Жаңалықтар

Уақыт талабынан туындаған өзекті шешім

Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Парламенттік реформаға қатысты қоғамдық талқылаудың қорытындыларын жасады. Алғашқы жоспар бойынша Конституцияның шамамен 40 бабына өзгеріс енгізу көзделген болса, халықтан түскен ұсыныстар реформаның әлдеқайда кең болатынын көрсетті. Алты айға жуық аралықта талқылаулар өтіп, жуырда Конституциялық комиссия жаңа Конституцияның жобасын ұсынды. Жаңа Заң жобасымен облыстық мәслихат депутаттары да танысып, ел болашағын айқындайтын құжат жөніндегі ойларын ортаға салды.

Облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиевтың төраға лығымен өткен жиынға облыстық және қалалық мәслихат депутаттары мен аудандық мәслихат төрағалары қатысты. Жиында Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның мүшесі Абдалы Нұралиев жаңа Ата Заңның ерекшеліктері мен маңызына мән беріп өтті.

Айта кетейік, комиссия жұмысы барысында Конституцияның 77 бабына өзгеріс енгізуді көздейтін жаңа жоба әзірленген. Бұл жалпы мәтіннің 84 пайызын қамтиды. Басқосуда жаңа Конституциялық жобаның азаматтық қоғам институттарына негізделгенін атап өткен Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай мұндай тәжірибе әлем елдерінде кеңінен қолданылатындығына тоқталды.

Бұдан бөлек, жиында облыстық мәслихат депутаттары Гулам Омаров пен Жұмахан Тәнкебаев, облыстық мәслихаттың аға инспекторы Рүстем Байшекеев баяндама жасап, қатысушылар тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылды. Айта кетейік, жаңа Конституция жобасы жалпыұлттық референдум арқылы қабылданады.

 

Нұрболат АМАНБЕК