Жас сақшы-мектеп қорғаны
Бүгінгі аға буын өкілдері бала кезінде үлкендердің «менің милициям мені қорғайды» деп ән салғанын талай рет естігені анық. Қарапайым жұрттың осы бір сеніміне селкеу түспеуі үшін бүгінгі таңда елімізде құқық қорғау қызметкерлеріне қойылатын талап пен белгілі бір стандарттар деңгейі күн санап күшейіп келеді. Жалпы, бұл – заңды құбылыс. Өйткені қазақстандықтардың құқығы тапталмауы мен мүдделерінің аяқ асты қалмауында тәртіп сақшылары маңызды рөл атқарады. Ал полицейлердің қоғаммен тығыз байланыс орнатып, ашық әңгіме жүргізуіне мектептерде ашылған «Жас сақшы» сыныбының қосар үлесі зор. Себебі жас жеткіншектерге «Заң мен тәртіп» қағидатын қатаң сақтаудың маңыздылығын түсіндіру мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бәрінің бірдей атсалысуын қамтамасыз етуде нақ осы сыныптың көтерер жүгі ауыр.
Естеріңізде болса, өткен аптада Жамбыл ауданындағы Әзімбек Исмаилұлы атындағы орта мектепте салтанатты түрде Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов атындағы «Жас сақшы» сыныбы ашылған еді. Ал бірер күн бұрын облыс орталығында орналасқан Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясында әскери-патриоттық тәрбие беретін дәл осындай сыныптың тұсауы кесілді. Өңірлік полиция департаменті мен аталған мектеп әкімшілігінің ұйытқы болуымен іске қосылған «Жас сақшы» сыныбының салтанатты ашылу рәсіміне құқық қорғау саласының өкілдері, атааналар, ұстаздар қауымы мен оқушылар қатысты.
Мемлекеттік Әнұранның шырқалуымен басталған шара барысында жеткіншіктер сайдың серке тасындай қатар тізілді. Бұдан кейін әскерипатриоттық сыныбының әрбір мүшесі салтанатты түрде ант қабылдады. Атап өтерлігі, бұл сыныптың құрамына 20 оқушы қабылданған. Облыстық полиция департаментінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Ғалымжан Оразбековтің сөзінше, қазіргі таңда өңір көлемінде жиырмадан астам «Жас сақшы» әскери-патриоттық сыныбы ашылып, жас ұрпақты құқық қорғау қызметіне баулуда жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Мұнан соң Тараз қалалық білім бөлімінің бас маманы Қайрат Үкібасов пен гимназия директоры Айнұр Егетайқызы құттықтау сөз сөйлеп, игі бастаманы жүзеге асырған азаматтарға шынайы ризашылықтарын айтты. Олар өз сөздерінде жас сақшыларға білім мен тәртіпті қатар ұстанып, елге адал қызмет ететін азамат болып қалыптасуларына тілектестіктерін білдірді.
Айта кетейік, нақ осы іс-шараның негізгі мақсаты – жас өрендердің бойына патриоттық рух дарыту, оларды Отанға адал қызмет ету жолына бағыттау, темірдей тәртіп пен жігерлілікке тәрбиелеу. Бастысы, еселі еңбек зая кетпеуі тиіс. Өйткені «Жас сақшы» сыныбын ашу үшін көптеген азаматтар тер төккен. Шара барысында аталған сыныптың ашылуына белсене атсалысып, кейінгілерге үлгі көрсеткен бірқатар қызметкерлер марапатталды. Жиын соңында мектеп оқушылары «Батыр бабам Бауыржан» әнін нақышына келтіре орындап, қазақ халықының әйгілі композиторлардың күйлерін тамылжыта тартты.
Есен ӨТЕУЛІ