Қоғам

Адам баласы ойлауын тоқтатпау керек

Кейінгі кезде «Жасанды интеллект» тіркесін құлағымыз жиі шалады. Естіп қана қоймай, оны бүгінде кеңінен қолданып жүргендер де жетерлік. Жасанды интеллект — әлемдік технологиялық дамудың алдыңғы қатарында тұрған қазіргі ғылымның жаңа бағыты. Экономиканың түрлі саласында тиімділікті арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Елімізде де бұл үрдістен қалыс қалмай, жасанды интеллектіні енгізу мен дамыту бағытында нақты қадамдар жасап келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында таяу үш жылдың ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойған болатын.

Қазіргі таңда бұл бағытта жүйелі жұмыстар басталып та кетті. Ал Президент «Turkistan» газетіне берген сұхбатында: «Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екеніне сенімдімін. Қазақстан да экономика мен қоғамдық өмірге жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріп жатыр. Еліміздің бұл жұмысқа қатысты бастапқы мүмкіндіктері жаман емес» деп атап өткені белгілі.

Жасанды интеллект және цифрландырудың шарапаты тиген көп саланың бірі – білім беру саласы. Соңғы кезде оқытушылар мен мұғалімдер жасанды интеллектіні өз жұмысында еш қиындықсыз пайдаланып жүр. Бұрын күндік уақытын алған жұмысты бүгінде олар ЖИдың көмегімен он минутта орындайды.

Қазіргі таңда Қазақстанның білім беру жүйесі түбегейлі өзгерістерді бастан өткеруде. Цифрландыру үдерісі мен жасанды интеллект технологияларының дамуы білім беру саласына тың серпін беруде. Цифрландырудағы негізгі мақсат – бәсекеге қабілеттілікті арттыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, оқутәрбие процесін жеделдету және жеңілдету, балаларға, ұстаздарға, ата-аналарға жүктемені азайту. Ең бастысы – білім беру сапасын арттыру.

Балалар халықаралық деңгейде әртүрлі салаларда, оның ішінде, жасанды интеллект және ауқымды деректер жасау саласында бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Президент атап көрсеткендей, елді цифрландыру – бұл мақсат емес, бұл – Қазақстанның абсолюттік артықшылыққа қол жеткізу құралы. Бүкіл процесс жүйелілікті, реттілікті және кешенді тәсілді талап етеді.

Аудандық білім бөлімінің информатика пәні бойынша әдіскері Роза Керімбаева өңірде 30 білім беру ошағында директордың ақпараттық ісі жөніндегі орынбасары және Робототехника кабинеттері бар екендігін айтады. Оның сөзінше, өткен жылы ауданда білім беру мекемелеріндегі барлық пән мұға лімі «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының ұйымдастыруымен «Білім берудегі жасанды интеллект: инновациялық технологиялар мен оқу үдерісінің цифрлық трансформациясы» атты оқыту курсынан өткен.

Педагогтар қазіргі заман талабына сай жаңа технологияларды меңгеріп, оны білім беру үдерісінде тиімді пайдалануда. Жасанды интеллектіні әдіс-тәсіл ретінде қолдану арқылы мұғалімдер білім сапасын көтеруге, уақытты тиімді пайдалануға және заман талабына сай оқушыларға білім беруге машықтануда. Білім беру саласын цифрландырудың ең басты міндеті – білім беру сапасын арттыру, яғни, халықаралық дейгейде әртүрлі салаларда, оның ішінде «жасанды интеллект» және «ауқымды деректер» жасау саласында бәсекеге қабілетті ел жастарын дайындау.

Жасанды интеллектіні іске асыру – заман талабы. Оны тиімді пайдалану елдің инновациялық дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тікелей әсер етеді. Тек адам баласы ойлауды тоқтатпаса, сана-сезімін тоқырауға түсірмесе, жасанды интеллектіге құл болмайды.

 

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ

журналист.

Жуалы ауданы