«Ауыл аманаты» салаға серпін берді
Ауданда мал шаруашылығына жақсы көңіл бөлінуде. Соңғы жылдары мал басы артып, жаңа сүт және бордақылау алаңдары салынуда. Жаңа сүт тауарлы фермаларын құру (400 бастан кем емес) жоспары бойынша ауданда 3 тауарлы-сүт фермасының құрылысын жүргізу жоспарға қойылған. Атап айтсақ, «Момбек» шаруа қожалығы жалпы құны 2,9 миллиард теңгені құрайтын сыйымдылығы 612 , «AzNur Agro» АШӨК-і құны 1,8 миллиард теңгелік 400, «Даниял» шаруа қожалығы құны 1,8 миллиард теңгелік 400 орынға арналған ферма салуға ниетті.
Бүгінгі күнге «AzNur Agro» АШӨК тауарлы сүт фермасының құрылысы жүруде, «Момбек» шаруа қожалығының құрылыс жұмыстары тоқтап тұр, ал «Даниял» шаруа қожалығы қаржы тапшылығына байланысты жобаны биыл іске асыруды көздеп отыр. Сондай-ақ ауданда ауыл шаруашылығы саласына жақсы көңіл бөлінуде. Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, 2025 жылы салада өндірілген өнімнің жалпы көлемі 56,2 миллиард теңгені құраған. Оның 19,3 миллиард теңгесі мал, 36,9 миллиард теңгесі егін шаруашылығына тиесілі.
Бұдан бөлек, аудан аумағында 15 жылыжай жұмыс істеуде. Өткен жылы бұл жылыжайлардан 13,6 тонна қияр жиналған. Сонымен қатар 0,06 гектар аумаққа орналастырылған 50 мың гүл тұрғындарға сатылған. Ал сыйымдылығы 11980 тоннаны құрайтын көкөніс және жеміс сақтайтын 9 қоймада азық-түлік қоры жасақталған. Бүгінде осы қоймалардың 4-де барлығы – 810 тонна өнім сақтауда тұр. Оның ішінде 650 тонна пияз, 160 тонна сәбіз бар.
Ауданда көкөніс қоймаларын салу және сақтау жұмысы табысты жүргізіліп келеді. Мұнда жыл соңына дейін жобалық құны 2,7 миллиард теңгені құрайтын 2 көкөніс қоймасының құрылысы жоспарланған. Айшабибі ауылдық округі аумағындағы «Ализа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 1,9 миллиард теңгені құрайтын жеті мың тонналық көкөніс сақтау қоймасының құрылыс жұмыстарын аяқтады. Ал, екінші көкөніс қоймасының құрылыс жұмыстары жүруде. «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы тарапынан 500 миллион теңге несие беріліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ал қайта өңдеу саласында екі инвестициялық жобаны іске асыру жоспары қойылған.
Бүгінгі таңда «АТБ» шаруа қожалығының сүтті қайта өңдеу бағытындағы цехы іске қосылып жұмыс істеуде. Сондай-ақ екі ірі жоба «Рыжибаев» жеке кәсіпкерлігі тарапынан қолға алынған ет бағытындағы құс фабрикасының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны бір миллиард теңгені құрайды.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жамбыл ауданы