамыту қажет. Бұл тұрғыда Түркі мемлекеттері ұйымының орны айрықша. Әсіресе Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде Қазақстан мен Өзбекстан армияларының әріптестігін ерекше айтсақ орынды. Қазақ-өзбек әскери ынтымақтастығы бүгінде өзара сенім мен әріптестікке негізделген жаңа деңгейге көтерілді. Екі елдің тату көршілік қатынастары өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға елеулі тірек болып келеді. Географиялық жақындық Қарулы Күштердің үйлесімді әрекет етуіне және ортақ міндеттерді бірлесе орындауға мүмкіндік беріп отыр.

2021 жылдан бері екі ел арасында жауынгерлік даярлықты арттыруға бағытталған «Қалқан», «Қамқорлық» және «Қанжар» секілді бірлескен оқужаттығулар ұйымдастырылды. Сонымен қатар Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан әскери бөлімшелері қатысқан «Бірлестік-2024» халықаралық жаттығуы да көпжақты ынтымақтастықтың нақты көрінісіне айналды. Әскери кадр даярлау саласында да өзара қолдау жүйелі жолға қойылған. Қазіргі уақытта Өзбекстанның әскери академиясында еліміздің бірнеше әскери қызметшісі білім алып жатыр. Ал Астанадағы Ұлттық қорғаныс университетінде Өзбекстанның және басқа да Орталық Азия мемлекеттерінің әскери мамандары жоғары оқу орнынан кейінгі бағдарламалар бойынша оқиды.

Бұған қоса қазақ елі Түркия, Әзербайжан, АҚШ пен Қытай секілді мемлекеттермен қорғаныс саласында өзара іс-қимылды дамытып келеді. Ортақ мүдделер тоғысқан тұста бірлескен міндеттер айқындалып, нақты жоспарлар жүзеге асатыны белгілі. Елдің қауіпсіздігі мен тұтастығын сақтау жолында кез келген сенімді әріптеспен әскери ынтымақтастық орнатып, жасырын қатерлерге қарсы бірлесе әрекет етуді басты басымдық ретінде қарастырған жөн.

 

Есен ӨТЕУЛІ