Қоғам

500-ден астам ауыл цифрлық кеңістікке қосылды

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында елімізде спутниктік технологияларды пайдалану арқылы 504 ауылдық елді мекен интернет желісіне қосылды. Жобаны Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жүзеге асырды.

Ұлттық жобаның негізгі мақсаты – талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту немесе ұялы байланыс базалық стансаларын орнату экономикалық және техникалық тұрғыдан мүмкін емес шалғай әрі халқы аз елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету. Мұндай ауылдарда тұрғындарды тұрақты әрі жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамту үшін заманауи спутниктік байланыс жүйелері қолданылды.

Атап айтқанда, 2023 жылдан бастап KazSat ұлттық спутниктері арқылы 176 ауылдық елді мекен интернетке қосылды. Ал қалған 328 ауылдық елді мекен бейгеостационарлық спутниктік жүйелер (НГСО) негізіндегі OneWeb технологиясы арқылы, Jusan Mobile операторының қатысуымен интернетке қол жеткізді.

Осылайша, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасында көзделген барлық 504 ауылдық елді мекен спутниктік интернетпен толық қамтылды. Бұл шалғай аймақтарды цифрландыру жолындағы маңызды қадам болды.

Жобаның іске асырылуы ауыл тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Енді олар онлайн білім алу, электрондық мемлекеттік қызметтерді пайдалану, телемедицина қызметтеріне жүгіну, сондай-ақ туыстарымен және жақындарымен тұрақты байланыс орнату мүмкіндігіне ие болды. Бұл өз кезегінде ауылдық елді мекендердегі өмір сапасын арттырып, қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты азайтуға ықпал етеді.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ