Саясат

Дамудың жарқын қадамы айқындалды

Қоғамда болып жатқан өзгерістерде халықтың пікірі ерекше маңызды. Жаңа Конституциялық жоба елімізде қолға алынған саяси реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыру қажеттігінен туындағаны белгілі. Сондықтан да бұл үдеріс нақты айқындалған мақсаттарға негізделіп отыр. Қоғамды шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету, қабылданып жатқан өзгерістердің мәні мен мазмұнын азаматтарға лайықты деңгейде түсіндірудің ықпалы ерекше. Осы мақсатта облыс әкімі Ербол Қарашөкеев конституциялық реформаларды түсіндіру бойынша Жамбыл ауданының зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Облыс басшысы өз сөзінде конституциялық реформаларды әзірлеу үшін арнайы құрылған жұмыс тобының қызметіне тоқталып, жаңа Ата Заңның жобасы азаматтардан түскен ұсыныстарды жүйелі түрде талдау және ашық қоғамдық талқылаулардың нәтижесінде дайындалғанына көпшіліктің назарын аударды. Егемендік пен Тәуелсіздік, біртұтастық, аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар санатына жатқызылғанын атап өтті.

Басқосу барысында аудандық ардагерлер кеңе сінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев сөз алып, зиялы қауым өкілдері ұсынылып отырған конституциялық реформаларды қолдайтынын айтып, бастамалар елдің саяси жаңғыруына оң ықпал ететінін сөз етті.

Конституциялық реформалардың мәні мен маңызы сөз болған жиынды қорытындылаған аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев жұртшылықты алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды. Облыс әкімі әрбір азаматтың ой-пікірі мен таңдауы еліміздің саяси дамуына тікелей әсер ететініне ерекше тоқталды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Жамбыл ауданы