«Отағасымен ілесіп жүріп, үлкен сахнаға шығып кеттім»
Отбасы – әр адамның бақыты. Осынау «шағын мемлекеттің» тыныштығы мен берекесі қоғамның дамуына әсер етеді. Қоғамда үлгілі отбасылар көп. Сондай үлгілі отбасының шуағы – бұл күнде 87 жасқа келген әжеміз, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрсифат Салықова.
Нұрсифат апай жас күнінде оқу орындарына бара алмаған екен. Бірақ, көзі ашық, сауатты кісі болған. Тағдыр Мақсұт Салықов деген азаматқа жолықтырып, Тараз қаласына (бұрынғы Жамбыл қаласы) келін болып түскен. Жолдасы Мақсұт облыстық қазақ драма театрында актер екен.
Қазіргі Асқар Тоқпанов атындағы академиялық қазақ драма театры екенін көпшілік жақсы біледі. Жас келіншек Нұрсифат та күйеуімен ілесіп, театрға барып жүріп, ондағы өнер адамдарымен түгел танысып алады. Әр күні отағасының қабағына қарап, түрлі дәмді тағамдарды да әзірлеп, азаматын асыға күтіп отырған. Екеуінің мінездері де, ойлары, өнерге деген көзқарастары да үйлесе кетеді. Отағасына әсіресе келіншегінің ән салғаны ұнайтын. Бөлекше, әсем дауысы бар. Содан Нұрсифат та іздене бастайды. Мақсұт барған тойларда, жиындарда көзге түсіп, ән салады. Бір күні театрдың сол жылдардағы директоры Әділ Төлебаев шақырып алып: «Сенің дикцияңды тексерсін, осында тәжірибеден өтесің. Бірер ай жақсы өнеріңмен көріне білсең, театрға актриса етіп жұмысқа қабылдаймын», – дейді.
Мұнан асқан қуаныш бола ма? Нұрсифат бұл жаңалықты ең алдымен отағасы Мақсұтпен бөліседі. Мақсұт ұсынысты құптай кетеді. Көп ұзамай Нұрсифат театрдың 6 адамнан құралған оркестрімен бірге ән айтып, дауыс дикциясын тексереді. Сынақтан сүрінбей өтеді. Театрда тәжірибесін шыңдауға кіріседі. Содан театрдың сырт облыстарға, көршілес республикаларға бірнеше айға созылған іссапары басталады.
Бұрынанан істеп жүрген артистермен бірге Нұрсифат Салықова да іссапарға кетеді. Бес ай сырт облыстарда жүріп келеді. Іссапардан келген соң, директор Әділ Төлебаев уәдесінде тұрып, Н.Салықованы актриса ретінде жұмысқа қабылдайды. Бұл 1959 жылдың 13 сәуірі екен. Апай жұмысқа қабылданған күнін жетпіс жылға жуық уақыт өтсе де ұмытпапты. Көп ұзамай апай сол кездегі Жамбыл мәдени ағарту училищесін сырттай оқып бітіріп алады. Оның баршасында тілеулес болып отағасы Қазақ КСР Еңбек сіңірген әртісі Мақсұт Салықов қасында жүреді. Екеуі бірнеше ұлқыздарды бірге тәрбиелеп өсірді. Олардан немере-шөбере сүйіп отыр.
Есет ДОСАЛЫ