Қауіпсіздік алдын алудан басталады
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бөлімдерінің қызметкерлері жыл бойы қала, аудандар аумағындағы сауда орталықтары мен адам көп шоғырланатын орындарда тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, қауіпсіздік мәселелері бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Кездесулер барысында азаматтарға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, жылыту маусымында қауіптің алдын алу, улы газдан уланбау жолдары, балаларды қараусыз қалдырмаудың маңыздылығы, олардың терезеден құлау оқиғаларының алдын алу, автокөліктегі өрт қауіпсіздігі және жер сілкінісі кезінде дұрыс іс-әрекет ету тәртібі кеңінен түсіндірілуде. Мұндай іс-шаралар тұрғындардың күнделікті өмірде қауіпсіздік ережелерін сақтауына бағытталып, азаматтардың өз өмірі мен жақындарының амандығына жауапкершілікпен қарауына ықпал етері сөзсіз.
Өзіңді тексеріп, өміріңді сақта!
Еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі өрттің алдын алу және азаматтардың өмірі мен мүлкіне қауіп-қатерді азайту мақсатында «Өзіңізді тексеріп, қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етіңіз!» профилактикалық акциясын іске қосты. Акция ең алдымен кәсіпкерлерге, ұйымдардың басшылары мен объектілердің иелеріне практикалық және консультациялық көмек көрсетуге арналған.
Аталған іс-шара негізінен әкімшілік ықпал ету шараларын қолданбай, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың алдын алуға, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінде пайдаланылатын объектілердің қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті тұрақты түсінуді қалыптастыруға бағытталған. Акция аясында өрт дабылының автоматты жүйелерінің жағдайына ерекше назар аударылады. Кәсіпкерлер мен адамдар көп жиналатын объектілердің, сондай-ақ қоғамдық тамақтану, сауда, денсаулық сақтау, білім беру объектілерінің және үй басқарушы ұйымдардың басшыларымен және иелерімен профилактикалық әңгімелер мен нұсқамалар өткізіледі.
Кездесулер барысында өрт автоматикасы жұмысының принциптері, оны пайдалану тәртібі, сондай-ақ уақытылы техникалық қызмет көрсетудің маңыздылығы түсіндіріледі. Кәсіпкерлер мен объектілердің иелеріне өрт дабылы жүйелерінің жұмысқа қабілеттілігін өз бетінше тексеру және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, адамдардың өмірін сақтауға және мүлікті қорғауға бағытталған алдын алу шараларын қабылдау жөнінде ұсынымдар беріледі. Бизнес-қоғамдастықпен және үй басқарушы ұйымдармен ашық диалог құру мақсатында өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша консультациялық кеңестер құрылды. Олардың жұмысы шеңберінде объектілердің белгіленген талаптарға сәйкестігі, жалпы пайдаланылатын аумақтарды қауіпсіз жайластыру және өрттің туындауына ықпал ететін факторларға жол бермеу мәселелері қаралады.
Консультациялық көмек форматында өрт дабылы жүйелерінің жарамдылығын тексеру бойынша жұмыстар жүргізілуде, бұл кәсіпкерлерге ықтимал кемшіліктерді уақытылы анықтауға және жоюға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері кәсіпкерлер «Атамекен» ҰКП қолдауымен 56 дөңгелек үстел және кездесу ұйымдастырды, онда өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезінде кәсіпкерлердің құқықтары, сондайақ мемлекеттік органдармен профилактикалық өзара іс-қимыл тетіктері түсіндірілді.
Төтенше жағдайлар министрлігі кәсіпкерлерді профилактикалық акцияға белсенді қосылуға, өз объектілерінде өрт автоматикасының, құлақтандыру жүйелерінің, алғашқы өрт сөндіру құралдарының жұмысқа қабілеттілігін тексеруге және қажет болған жағдайда төтенше жағдайлар департаменті мамандарынан консультациялық көмек сұрауға шақырады. Уақытылы алдын алу шараларын жүргізу өрт қаупін азайтуға және қызметкерлер мен келушілер үшін қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жүргізушілер арнайы көліктерге жол бере ме?
Төтенше жағдайлар министрлігі «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Жол бер!» республикалық профилактикалық акциясын бастады. Оның мақсаты – жүргізушілерге жолда жауапкершілік пен сыйластық таныту маңызды екенін еске салу және жедел қызметтердің шақыру орнына кедергісіз жетуін қамтамасыз ету. Акция аясында блогерлердің қатысуымен және дрондарды қолдану арқылы әлеуметтік тәжірибе жүргізіледі. Бұл формат жол жағдайын сырттан көруге мүмкіндік береді және жарықдиодты маяк пен сирена қосылған арнайы көліктерге уақытылы жол беру қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетеді.
Ведомствоның хабарлауынша, сынақ өткізу алаңы ретінде алдымен Алматы мен Шымкент қалалары таңдалды. Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт сөндіру автокөліктері мен Апаттар медицинасы орталығы реанимобильдерінің қозғалысы FPVдрон арқылы әуеден түсірілді. Мұндай түсіру форматы жол жағдайын және жүргізушілердің әрекетін бұрмалаусыз, субъективті түрде талдауға мүмкіндік берді. Әуеден бейнетүсірілімді кәсіби операторлар мен блогерлер жүзеге асырды. Бейнематериалдар жүргізушілердің басым көпшілігі арнайы көліктерге уақытылы жол беретінін көрсетті. Алайда мұндай жағдайда бірнеше секундтың өзі қымбатқа түсуі мүмкін. Министрлік барлық жол қозғалысының қатысушыларын абай болуға, ережелерді сақтауға және арнайы көліктерге әрқашан жол беруге шақырады.
«Жол бер!» бастамасы еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасуда. Мәселен, республикалық акция аясында кеше Тараз қаласында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелеріне тиесілі арнайы автокөліктерге жол беру тақырыбында тұрғындар арасында әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Халықтың азаматтық қорғау органдарына, сондай-ақ құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің қызметіне деген көзқарасын зерделеуге бағытталған сауалнама барысында қала тұрғындарына жол қозғалысы мәдениеті, дыбыстық және жарықтық белгі беру құралдары қосылған арнайы автокөліктерге жол беру дайындығы, сондай-ақ жедел қызметтердің уақытылы жетуінің маңыздылығы жөнінде сұрақтар қойылды.
Аталған іс-шара азаматтардың қауіпсіздік талаптарына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға және халық пен жедел қызметтер арасындағы өзара іс-қимылды арттыруға бағытталған.
Су айдындарында қауіпсіздік шаралары күшейтілуде
Бүгінде еліміздің барлық өңірінде, соның ішінде облысымызда да көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары ұйымдастырылуда. Сондай іс-шараның бірі жақында Сарысу ауданында ұйымдастырылып, төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері көктемгі су тасқынының алдын алу және су нысандарының қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында аудан аумағында орналасқан «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қарасты «Ынталы» және «Бүркітті» су қоймаларында зерделеу жұмыстарын жүргізді. Зерделеу барысында су қоймаларының техникалық жай-күйі, бөгеттер мен су өткізу құрылыстарының жағдайы, су деңгейі мен өткізу мүмкіндіктері жан-жақты қаралды. Сондай-ақ ықтимал қауіп-қатерлер анықталып, су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша қажетті ұсынымдар берілді.
Аталған жұмыстардың мақсаты – көктемгі қар еріген кезеңде су қоймаларындағы судың қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету, елді мекендер мен инфрақұрылым нысандарына келуі мүмкін зиянның алдын алу. Алдағы уақытта су қоймаларындағы жағдай тұрақты бақылауға алынып, жауапты мекемелермен бірлескен профилактикалық шаралар жалғасын табатын болады.
Шу және Талас аудандарындағы су айдындарында да қауіпсіздік бойынша профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылды. Мұнда төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында балықшылар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында азаматтарға су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау, қауіпті жағдайлардың алдын алу және төтенше жағдай туындаған кезде дұрыс әрекет ету тәртібі түсіндірілді.
Аталған профилактикалық жұмыстар жазатайым оқиғалардың алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталған. Шу қаласында жедел-құтқару жасағының бөлімшесі мұз үстіндегі қауіпсіздік пен зардап шеккендерге көмек көрсету дағдыларын пысықтау мақсатында оқу-жаттығу сабақтарын өткізді.
Іс-шара барысында құтқарушылар мұз үстінде зардап шеккендерге арнайы құтқару құралдарын қолдана отырып көмек көрсету, өзін-өзі құтқару тәсілдері бойынша практикалық іс-қимылдарды орындады. Сонымен қатар суға батып кеткен адамдарды іздеу және құтқару дағдыларын жетілдіру мақсатында мұз астына сүңгу бойынша водолаздық түсу әрекеттері жүргізілді. Оқу-жаттығу сабақтары Шу ауданы аумағындағы «Тасөткел» су қоймасында өткізілді. Оқу-жаттығу қыс мезгілінде су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және құтқарушылардың кәсіби даярлығын арттыруға бағытталды.
Жақында «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасында Жуалы ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері балықшылар арасында мұз үстіндегі қауіпсіздік шаралары бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, онда азаматтарға мұздың қалыңдығына мән беру, қауіпті аймақтардан аулақ болу, жеке қауіпсіздік құралдарын пайдалану және төтенше жағдай туындаған кезде дұрыс әрекет ету тәртібі түсіндірілді.
ТЖ нөмірлеріне хабарласу тәртібі түсіндірілді
Жылыту маусымы кезінде тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Осыған орай Меркі ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері Жамбыл ауылдық округіндегі көпқабатты тұрғын үйлерде жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қыс мезгілінде пештерді, электр және газ жылытқыштарын пайдалану артатындықтан, оларды қауіпсіз қолдану талаптары тұрғындарға ескертілді. Сондай-ақ өрттің алдын алу шаралары мен төтенше жағдайда «101» және «112» нөмірлеріне хабарласу тәртібі түсіндірілді. Ал Сарысу ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері жылыту маусымының өтуіне байланысты Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара барысында оқушылар мен мектеп ұжымына өрттің негізгі себептері, электр және жылыту құралдарын қауіпсіз пайдалану, сондай-ақ төтенше жағдай кезінде алғашқы әрекеттер жан-жақты түсіндірілді. Аталған профилактикалық жұмыстар балалардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және өрт оқиғаларының алдын алуға бағытталғанын айта кеткен жөн. Талас ауданында да өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық жұмыстар жыл бойы жүргізіліп келеді. №21 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері Майтөбе ауылының тұрғындарына жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі, балалардың қауіпсіздігі, қысқы кезеңдегі су айдындарындағы қауіпсіздік, автокөліктегі өрт қауіпсіздігі және жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекеттер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жақында Меркі ауданында газ-түтіннен қорғау қызметі бойынша практикалық жаттығу өтті. Төтенше жағдайлар бөлімінің №9 өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкерлері газ-түтіннен қорғау қызметі буынымен таза ауада практикалық жаттығу жұмыстарын өткізді. Жаттығудың негізгі мақсаты – жеке құрамның кәсіби даярлығын арттыру, тыныс алу аппараттарымен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру және төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрі жедел әрекет ету қабілетін дамыту болды. Іс-шара барысында қызметкерлер арнайы қорғаныс құралдарын дұрыс пайдалану, ГТҚҚ буыны құрамында үйлесімді әрекет ету, физикалық төзімділікті арттыру және шартты тапсырмаларды орындау бойынша тәжірибе жинақтады. Мұндай жаттығулар жеке құрамның жауынгерлік даярлығын нығайтып, өрт және басқа да төтенше жағдайлар кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал ететіні сөзсіз.
Аудандық жылу-электрстансасы және «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесінің қызметкерлерімен бірлесіп, тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі мен улы газдан уланудың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізген Шу ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері іс-шара барысында пеш пен газ құрылғыларын қауіпсіз пайдалану, желдетудің маңыздылығы және улы газдың қауіптілігі туралы мәліметтер берді. Улы газ – иіссіз, көзге көрінбейтін, бірақ адам өміріне аса қауіпті. Сондықтан алдын алу мақсатында тұрғын үйлерге улы газды анықтайтын сигналдық датчиктер орнатылып, олардың жұмыс тәртібі көрсетілді.
Еске сала кетсек, 1 ақпаннан бастап елімізде кез келген нысанды қабылдау және пайдалануға бермес бұрын оның өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытындыны алуды міндеттеуді көздейтін азаматтық қорғау саласындағы жаңа талап күшіне енді. Бұл міндет құрылысқа тапсырыс берушіге жүктеледі және адамдар жаппай болатын нысандарға, сондай-ақ биіктігі 28 метрден асатын ғимараттарға, оның ішінде көппәтерлі тұрғын үйлерге де қолданылады.
«Автокөліктегі өрт қауіпсіздігі» акциясы жалғасуда
Тараз қаласында автокөліктердегі өрт қауіпсіздігін арттыру мақсатында профилактикалық акция өткізілді. Акция аясында автосервис орталықтарында, гараж кооперативтерінде және автотұрақтарда автокөлік иелері мен қызметкерлеріне өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шара барысында өрттің негізгі себептері мен оның алдын алу жолдары түсіндірілді. Аталған акцияға еріктілер де қатысып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мұндай бағыттағы профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Байзақ ауданында да автокөліктердегі өрт қауіпсіздігі бойынша акция өтті.
Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері аудандық полиция бөлімімен бірлесіп «Автокөліктегі өрт қауіпсіздігі» акциясы аясында профилактикалық үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Ісшара барысында автокөлік жүргізушілеріне автокөліктегі өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, көліктің техникалық жағдайын тұрақты бақылау, электр сымдарының ақаусыздығын қадағалау, сондай-ақ өрт сөндіргіштің болуы мен оны дұрыс қолдану тәртібі туралы түсіндірілді. Аталған акция жол-көлік құралдарында өрттің алдын алуға, жүргізушілердің қауіпсіздік мәдениетін арттыруға және төтенше жағдайлардың туындау қаупін төмендетуге бағытталды. Автокөліктегі өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық жұмыстар Меркі ауданында жалғасып, автокөліктегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.
Іс-шара барысында жүргізушілерге автокөліктегі өрттің негізгі себептері, олардың алдын алу жолдары, сондай-ақ төтенше жағдай туындаған жағдайда дұрыс әрекет ету тәртібі туралы ақпараттар берілді. Сонымен қатар, автокөлікте алғашқы өрт сөндіру құралдары болуының маңыздылығы, электр сымдарының жарамды әрі ақаусыз күйде болуы, жанармай жүйесінің қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды.
Оқушылар қызығушылық танытты
Т.Рысқұлов ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің №10 өрт сөндіру бөлімшесі аумағында «Ашық есік күні» ұйымдастырылды. Ісшара барысында оқушылар азаматтық қорғау қызметкерлерінің күнделікті қызметімен, жұмыс атқаратын орындарымен танысып, өрт сөндіру және құтқару техникаларын, сондай-ақ арнайы өрт сөндіру және авариялық-құтқару жабдықтарын көрді. Құтқарушылар оқушыларға өздерінің күнделікті атқаратын қызметі, өртке шыққан кезде кездесетін қиындықтар мен жауапкершілік туралы кеңінен айтып берді.
Кездесу барысында балалар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, олардың құтқарушы мамандығына деген қызығушылықтары мен құрметтері арта түсті. Жуалы ауданы Б.Момышұлы ауылының №7 өрт сөндіру бөлімінде ұйымдастырылған «Ашық есік күніне» Ақбастау ауылындағы Б.Майлин атындағы орта мектептің 9-сынып оқушылары қатысты. Бұл күні балалар өрт сөндірушілердің күнделікті қызметімен, бөлімнің тұрмысымен және қолданылатын өрт сөндіру техникасымен танысты.
Қызметкерлер арнайы киімдер мен құрал-жабдықтарды таныстырып, өрт қауіпсіздігі ережелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар оқушыларға Төтенше жағдайлар министрлігінің М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясына түсу мүмкіндіктері бойынша жан-жақты ақпараттар берілді.
Маңызды тақырып қамтылған сабақ
Тараз қаласының төтенше жағдайлар басқармасында Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлерімен «Өрт немесе өзге де түрлі сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдері» тақырыбында сабақ өткізіліп, аталған шараға қалалық өрт сөндіру бөлімдерінің өрт сөндіруші-құтқарушылары қатысты.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Ертай Райымбеков мұндай сабақтың маңыздылығына ерекше тоқталып, төтенше жағдай аймағынан құтқарылған адамға дұрыс бағытта медициналық көмек көрсетудің әдіс-тәсілдері құтқарушылар үшін өте қажетті білімдердің бірі екендігін баса айтты.
Сабақ барысында зардап шеккен адамды төтенше жағдай аймағынан көтеріп алып шыққандағы дұрыс ұстау әдістерінен бастап, жасанды тыныс алдыру секілді жаттығулар тәжірибелік тұрғыдан пысықталды. Мұндай бағыттағы жаттығулар құтқарушылар үшін артық болмасы анық.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП