Мәдениет

Жамбылдық жас оқырмандар белгілі журналист Эльмира Мырза-Ғалимен кездесті

Д.А. Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында филолог, аудармашы, журналист, «Анаға тағзым» облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғалимен жас оқырмандардың кездесу кеші өтті.

«Кітап – табысқа апарар дара жол» тақырыбында өткен ашық сұхбат алаңы «Bookdating» жобасы аясында жүзеге асып отыр.

Еркін  форматтағы кездесу барысында жас оқырмандар кештің басты қонағына – тұлғалық даму, дұрыс мамандық таңдау, өмірлік мақсат-мұратты айқындай білуге қатысты әр-алуан сұрақтарына тұщымды жауап алды.

Іс-шараға Төле би атындағы №8 гимназияның оқушылары  қатысып, кеш мазмұнына ерекше серпін берді. Оқырмандар тарапынан мазмұнды, ой салатын сұрақтар қойылып, ең үздік сұрақ иесіне арнайы кітап сыйға тартты. Бұл сәт жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, еркін ойын айтуға ынталандырды.

Іс-шараның көркемдік мазмұнын арттыра түскен сәттердің бірі – кітапхана қызметкерлері айтыскер ақын, журналист Есет Досалының Эльмира Мырза-Ғалиға арнаған жүрекжарды өлең шумақтарының оқылуы болды. Сонымен қатар Жұлдыз Бейсектің арнауы кешке ерекше жылулық пен рухани әсер сыйлады.

Кеш барысында әсем ән мен күй орындалып, кездесудің ажарын аша түсті. Атап айтқанда, мектеп олимпиадалары мен мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың «Домбыра» үйірмесінің оқушысы Басқанбай Нұрдәулет, жетекшісі  Саттерова Лаура Әуесханова күй орындаса, «Дәстүрлі ән» үйірмесінің оқушысы Берікбай Әлиасқар, жетекшісі Тлепов Амангелді Нағмашұлы әсем әнімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Шара соңында тақырыпқа сай ұйымдастырылған кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылып, оқырмандар табысқа жету, тұлғалық даму мен мотивация бағытындағы әдебиеттермен кеңінен танысты.

Айта кетейік, аталған жоба – кітап пен тұлғаны, ой мен тағдырды тоғыстыратын рухани алаң. Жобаның негізгі мақсаты – Тараз қаласының табысты, танымал тұлғаларымен жүздестіру арқылы жас ұрпақты көшбасшылыққа баулу, оқырманды кітап арқылы өзін тануға, өмірге басқа қырынан қарауға жетелеу.

Жанат Ауелева,

Д.А. Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының Ақпараттық-библиографиялық сектор меңгерушісі