Саясат

Жаңа реформа – ұлт болашағының негізі

Үстіміздегі жылдың 31 қаңтарында Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия жаңа Конституция жобасының мәтінін жариялаған болатын. Бұл тек құқықтық құжатты жаңарту ғана емес, елдің болашағына деген ортақ көзқарасты айқындайтын өркениеттік таңдау. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында атап өткендей, саяси жаңғыру жасанды интеллект дәуіріндегі әлеуметтік-экономикалық серпінмен ұштасуы тиіс. Осы логиканың айқын көрінісін біз жаңа Конституция жобасынан көріп отырмыз.

Ата Заң – баршаға ортақ құндылық. Оны құрметтеу және талаптарын сақтау – әр азаматтың міндеті. Конституциямыз берік болса, мемлекетіміз де тұрақты дамиды. Жаңа Конституция жобасының мәтінінде Конституциялық құрылыстың негіздері, негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер, Президенттік сайлау, Құрылтай, Үкімет, Қазақстан Халық Кеңесі, Конституциялық сот, Сот төрелігі, прокуратура, құқық қорғау тетіктері, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың заңды тетіктері нақты көрсетілген.

Сонымен қатар Қазақстан Халық Кеңесі бойынша негізгі ережелер бекітіліп, Қазақст ан халқының мүдделерін білдіретін жоғары консультативтік орган Қазақстан Республикасының азаматтары қат арынан қалыптастырылады. Қазақстан Халық Кеңесіне мемлекеттің ішкі саясатының басты бағыттары бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу, қоғамдық келісімді нығайту, Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттары мен жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету өкілеттіктері бекітілді. Ал жергілікті мемлекеттік басқару ісінде өзін-өзі басқару ісінде Құрылтайға көшуге және елде жүргізіліп жатқан әкімшілік реформаға байланысты осы бөлімнің бірқатар ережелері де қайта қаралып, нақтыланды.

Құрылтайдың құрылуы «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» бөлімінде нақты түзетулер енгізу қажеттілігін туындатады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Конституцияға кез келген өзгерістер референдум арқылы енгізілуге тиіс екенін атап өтті. Бұл ұсыныс жобада көрініс тапты. Негізгі заңға түзетулер енгізу Президенттің шешімі бойынша бүкілхалықтық референдум арқылы ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Парламент арқылы өзгерістер енгізу мүмкіндігі алынып тасталады. Осы мәселе бойынша Президентке жалпыхалықтық референдум өткізу туралы ұсыныс енгізетін субъектілердің қатарына Қазақстан Халық Кеңесі енгізілетін нормалар көзделген.

Жаңа Конституцияда Үкіметтің, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік-құқықтық актілерді жаңа мәтінге сәйкес келтіру үшін қажетті шаралар қабылдау міндеті көзделген. Бұдан басқа, Конституциялық Кеңестің және Конституциялық соттың Қазақстан Республикасының Конституциясы күшіне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданған кейбір нормативтік қаулылары өзінің заңдық күшін сақтайтыны көрсетілген.

 

Арқабек ТӨЛЕБАЕВ

облыстық Қоғамдық кеңестің төралқа мүшесі