Экономика

Неге құлпынай өсіруге құлық жоқ?

Құлпынай өсіру – оңай шаруа емес. Жесең аузыңнан дәмі кетпейтін жемісті күтіп, баптаудың да өз сыры бар. Әйтпесе кез келген бағбан оны өсіріп, пайдаға кенелмей ме? Қай сорты біздің өңірге лайықты? Өнім бере ме, жоқ па? Топырақтың құнарлылығы қандай? Қандай тыңайтқыш себу керек? Осының бәрін зерттеп барып екпесең, мол өнім алмайсың. Құлпынай өсіріп, баптау – диқаншылықтың өте нәзік түрі.

Шынтуайтына келгенде Жамбыл облысы құлпынай өсіруден басқалардан қалыс қалып тұрмыз. Мойындаудың өзі – ерлік. Шаруалар аз-кем құлпынайды өз бақшасында егіп көруде. Алайда оның аз ғана мөлшері өнім беруде. Нарыққа шығаруға шама жетпей тұр. Базардағы құлпынайдың бәрі бізге Сарыағаштан келуде. Жамбылдық шаруалар еріншек емес. Олар қолдарынан келгенін істеп, еңбек етуде. Өңіріміздегі шағын шаруашылықтар жеміс-жидектің түртүрін егуде. Тіпті цитрустық өнімдерді егіп жатқандар бар. Қит еткен жаңа бастаманы көтермелеп жазуға құмармыз ғой! Десе де құлпынай алқабын жасауға талпынып жүргендердің зарына кім құлақ асады? Олардың ұсынысы неге қабылданбай жатыр?

Құлық бар, бірақ берекелі еңбектен құт көрмей жатқанымыз рас қой. Себебі біріншіден, күтімі оңай емес. Тек білімді, білікті нән агроном ғана оның сырын білсе керек. Екіншіден, ауыл шаруашылығы саласы бойынша егінмен айналысатын диқаншыларға, агрономдарға қаржылай қолдау қалай болып жатыр?

Үшіншіден, құлпынай тұқымы шет елдерден әкелінуде. Құдайға шүкір тұтынушылар бұл жемістің түріне зәру болып отырған жоқ. Десе де базардағы баға удай. Бір келісі 4 мың теңгеден жоғары. Әр облыста баға әртүрлі. Қай дүкеннен не базардан алсаңыз да баға тұрақтамай, жүгенделмей тұр. Жамбылдық саудагерлер өнімді Сарыағаштан әкелген соң солар айтқан бағамен сатуға мәжбүр. Ал сонда жамбылдық құлпынайды қашан жейміз? Қашан сатып аламыз? Өз жеріміздің, туған өлкеміздің жемісі деп қашан мақтанамыз?

Былтыр күзде Т. Рысқұлов ауданындағы Құлан агротехникалық колледжі әлеуметтік серіктестік негізінде құлпынай өсіруді бастады. Қараша айында 5 сотық жерге 6 мың түп құлпынай отырғызылыпты. Алайда сол 6 мың түптің 2 мыңы ғана өнім берген. Берекелі істің бастамашысы болып жүрген колледж директоры Олжас Мұсағұлов. Жүз жылдық тарихы бар айтулы колледж нағыз өз ісінің мамандарын дайындап шығады десек те болады. Олжас Нұрланұлы ешкімге жалтақтамайтын, өз пікірін тіке айтатын жас. Ол 1989 жылдың 20 мамырында Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылында дүниеге келген. 2006 жылы орта мектепті аяқтаған соң, Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетіне оқуға түсіп, аталмыш жоғары оқу орнын үздік дипломмен бітірген.

2011 жылы Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті жанындағы «International Business School» тәмамдап, экономика және бизнес магистрі дәрежесін иеленген. 2012-2016 жылдары Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің, Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің, ҚР Қаржы министрлігінің «Қаржы академиясы» АҚ «Экономика» кафедрасының оқытушысы қызметін атқарған.

2016-2018 жылдары «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының сарапшысы, стратегиялық зерттеулер бөлімінің талдаушысы ретінде жұмыс істеген. 2018-2019 жылдары «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша Калифорния университетінде ғылыми тағылымдамадан өткен. Оның айтары бар. 2023 жылдан бері есік алдында құлпынай өсіру бойынша облыс әкіміне де, ауыл шаруашылығы басқармасына да кіріп, ұсыныс білдіріп жүр. Сондағы ұсынысы – мемлекет тарапынан өзі секілді агрономдарға, құлпынай егемін деушілерге тәжірибе жүзінде егіп көруге қаражат бөліп, жағдай жасаса дейді.

Дәмді және шырынды жидекті егіп, баптап, нарыққа шығаруға ден қойған Олжас құр қарап жүрген жоқ. Өзі бизнес жоспарын дайындап, бүгешігесіне дейін есептеп, қай жылы қанша өнім алуға болатынына дейін ойластырып қойған. Тек алғашқы бір жылда құлпынайдан пайда көремін деп ойламау керек деп отыр. Құлпынайдың сорттары да көп екен. Нақтырақ айтсақ, «Черный принц», «Елизавета», «Альбион», «Кимберли», «Соната», «Кама», «Бал», «Ламбада», «Кишинев» сынды түрлері танымал екен. Осы жағдайды естіп біздер ауыл шаруашылығы басқармасына хабарластық.

Құлпынайды күнделікті тұтыну көптің қалтасын көтере бермейді. Мүмкіндік болса күнделікті жесеңіз 100 грамм құлпынайда 36,9 ккал калория бар екен. Сондықтан да ол диеталық тағам. Құлпынай – дәмді жидек қана емес, тамаша десерт. Оны жеген адамның асқа деген тәбеті ашылады. Ас қорыту жүйесі жақсарады. Сол үшін құлпынай өсіру – табысты кәсіптің бірі. Әсіресе оны шоколадты құлпынай жасауға сатып алады екен.

Құлпынай – табыс көзі. Оны жыл бойы өсіруге болады екен. Тек өнімді өндірудің құпиясын, әдісін білсеңіз болғаны. Құлпынайға әрқашан сұраныс жоғары. Сол үшін жер үйде тұратын азаматтар қолға күрек алып құлпынай егуге кірісеміз-ау. Шетел көрген жас агрономның ұсынысы бізді қызықтырып қойды.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА