Енді заңсыз қоқыс полигоны ғарыштық мониторинг арқылы анықталады
Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды aqjolgazet.kz
Вице-министрдің айтуынша, ғарыштық мониторинг арқылы 2025 жылы 3 828 заңсыз қалдықтар жиналатын орын және 1 мыңнан астам қоқыс полигоны тіркелген. Сондай-ақ, табиғи ресурстар саласында Tabigat.gov.kz. интерактивті карта іске қосылды. Қалдықтарды басқару саласында EcoQolday цифрлық платформасы жұмыс істейді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректеріне сәйкес, Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы аясында барлық кезеңде 1 294 іс-шара өткізіліп, 844 мың тонна қалдық жиналған, 1 млн гектар жер тазартылып, 2,9 млн ағаш отырғызылған. Аталған іс-шараларға 6,9 млн адам қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында қоршаған ортаны қорғауда цифрлық технологияларды қолдануға ерекше назар аударылды. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев «Қоршаған орта және табиғи ресурстардың жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкі» жобасы жүзеге асырылғанын баяндады. Онлайн-платформа эмиссияларға мониторинг жүргізу, өндірістік экологиялық бақылау, ластаушы заттардың шығарындылары мен тасымалдары тіркелімі, қалдықтардың мемлекеттік кадастры, көміртегі кадастры т.б. сияқты бірқатар басқа жүйелер көрсеткішін жинақтайды.
Сондай-ақ бүгінде орман өртін ерте анықтау жүйесі енгізілуде, су тасқыны жағдайын болжау үшін «Қазгидромет» деректерімен интеграцияланған Tasqyn жүйесі қолданылуда. Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтарындағы бақылау-өткізу пункттерін автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.