Адам құқықтары – жаңа Ата заңның өзегі
Жуырда Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия жаңа Ата Заңның жобасын жариялады. Ел Президенті ерекше атап өткендей, бұл – мән-маңызы жағынан да, саяси-құқықтық мазмұны тұрғысынан да жаңа құжат саналады. Аталған Конституция жобасымен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері де танысып талқылады.
Жиында өңіріміздің ішкі бірлігін қалыптастыруда Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі зор екендігін атап өткен облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Конституциялық реформаның маңыздылығына тоқталып өтті.
Еске сала кетейік, қаңтар айында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы осы қоғамдық талқылаудың қорытындыларын айтты. Алғашқы жоспар бойынша Конституцияның шамамен 40 бабына өзгеріс енгізу көзделген болса, халықтан түскен ұсыныстар реформаның әлдеқайда кең болатынын көрсетті. Осы кезеңнен кейін Конституциялық комиссия құрылды. 2026 жылғы 21 қаңтарда құрылған комиссия құрамында 130 адам бар, оның ішінде Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі құқықтанушы ғалымдар, орталық мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, мәслихат төрағалары, аймақтық қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ ғылыми және сарапшылық қауымдастық өкілдері болды. Бүгінде аталған құзыретті құрылымның дайындаған құқықтық құжаты 11 бөлім, 95 баптан тұрады. Жаңа Ата Заң жобасы бүгінде ел аумағында кеңінен таныстырылып, талқылануда.
Жиын соңында аймақ басшысы этно-мәдени бірлестік өкілдеріне жаңа Ата Заң жобасын қабылдайтын жалпыұлттық референдумда белсенділік танытуға шақырды.
Нұрболат АМАНБЕК