Қоғам

Кимешек тігетін келіншек

Мұзбалақ ақын Мұқағали «Ақ кимешек киген бір кемпір көрсем, ақ кимешек астынан сені көрем» деп жырлағандай, кимешек деген аналарымыздың басына таққан алтын тәжі ғой! Сол арқылы қазақ әйелінің статусы, болмысы, пейілі білінетін. Қазіргі таңда қасиетті кимешек қоғамнан алшақтап барады. Дегенмен де Байзақ ауданы, Қостөбе ауылында кимешек тігетін келіншек бар екенін естідік. Қазақы нақыштағы кимешек үлгісін насихаттау мақсатында сол жанмен кездестік.

Бибігүл Шуақбай алғашқылардың бірі болып ауылдағы мәдениет үйінде «Кимешек style» қолөнер көрмесін өткізіпті. 1966 жылы өмір есігін ашқан көпбалалы ана тігін өнерін жастайынан жанына серік етіпті. Арғы әжесі де, өз апасы да кимешек киген екен. Бүгінде кимешек тігу ісін жалғастырып отыр. Моншақтап, кестелеп, өріп әдемілеп тігеді. Тапсырыс қабылдайды.

Негізі жаңадан босаға аттаған жас келінге кимешек кигізбейді. Ол алдымен орамалын орап, келіндік міндетін атқаруы тиіс. Құрсақ көтеріп, бөбегін аманесен бауырына басқан соң кей аймақтарда қырқынан шыққан кезде ауыл әжелері, абысындары жиналып, кішігірім той жас айды. Тойда жас анаға «сен де ана болдың» деп, кестелеп тігілген кимешек кигізеді. Жас келiншектер қызыл, жасылмен көркемделген кимешек кисе, егде әйелдердің кимешектері ою-кестесі жеңіл, сары, ақ жіппен сырылады. Жасы ұлғайған әйелдер жасыл, қоңыр жiптермен иiр кестелер тiгiлген кимешек киеді. Бибігүлдің ұл-қыздарының бәрі шетелде білім алған. Үлкен қызы көп тіл білетін полиглот. Кореяда білім алып, сонда отбасымен бірге тұрып жатыр. Ал екінші қызы танымал психолог – Ләззат Мырзаш. Тарих белестерінен бізге жеткен, озық дәстүрлеріміз бен мұраларымызды жаңғырту жолында аянбай тер төгіп жүргендердің бірі де осы–Ләззат. Ол Түрік елінде білім алып келген сауатты маман. Ол анасы тігіп берген «Томирис», Гүлшуақ», «Айша», «Нұрила», «Ділдә» сынды тарихта ізі қалған аналардың есімімен аталған жиырмаға жуық көздің жауын алатын кимешектерді халық арасында насихаттап жүр. Ол кимешек туралы айтқанда әсерленіп кетеді екен.

«Шешеге қарап қыз өсер» дегендей ісмер анадан тәлім алған қыз кимешек кешін Қазақстанның әр қаласында өткізіп жүр. Қазақ дәстүрі бойынша кимешектің кеудедегі бөлігінің ұшына күміс теңгелер тағылады. Бұл бас киімге сән береді, әрі төмен қарай басып, жазылып тұруға әсер етеді. Кимешек әйелдердің шашын шаң-тозаңнан сақтап, қобырап тұрмауына септігін тигізеді. Кимешектің Қазақст анда бұрама жаулық, иекше атаулары да кездеседі. Кестесіне қарай қызыл жақты, сары жақты, ақ жақты болып бөлінеді екен. Ісмерді Ақтау, Атыраудан да адамдар іздеп келіп, жөнжобасына сай кимешек тіктіріп киіп кетеді екен. Ауылдың жасы да, кәрісі де қолының ебі бар, тігінші әйелді жақсы көреді. Керегін, қажетін тіктіріп, тапсырыс беріп жүрген де солар. Алақандай ауылдағы тігінші Бибігүл әпкемізге сәттілік тіледік.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА