Жаңалықтар

Халықтың пікірі қашанда өзекті

Конституция – ел дамуына бағдар болатын басты құжат. Бүгінгі таңда еліміздің Ата Заңына өзгерістер енгізу керектігін уақыт талабы көрсетіп отыр. Конституциялық комиссия алты айға жуық талқылаулар өткізіп, жаңа Конституцияның жобасын ұсынғаны белгілі. Ата Заң жобасы барлық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, халық арасында ашық талқылауға түсіп жатыр.

Осыған орай облыс әкімі Ербол Қарашөкеев аймақтағы зиялы қауым өкілдерімен және қоғам белсенділерімен кездесті. Аймақ басшысы елімізде болып жатқан өзгерістер тұрғындарды бейжай қалдырмайтынын, әр азамат үшін аса маңызды саяси құжат барша адамдардың тыныштығы, денсаулығы мен келешегі үшін қолайлы болуы тиіс екенін атап өтті.

Жиында жазушы-драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Елен Әлімжан, ақындар Жеткерген Әбдірейұлы, Баймаханбет Ахмет өз ойларын ортаға салып, Мемлекет басшысының ұстанып отырған саясатын толық қолдайтынын жеткізді. Ал жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы Конституция жобасын ыждағатпен оқып шыққанын, елдің жүрегін елжіретер ұтымды өзгерістер көп екенін айтса, ақын Үміт Битенова мемлекеттік тіл, елдің бірлігі мен тұтастығы, ұлтаралық қатынастар жөнінде өзінің бірқатар ұсыныстарын алға тартты.

Басқосуды облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қорытындылап, барша зиялы қауым өкілдеріне белсенділік көрсеткені үшін алғысын білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ