Білім

Білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік!

Халықтың нақыл сөздерінің бірінде «Бақыттың кілті – білімде» дейді. Расында, өмірде өз жолын табу әркімнің біліміне қарай сәтті болмақ. Ал, отбасылық бақытын да, еңбектегі табысты жолын да білімнен тапқандардың бірі – Қарлығаш Қапарова. Тараз қаласындағы №12 Керімбай атындағы мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қарлығаш Рахымжанқызы бала күнінен білімге құштар, сөз өнеріне бейім болып өскен. Мамандық таңдауда да ұстаздарына еліктеген ол бала күнгі арманына қол жеткізіп, мұғалім мамандығын меңгерген. Балаларды оқытып-тәрбиелеу ісінде еңбектене жүріп, өмірлік жарын да осы саладан кездестіріп, бүгінде мұғалімдер отбасына айналып отыр.

Талас ауданының Ойық ауылындағы Д.Қонаев атындағы орта мектепті үздік бітіргеннен соң Қаратау қаласындағы техникумға оқуға түскен. Экономист-бухгалтер мамандығын екі жарым жыл оқып, меңгергенімен бала кездегі арманы – мұғалім болуға асығады. Мектептегі мұғалима апайларының жүріс-тұрысына, сөз саптауына еліктеген бойжеткен «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» болу мақсатын көздеп, Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы университетке келеді. Бәлкім, жаны қалағандықтан болар емтихандар қаншалықты қиын болса да жоғары ұпай жинап, оқуға түседі.

Жас ұрпаққа заман талабына сай білім берумен қатар бойына ізгі қасиеттерді сіңіру мақсатында мектепте түрлі жобалар мен бағдарламалар жүзеге асырылып отырғанын осындағы жұмыстармен танысқанда көз жеткіздік.

«Қамқор» жобасы аясында «Ерікті болу – елінің ертеңіне жауапты болу» акциясын ұйымдастырып, мектептің еріктілері «Ұстаздар күні» мен «Қарттар күнініне» орай «Ардагерлерді ардақтайық» тақырыбында қайырымдылық ісшарасын өткізіпті. №12 мектеп-гимназиясының ардагер ұстаздарын еріктілер мен сынып жетекшілері құттықтап, сый-сияпат жасап, батасын алған. «Еңбегі адал жас өркен» жобасымен 4-10 сынып оқушылары өз қолымен жасалған өнімдерін жәрмеңкеде ұсынып, «Күзгі асар» жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Ал «SMARTBALA» жобасы аясында 7-8 білім алушылары арасында «Startup bolashak – менің арманым» тақырыбында байқау өткізілген. Онда жеткіншектер өзі армандаған мамандығына лайықты қабілеттерін өз жұмыстарымен көрсетіп, өзара бақ сынасқан. «Шабыт» жобасы аясында «Ұстаздар» күніне орай – «Даналық ұстаздан» челленджі ұйымдастырылып, ұстаздарға құрмет көрсету, шығармашылық қабілетті дамыту мақсатында оқушылар құттықтау бейнероликтерін дайындаған.

Сонымен қатар оқушылардың тіл байлығын, шешендік қабілетін дамыту мақсатында «Ақындар айтысы» өткізілген. «Ұшқыр ой алаңы» жобасымен оқушылардың ғылыми қызығушылығын арттыру, физикаға деген ынтасын ояту және сыни ойлау қабілетін дамыту мақсатымен физика пәнінен интеллектуалды ойындар ұйымдастырылған. Оқушылар қызықты сұрақтарға жауап беріп, логикалық тапсырмаларды шешіп, өз ой ұшқырлығын, жылдамдығын және білім деңгейін көрсетіпті. Әлеуметтік жобаның алтыншысы – «Балалар кітапханасы» бойынша күзгі демалыс кезінде «Күзгі демалыс: 1 кітап – 1 кейіпкер – 1 ой» челленджі өткізілген. Бұл челлендж оқушылардың демалыс уақытын тиімді өткізуге, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға және әдеби талғамын қалыптастыруға бағытталған.

Күзгі демалыс күндерінде оқушылар өздеріне ұнаған шығармаларды оқып, демалыстан кейін өткен іс-шара барысында оқыған кітаптары туралы әңгімелеп, бір-бірімен пікіралмасыпты. Сондайақ өткен жылы жазушы Мұхтар Мағауиннің 85 жас мерейтойына орай өткізілген «Мұхтар – қазақ әдебиетінің тарланы» атты портреттік кешке Керімбай атындағы мектеп-гимназияның 5-9 сынып оқушылары қатысып, қаламгердің өмірі мен шығармашылығынан мол мәлімет алған. Өткен жылғы «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында «Оқуға құштар жүректер» облыстық байқауында осы мектеп-гимназияның 5-сынып оушысы Рамазан Джексенби «Үздік оқырман» номинациясын жеңіп алған. Бүгінде екі мың оқушы білім нәрімен сусындап жүрген Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясындағы барлық тәрбие жұмыстарының нәтижелі өтуіне ұйытқы болып отырған Қарлығаш Қапарова алдағы уақытқа жоспарлған жұмыстарымен де бөлісті.

Ұстаздың айтуынша, қазіргі балалардың ойлау қабілеті ұшқыр болғандықтан оларды кезкелген дүниемен қызықтыру мүмкін емес. Тәрбиелік мәні зор іс-шараларға барлық оқушыларды тарту үшін жаңаша форматты әрі заманауи техникаларды қолдануға тура келеді. Ал, бұл көп ізденісті қажет етеді. Мектептің педагогтер ұжымының басты мақсаты – оқушыларды жан-жақты білімді, өнерлі, еңбекке қабілетті әрі тәрбиелі тұлға етіп шығару. Осы жолда талмай еңбектеніп жүрген мұғалімдерге тек сәттілік тілейміз.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА