Саясат

Халық мүддесі үшін жасалған құжат

Мемлекетіміз үшін соңғы жылдар жүйелі саяси және экономикалық трансформация кезеңіне айналды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған реформалар елдің мемлекеттік басқару моделін жаңартуға, саяси ашықтықты арттыруға және ұзақмерзімді орнықты даму негіздерін қалыптастыруға бағытталды. Конституциялық өзгерістер, партиялық жүйені ырықтандыру, жергілікті өзінөзі басқаруды күшейту, сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллект саласына басымдық беру – мұның барлығы жаңа қоғамдық келісім мен заманауи мемлекет құру логикасына сай келеді.

Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, жаңа Конституция – елді жаңғыртудың, демократиялық өзгерістердің және әділетті қоғам құрудың негізі. Халықтың еркін білдіретін негізгі Заң «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асырады. Жаңа Конституция – бұл билік үшін емес, халық үшін жасалған құжат. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия жариялаған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды жан-жақты талдау, ашық қоғамдық талқылаулар және жаңа нормалар мен ережелерді мұқият пысықтау нәтижесінде әзірленді.

Толығымен жаңартылған Конституцияның кіріспесінде өткенді бейнелейтін және елдің бүгіні мен болашағына бағыт-бағдар беретін ұлттық құндылықтар көрініс тауып отыр. Жаңа Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің басты басымдығы ретінде жарияланды. Бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім Қазақст ан мемлекеттілігінің негізі ретінде айқындалды. Егемендік пен Тәуелсіздік, унитарлық сипат пен аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар санатына жатқызылды. Әділеттілік, заң мен тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілді. Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – адам құқықтарына бағдарлануы. Адамның құқықтары мен бостандықтары тек жаңа Преамбулада ғана емес, бүкіл Конституцияның негізгі мағыналық өзегі әрі айрықша басымдығы ретінде айқындалды.

Жалпыұлттық диалогтың жаңа алаңы – Қазақстанның Халық Кеңесін құру. Бұл заң шығару бастамасы құқығы бар, Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган болады. Қоғамдық диалогты дамыту – Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарының бірі. Қоғамдық диалогты дамыту қағидаты мемлекет пен қоғам арасындағы ашық, тұрақты және тең серіктестікке негізделеді. Халықтың пікірін ескеру азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысуына мүмкіндік береді.

Мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы – ҮЕҰ, сарапшылар, қоғам өкілдерімен кеңесу арқылы жүзеге асырылады. Ашықтық пен есептілік биліктің халық алдында жауаптылығын күшейтеді. Қоғамдық талқылаулар мен референдумдар арқылы маңызды мәселелер халықпен бірге шешіледі. Келісім мен тұрақтылық, әлеуметтік шиеленістердің алдын алу демократияны нығайтады. Сонымен қатар Конституцияға енгізілген маңызды өзгерістердің қатарында Парламенттің бір палаталы Құрылтайға ауысуы бар. Бұл қадам заң шығару жүйесін ықшамдап, халықтың өкілдік билікке ықпалын арттыруға бағытталған. Конституцияға өзгерістер тек референдум арқылы енгізіледі деген норма бекітіліп, Негізгі заңның тұрақтылығы мен халық еркіне басымдық берілді. Президентке қатысты баптарда да бірқатар жаңашылдықтар көзделген.

Атап айтқанда, Президенттің өз өкілеттігін өз еркімен тоқтата алу құқығы конституциялық деңгейде бекітілді. Бұл биліктің жауапкершілігін арттырып, саяси мәдениеттің жаңа деңгейін қалыптастыруға ықпал етеді. Егемендік пен тәуелсіздік, біртұтастық пен аумақтық тұтастық өзгермейтін конституциялық құндылықт ар қат арына жатқызылды. Әділеттілік, заң мен тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар алғаш рет Конституция деңгейінде бекітіліп отыр. Бұл нормалар қоғамдағы жауапкершілік пен құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған. Азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында Конституциялық соттың өкілеттігі күшейтіліп, адам құқықтары, жеке өмірге қол сұқпаушылық және дербес деректерді қорғау мәселелері Конституция баптарында нақты әрі жан-жақты бекітілді.

Сонымен қатар қос азаматтыққа тыйым салу және мемлекеттің зайырлы сипатын күшейту нормалары енгізілді. Конституцияның баптарына енгізілген бұл өзгерістер – мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа сенімнің құқықтық негізі. Жаңа Конституция жобасы қабылданар алдында референдумға шығарылып, халықтың басым бөлігі қолдаған жағдайда ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашады. Бұл реформалар әділетті, ашық және жауапты мемлекет қалыптастыруға бағытталған маңызды тарихи қадам екені даусыз.

 

Дүйсеналы БЫҚЫБАЕВ

облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы