Халің қалай, қазақ әскері?
Кейінгі жылдары елімізде әскери қызметке қатысты мәселе қоғам назарынан түспей келеді. Әсіресе әлеуметтік желіде желдей есіп жатқан ақпараттардан кейде аяқ алып жүре алмайтын деңгейге де жетіп қалдық. Олардың арасында ақ-қарасы жіті ажыратылмаған, жалаң деректермен дегбіріп кеткендері де бар. Тіпті әскердегі әлімжеттікке қатысты әлдекімдер шығарған кино үзінділер бүгінгі әскердің бейнесі сияқты таралуда. Әрине мұндай жағдайлар көпшіліктің әскерге деген көзқарасына кері әсерін тигізіп жатқаны анық. Соның салдарынан армияда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар көлеңкеде қалып қояды. Осы себепті оқырман қауым ел әскерінде жүзеге асып жатқан іргелі істер жөнінде білуі тиіс.
Алдын алу – алғышарт
Жер басып жүрген кез келген пендеде кемшілік болатыны секілді, қоғамда да, оның ішіндегі қорғаныста да қылаң беріп жататын кем-кетіктер бар. Алайда бүгінгі қоғам соның салдарымен емес, себебімен күресуді мықтап қолға алған. Десе де, бұл тұрғыда ел қорғанысындағы әскердің, оған жетекшілік ететін басшылықтың ықылас-ниетін ерекше айта кеткен жөн. Дәлел қайда? Ендеше, нақты деректермен екшелей кетейік.
Елдің арасында «сарбаздың өз-өзіне қол жұмсау оқиғасына» қатысты әртүрлі әңгімелер көп. Біздің армия мұндай жағдайдан ада деп айта алмаймыз. Әйтсе де, мұның себебіне еліміздің қорғаныс саласы тереңдеп үңіле бастады. Мәселен, биылғы күзгі шақыру науқаны кезінде әскери психологтар жаңа PSY-РИСК әдісін қолданған. Нәтиже қандай? Әлгі әдіс негізінде өткен тестілеуде 700-ден астам жас буын азаматтан суицидалды кінәрат анықталған. Осылайша олар әскерден шеттетіліпті. Яғни, нақты алдын алу шарасы жасалған. Бұл – бір.
Екіншіден, әскер жасындағы жастардың армияға деген дайындығы, таным-түсінігі мектепте қалыптасуы тиіс. Өкінішке қарай, осы үрдіс біздің қоғамда соңғы жылдарда үзіле бастаған. Нәтижесінде, егемен еліміздің Қорғаныс министрлігі бастамашы болып осы олқылықтың орнын толтыруға нақты қадам жасады. Бәрімізге белгілі, мектеп жасында әскерипатриоттық тәрбие беруде алғашқы әскери дайындық пәні өткізіледі.
Шын мәнінде, бұл пәннің келешекте Отанын, жерін, елін қорғай алатын, намысты, жігерлі ұл-қыз тәрбиелеуде, әскер қатарына сауатты, моральдық жағынан дайын азаматтар даярлауда тигізер септігі көп. Алайда кейінгі жылдары оның оқу процесінде біраз кемшіліктерге жол берілген. «Көз жеткізгеніміздей, бұл пән 36 сағатқа дейін қысқарып кеткен. Қысқарғанымен қоймай, ол технология деген сабақпен бірге жүретін болған. 7 мыңдай мұғалім дәріс берсе, соның жартысы қыз бала екен. Жалпы, бұл пәнді әскери тәжірибесі бар, психологиялық тұрғыда пәрмен беріп, өзі үлгі бола алатын, әскери дайындықты жетік білетін ер азамат өткізуі керек. Сол себепті елдегі тиісті заңға өзгеріс енгізілді. Қазіргі таңда он жыл әскери тәжірибесі бар азамат қана сабақ бере алады. Сондайақ аталған пән 36-дан 96 сағатқа көбейді.
Осындай жағымды өзгерістер болып жатыр», – деп мәлімдеді Қорғаныс министрлігіне қарасты тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев.
Үшіншішіден, бұл күнде жоғары оқу орындарындағы Әскери кафедраларға қатысты анықталған олқылықтардың да орны тола бастаған. Мәселен, тиісті заң талаптары болмағандықтан, бұған дейін мұндай кафедралар өз беттерінше жұмыс істеп келген. Әскери кафедралар жоғарғы оқу орындарының ішінде болғандықтан, бірқатарында арнайы кабинеттері мен ұстаздардың біліктілігі талапқа сай еместері анықталған.
Осы орайда айта кетерлігі, жаңадан қабылданған әскерипатриоттық бағыттағы заң аясында Қорғаныс министрлігіне әскери кафедрасы бар оқу орындарын тексеруге толық құқық берілген. Бұрын өз саласына қатысты болса да, олардың жұмысына араласа алмай келген еді. Мінекей, кеткен кем-кетіктің себебіне үңілу дегеніміз осындай болады. Мұның нақты нәтижесін көру де бізді көп күттіре қоймас.
Сарбазға қатысты сан сауалға жауап
Енді елімізде жиі талқыланатын өзекті мәселенің біріне кеңірек тоқталайық. Иә, әскерге аттанған бауыр еті – баласын уайымдамайтын ата-ана жоқ. Бұл ретте әрбір әке-шешенің көкейінде: «Оларға тәрбие қалай беріліп жатыр, күш қолданып жатқан жоқ па?» деген секілді сұрақтар жатқаны анық. Қазір сарбаздардың ата-аналарына арналған «Ашық есік» күні іс-шарасы өтетінін ел-жұрт жақсы біледі. Сондай-ақ жас жауынгерлер «Отбасымен бейнеқоңырау» сервисі арқылы сөйлесетіні тағы бар. Бұдан бөлек Қорғаныс министрлігі тарапынан ұйымдастыратын пресс-турлар арқылы журналистер, тіпті халық қалаулылары сарбаздардың тыныс-тіршілігін көзбен көріп қайтады. Олар бүгінде әскери бөлімдердегі нақты жағдайды біліп отыр. Мәселен, Парламент Мәжілісінің депутаты Болат Керімбек: «Бұқаралық ақпарат құралдарында әскерге деген теріс көзқарасты тым әсірелеп көрсетіп жатыр, шын мәнінде көзімізбен көргеніміз басқаша. Қазір сарбаздарды мәпелеп, бар жағдайды жасап қойған. Бұл сөзім рас. Тағы да айтамын, сарбаздарға барлық жағдай жасалған. Қаржылай, азық-түлік, киім-кешекпен толыққанды қамтамасыз етілген.
Одан бөлек арнайы сарбаздар үшін аптаның сенбі, жексенбі күндері отбасымен бейнеқоңырау шалу уақыты қарастырылған. Қызмет өткеретін барлық жерді 24/7 бейнебақылау жүйесі қадағалайды. Бүгінгі таңда сол бейнебақылау жүйелеріне жасанды интеллект енгізіліп жатыр. Мұның артықшылығы – онда бейнеге түскен әскерилердің көңіл-күйіне дейін айқындалады», – деп өз ойын білдірді.
Жалпы, жастарға әскерге дейін де, оны өткеру кезінде де жағдай жасалып отыр. Армияда жүргенде алаңдамасын деп мойнындағы несиесіне 13 ай көлемінде демалыс беріледі. Әскерге дейін еш мамандығы болмаған жастардың бірқатар техникалық мамандықтарды меңгеріп келуіне де мүмкіндігі бар. Ол аз десеңіз, бір жыл ішінде тәртіпті болған сарбаздар еліне оралған соң жоғары оқу орындарына еш сынақсыз тегін түсіп кете де алады. Осылайша тізе берсек, жасалып жатқан жағдайлар жетіпартылады. Ал енді әскерге шақыру шарасына қатысты нақты ақпараттарды алға тартайық.
Қазір күзгі әскерге шақыру науқаны аяқталды. Мәліметке сүйенсек, биыл жалпы 42098 азаматты әскери қызметке шақыру жоспарланған. Көктемде оның 20130-ы, күзде 21968 адам әскерге шақырылған. Желтоқсанның 18-іне дейін жоспар 85 пайыз орындалды және ол 31 желтоқсанға дейін жалғасты. Ішкі Істер министрлігіне, Ұлттық Ұланға азаматтарды әскерге тарту жұмыстары барысында күзгі әскери шақырылымда 22 мыңға жуық жас әскер қатарына қосылған.
Қорыта айтқанда, мемлекет тарапынан мерзімді әскери қызметті өтеуге деген көзқарастың жақсаруына себеп болатын қомақты істер атқарылып жатыр. Мұны естен шығармағанымыз жөн. Осы орайда қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген аталы сөзі еске түседі. Өйткені, темірдей тәртіпке шыңдалған ұрпақ қана елдің ертеңгі қорғаны болары анық.
Есен ӨТЕУЛІ