Мәдениет

Тағдыры айтысқа жетелеп келген ақын

Қазақ үшін сөз – тек қарым-қатынас құралы емес, ол – мінез, ол – рух, ол – тағдыр. Сол тағдырын сөзбен өрген, өмірін айтысқа арнаған сирек тұлғалардың бірі – Шорабек Айдаров. Жетпіс жасқа толған ақынның ғұмыры – сахнада айтылған бір сәттік ұйқасқа толы өлеңдер емес, ұлт жадында қалған салмақты сөз, терең із.

Шорабек Айдаров 1955 жылы Талас өңірінің Аманкелді атты шағын ғана ауылында дүние есігін ашты. Бұл – желі де, жері де сөйлейтін, адамдары мақалмен амандасып, мәтелмен қоштасатын қасиетті мекен. Ауыл сыртындағы аталар қазған «Жұмабек» каналы туралы «арғы бетіне шықсаң, шөбі де сөйлейді» деген тәмсіл бекер айтылмаған. Сол «сөйлейтін» топырақта өскен бала Шорабектің сөзге үйір болмауы мүмкін де емес еді. Бұл ауылдан Социалистік Еңбек Ерлері мен жыр иелері қаптап қатар шықты.

Осындай ортада қалыптасқан бала жүрек өлеңге ерте бой ұрды. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ әдебиет пәнінен сабақ берген Есалы Қырықбаевтың ықпалымен сахнаның иісі мен сөздің салмағын сезінді. Қойылымдарда рөл ойнап, көрерменнің көзін көріп өскен жасөспірімнің бойында өнерге деген жауапкершілік те ерте қалыптасты. Бірде бала Шорабек жайлауда жүріп жерден машинкамен басылған бір парақ қағаз тауып алады. «Бүркітші ата» деп аталатын өлең. Авторы – Жанғара Дәдебаев. Сол бір кездейсоқ табылған өлең бала қиялына шоқ тастағандай әсер етті. Кейін есейіп, ақындыққа келгенде өзі де сол сәтті өнерге бет бұрғызған белгі деп түсінді. Алғашқы өлеңдерін ұстазы Есалы Қырықбаев өңдеп, аудандық газетке жолдады. Сол тырнақалды жырдың әнге айналып, елге тарауы – жас ақын үшін үлкен демеу, үлкен үміт еді. Шорабек Айдаровтың айтысқа келуі – дайындықпен емес, тағдырдың өзі жетелеп әкелген жол секілді. Алматыда оқып жүріп Есенқұл Жақыпбековпен танысуы айтыс әлемінің есігін айқара ашты. Айтыстың сырт көзге ғана оңай көрінетінін, ал шын мәнінде үлкен дайындық пен терең білімді қажет ететін күрделі өнер екенін сол кезде ұқты. 1984 жылы облыстық айтысқа қатысу туралы ұсыныс түскенде, ол сәтті көп ойланбастан қабылдады.

Осылайша қазақ айтысына Шорабек Айдаров деген есім қосылды. Оның сахнадағы болмысы – салмақты, мысқылды, өз мақамымен өрілген еді. Шорабек Айдаровтың рухани ерлігі – Ұлбике Жанкелдіқызының мұрасын қорғауы. Тарихтың қатпарында көмескі тартқан ақын қыздың өлеңдері өзгенің атына телініп кеткенін көргенде, ол бейжай қала алмады. Зерттеді, жазды, қозғау салды. Нәтижесінде Талас жерінде «Ұлбике ақын күндері» өтіп, ақын рухы қайта тірілді. Бұл күндер тек өткенге тағзым емес, болашаққа жол ашқан үлкен мәдени құбылыс болды. Сол айтыстардан жаңа есімдер, жаңа үміттер көрінді. Шорабектің төңірегіне жиналған жас ақындар бірінен соң бірі сахнаға көтерілді. Осылайша Талас топырағында тұтас бір айтыс мектебі қалыптасты. Уақыт өте келе ақын айтыстан алыстады. Бірақ ол айтысты тастаған жоқ. Тұрмыс тауқыметі, денсаулық, қаржы мәселесі – бәрі бір сәтте қабат келді. Сол шақта айтқан бір ауыз сөзі бар: «Мен айтысты тастаған жоқпын, айтыс мені тастап кетті». Бұл – өкпе емес, өмір шындығы еді. Шорабек Айдаров бүгінгі айтысты сырттай бақылап, ой түйеді. Оның көңілін толтырмайтын екі мәселе бар: ақындардың бір-біріне ұқсап бара жатқаны және келісіп айтысу үрдісі. «Бұрын бір ауыз сөз халықтың жадында жылдар бойы жүретін. Айтылған шумақтың мәні мен маңызы болатын. Ал, қазір неге екенін қайдам, көп жағдайда сахнадағы сөз сол сахнада қалып қояды», – деп өз ойын ортаға салады айтыскер.

Бұл жерде алтын сөздің бәрі біздің тұсымызда айтылды деген тәкаппарлық емес, айтыстың қазіргі қозғалысына алаңдау басым. Неге олай болды екен өкініш, айтыстың болашағы жарқын болса екен деген тілек бар. Шорабек Айдаровты айтыс ақыны, айтқыш, тапқыр ретіде білетін жұрт, оның тамаша лирик ақын екенін де біле жүрсе дейміз. Оның сонау бозбала кезінде жазған мына бір жыры оның жазба ақын ретінде де талай асуды бағындыратын шығармашылық әлеуетін танытады. Мәселен мынау өлеңіне назар аударсақ:

Сен болып бәрі кеткен бе?

Жас жүрек тынбай тулайды,

Көңілде мақсат бар ізгі.

Жапырақ сен боп шулайды,

Шақырған өзің тәрізді.

 

Ақ қайың тыныш тұрмайды,

Бейнеңді сенің салды анық.

Өзің боп қолын бұлғайды,

Құшақты жаям алданып.

 

Бұлқынып жүрек жұлқынды,

Келген бір сәтте құлаққа ән.

Өзіңнің әсем күлкіңді,

Естідім ерке бұлақтан.

 

Елеске мәз боп мен кеттім,

Ғашық боп гүлзар көктемге.

Жаным-ау, дүние жер-көктің,

Сен болып бәрі кеткен бе?

Көрдіңіздер ме, он алты, он жеті жастағы жігіттің қаламынан кезінде осындай жыр туған. Сол уақыттан бастап жазба жырдың соңына шам алып түскенде, бүгінде Шорабек Айдаровты айтыс өнері ғана емес, қазақ поэзиясы алыптарының қатарынан көрер ме едік, кім білсін. Бірақ ол өзгелер сияқты жас кезінен Алматыға сіңіп, ақын болуды емес, аудан мен облыстағы мәдениет пен өнерге үлес қосуды, оның халық театры, ақындар айтысы, музейі, газеті де бар, бәріне белсене атсалысты. Соның ішінде айтыстағы ізі, соны соқпағы әлі күнге дейін шәкірттерінің аузында, елінің есінде аңызға айналып, жиі айтылуда, қайта-қайта жазылуда.

Осы ретте Шорабек Айдаровтың қаламынан туған және бір жырын еске салып өтсек артық болмас.

Бауырлар-ау бұл қалай?

«Бұлақсыз көл суалады,

 Баласыз ел суалады».

 

(Халық даналығы)

Балаларын бабалар көпсінбеген,

Бір-біріне серік боп өссін деген.

Қырық түрін қарғыстың білген қазақ:

 

«Тұяқсыз қал!» – деп бірақ тепсінбеген.

 

Қызық қуып, қыр кезген ата-бабам,

Қуанышқа қашан да қаталаған.

 

Өгей ұлды өксітпей өсіргенді:

«Қубассың!» – деп ешқашан атамаған.

Құдайынан қызығын көп тілесіп,

Тербелсе деп тоқталмай текті бесік.

Жатпай-тұрмай жас иіс аңсай берген Басқалары «боқ сасып» кетті десіп.

Бақыт табу баласыз, сірә, жалған!

 

Болған бедеу-бейбақта бір-ақ арман:

Жатпай-тұрмай жалынып, жалбарынып,

Жаратқаннан жалғыз ұл сұрап алған.

Бар кезінде бармын деп тасымаған,

 

Жоқ кезінде жоқпын деп жасымаған.

Қазығында қарасы болмаса да,

Қазақ атам он жанды асыраған.

Балалы үйден дегендей бақ қаша ма?

 

Арыстай ұл туыпты ақ бас ана.

Отбасынан он бала өрбітіпті,

«Ардақты Ана» орденін тақпаса да.

...Бала, бала. Кім оны жек көреді?

 

Бал қызықтың белгілі көп керегі.

Бүгіндері бірақта кейбір кербез

Бір ұл және бір қызбен шектеледі.

Еркінсудің жеттік пе ең шегіне,

 

Бала тәннің артық бір бөлшегі ме?

Бір ұл, бір қыз қалалық бауырлардың,

Бара жатыр айналып өлшеміне.

Бара жатыр бұл күні сезім жүдеп,

 

Бәз біреулер баладан безінді кеп.

Сары қарын, салпы етек болмау үшін,

Құрсағының қояды көзін бітеп.

Ұрпақ болар ұрықты бойға қамап,

 

Өмір жайлы өксірміз ойлап ағат.

Кейбіреудің көңілі бала да емес,

Аңдитыны алтын мен той- томалақ.

Байлық шіркін болады кімге пана?

 

Бақыт па екен үлде мен бүлде ғана?

«Аборт» атты ажалдың арқасында,

Азайып та қалыпты-ау шілдехана.

Болмас дейме бетіме, сірә, салық,

 

Сылаң қағып сылқым жүр рас, анық.

Жарық дүние аңсаған жан иесін,

Бір көрден ап, бір көрге тыға салып.

Таба қалса тобырдан толық қоштау,

 

Бір сұмдыққа болады-ау, анық бастау.

Тас бауырлық емес пе, тіршілікті

Тәнге біткен түйіндей алып тастау.

Жазығы не, бәрібір жазалайды,

 

Қайран болам жоқтаусыз қаза жайлы.

Бар жоғын да дүниеден білмей кеткен,

Күнәсіздер көңілімді мазалайды.

Белшемізден ырысқа кенелдік те,

 

Болашақты жамсата жөнелдік пе?

Бауырлар-ау, бұнымыз біз көргенді,

Балаларым көрмесін дегендік пе?

Бұзып-жарып болмысты болмай халық,

 

Бұрыс кеткен бұзықты қолдай ма анық?

Екі сынып қашанғы бірігеді,

Бала саны мектепте толмай қалып.

«Өмір сүргің келе ме, өлі ту» – деп Жүргендерден болады не күтуге?

 

Қазықбастар қоғамның мүшелерін Дүниеге келтірмей кемітуде.

Жарық дүние аңсаған жас баласын,

Жоқ қылады, сұмдық-ай, масқара шын.

Жарларыңды, жігіттер, абайлаңдар,

 

Ұлы адамды алдыртып тастамасын!

Жақтырмасаң жырымды кектесе бер,

Жан емеспін, әйтеуір жоққа сенер.

Осы індетті жоятын туар біреу,

Оның өзі аборт боп кетпесе егер.

Білетіндердің айтуынша, осы өлеңінен кейін Талас ауданындағы көзі ашық, көкірегі ояу басшылар Шорабек Айдаровты ауылда жүрген жерінен аудан орталығына шақыртып, аудандық мәдениет бөлімінен қызмет беріп, аудан мен облыс өнеріне қызмет етуге жағдай жасаған екен. Ал өлеңнің көтерген әлеуметтік жүгі, өздеріңіз оқып, біліп отырғандай, өз алдына бір төбе. Ал бүгінде әлеуметтік желіде тараған ақсақал образындағы бейнежазбалары – Шорабек Айдаровтың алағай да бұлағай қоғамға айтқан абыз атаға тән ақыл-кеңесі. Онда айқай жоқ, бірақ салмақ бар. Ол бейнелер – ұмытылып бара жатқан ұлттық кейіптің көрінісі.

Өмірінің әр кезеңінде мәдениет пен журналистика саласында қызмет атқарған ақын жүрегін жарып шыққан жырлары арқылы өтпелі кезеңдегі рухани жұтаңдыққа қарсы тұрды. Оның бар мақсаты – адамдықты, кешірімділікті, ұлттық мінезді жоғалтпау. Жетпіс жас – еңсерілген белес, бірақ аяқталған жол емес. Шорабек Айдаровтың ғұмыры – сөзге адалдықтың, рухқа қызмет етудің айқын көрінісі. Оның айтқан сөзі айтыс сахнасында ғана емес, ел жадында, шәкірттерінің бойында, ұлт рухында өмір сүріп келеді.

 

Ақмарал ІЛЕБАЕВА

облыстық айтыскер ақындар мен жыршы-термешілер орталығының әдіскері.

Тараз қаласы