Аяз жоқ деп арқаны кеңге салуға болмайды
Президент тапсырмасымен бүгінде елімізде энергетика саласын дамытуға бағытталған кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Бұл ретте инфрақұрылымды ауқымды түрде жаңартуға және «жасыл экономиканы» жеделдете дамытуға айрықша назар аударылған. Жалпы, өңірімізде жылыту маусымы қалыпты өтіп жатыр. Десе де, бұл кезең «тосынсыйға» толы болатынын бір сәт қаперімізден шығармаған жөн. Сол себепті жылыту маусымын қалыпты өткізу үшін энергетика кешендері мен автономды қазандықтардың жай-күйіне айрықша көңіл бөлінуі тиіс. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте дәл осы мәселе кеңінен талқыланды.
Басқосу барысында аймақ басшысы ең әуелі қазіргі таңда елімізде ауқымды әрі жүйелі саяси өзгерістер жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Ол өз сөзінде саяси реформалар мен конституциялық өзгерістердің маңызына тоқталып, тұтастай ел тағдырына қатысты тарихи шешімдер қабылданатын о сындай сындарлы сәтте барша жұрт ауызбіршілік пен қоғамдық келісімнің үлгісін көрсетуі қажеттігін баса айтты.
Жиында күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – жылыту маусымының өту барысы бойынша облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркін Алтишев баяндама жасады. Оның айтуынша, жылыту маусымының қалыпты өтуін қамтамасыз ету мақсатында облыстық және жергілікті деңгейде арнайы штабтар құрылған. Ал құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйке с, облыст а жылыту маусымы 164 тәулікті құрайды. Бүгінгі күнге дейін жылыту маусымының 125 тәулігі өтіп, жалпы 812 мың гигакалория жылу энергиясы өндірілсе, қазіргі таңда облыс бойынша 9 жылу энергетика кешені мен 590 автономды қазандық штаттық режимде жұмыс істеуде.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жылыту маусымы барысында технологиялық бұзушылық тіркелгеніне баса назар аударды. Айта кетейік, технологиялық бұзушылықтарды тексеру қағидаларына сәйкес, мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау департаментінің басқарма өкілдерінен арнайы комиссия құрылып, жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізілген еді. Нәтижесінде, орын алған кемшіліктер қызметкерлердің қате әрекеттерінен болғаны анықталған. Қазіргі таңда аталған қызметкерлер қайта даярлау курсынан өтуде.
Абырой болғанда, технологиялық бұзушылық салдарынан жылу көздеріне зақым келмеген және жылыту жүйесінің тұтынушыларға жылу беруіне айтарлықтай әсер етпеген. Өз сөзінде өңір басшысы Ербол Қарашөкеев жауаптыларға жылыту маусымы әлі аяқталмағанын, оның қалыпты әрі тұрақты өтуін қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты. Барлық жылыту көздерінде бекітілген температуралық көрсеткіштердің қатаң сақталуын, ал отын-энергетика кешендерінің штаттық режимде үздіксіз жұмыс істеуі қажет екенін ескерткен облыс әкімі бұл жұмыстардың уақытылы әрі сапалы орындалуына бақылауды күшейтуді тапсырды. Ал облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім, денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт, мәдениет және тілдерді дамыту, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларына, сондай-ақ Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне жылыту маусымы толық аяқталғанға дейін барлық коммуналдық нысандардың штаттық режимде тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету жүктелді.
Жиын соңында облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Бекжан Кеңесбек көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің жай-күйі жөнінде баяндады.
Есен ӨТЕУЛІ