Саясат

Құқықтық тұрақтылықтың кепілі

Жаңа Конституция жобасы – Қазақстанның болашағын айқындайтын маңызды құжат. Елдегі саяси-құқықтық жүйені жаңғыртуға бағытталған Конституциялық реформа мемлекеттің даму философиясын қайта айқындап, халық пен билік арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеруді көздейді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әзірленген бұл жобада көптеген өзгерістер мен жаңашылдықтар ұсынылады. Оның барлығы елдің болашағын ұзақ мерзімге бағдарлаған жүйелі қадам ретінде бағаланады. Реформаның басты ерекшелігі – азаматтың рөлін күшейту. Жаңа Конституция жобасы 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады, яғни 9 бөлімнен тұратын қолданыстағы Конституцияның 99 бабының 77 бабына түзетулер енгізілген, бұл Ата Заң мәтінінің 84 пайызын құрайды.

«Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізілді. Төртінші бөлімнің атауы «Конституциялық құрылыс негіздері», «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер», «Құрылт ай», «Сот төрелігі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері» болып өзгертілді. Жаңа Конституция жобасында Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде айқындалады.

Адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары жоғары құндылық ретінде танылады. Бұл қағида мемлекеттің барлық институттары халықтың мүддесіне қызмет етуі тиіс деген ұстанымды заң жүзінде бекітеді. Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары: Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау; Заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету; Жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын орнықтыру; Қоғамдық диалогты дамыту; Еңбексүйгіштік, прогресс, білім құндылықтарын бекіту; Жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру; Тарихи-мәдени мұраны сақтау;

Төл мәдениетті қолдау сияқты құндылықтар жоғары құқықтық деңгейде бекітіліп отыр. Мемлекеттік билік біртұтас және ол заң шығарушы, атқарушы, сот тармақтарына бөліну, өзара іс-қимыл жасау қағидатына сәйкес Конституция мен заңдар негізінде жүзеге асырылады. Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады. Қазақстанда идеологиялық және саяси әралуандық танылады. Бұл қағидаттар Қазақстанның жаңа Конституциясының негізін құрайды және елдің даму бағытын айқындайды. Саяси жүйедегі маңызды жаңалықтардың бірі – заң шығару билігінің қайта құрылуы. Бір палаталы өкілдік органға көшу басқару үдерістерін жеделдетіп, шешім қабылдауда ашықтықты арттыруға мүмкіндік береді. Мұндай модель халықтың саяси процестерге қатысуын кеңейтіп, өкілдік биліктің жауапкершілігін күшейтеді.

Конституцияға өзгерістер енгізу тәртібінің қатаңдатылуы да ре форманың өзекті тұсы болып отыр. Негізгі заңды тек жалпыұлттық референдум арқылы өзгерту нормасының бекітілуі – халық еркінен жоғары ешбір саяси шешім тұрмайтынын білдіреді. Бұл елдегі құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды кепілі саналады.

Мемлекет басшысының өкілеттіктеріне қатысты енгізілген өзгерістер билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған. Президенттің өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мүмкіндігінің конституциялық деңгейде бекітілуі саяси жауапкершілік мәдениетінің қалыптасуына жол ашады. Жаңа Конституцияда қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікке ерекше мән берілген. Ұлтаралық татулық, дінаралық сыйластық, зайырлы мемлекет қағидаттары ел тұрақтылығының басты тірегі ретінде айқындалған. Сонымен қатар әділеттілік, заң үстемдігі және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау сияқты құндылықтар алғаш рет жоғары құқықтық деңгейде бекітіліп отыр. Азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері де едәуір күшейтілді.

Конституциялық соттың мүмкіндіктері кеңейіп, жеке өмірге қол сұғылмауы мен дербес деректерді қорғау нақты нормалармен бекітілді. Бұл – құқықтық мемлекет қағидаттарын нақты іске асырудың көрінісі. Судьялардың тәуелсіздігі күшейтіліп, заң үстемдігі қамтамасыз етіледі. Конституциялық соттың құқық қорғау тетіктері нығайтылады. Жер және табиғи ре сурстар халыққа тиесілі екендігі туралы норма бекітіледі. Өлім жазасына тыйым салынады. Президенттің өкілеттіктері шектеледі. Бұл өзгерістер Қазақстанды демократиялық, әділетті және дамыған елге айналдыруға бағытталған.

Жалпы алғанда, Жаңа Конституция жобасы – қоғам сұранысына негізделген, халықтың үнін ескерген маңызды құжат. Ол тек заң нормаларын жаңарту емес, елдің саяси мәдениетін, азаматтық санасын және мемлекеттік басқару жүйесін жаңа сапаға көтеруді мақсат етеді. Бұл өзгерістер Қазақстанның тұрақты дамуына және болашақ ұрпақ үшін әділетті қоғам қалыптастыруға берік негіз қалайды.

 

Мейірхан САТЫБАЛДИН

облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі.