Жаңалықтар

Конституциялық реформа-ел дамуының жаңа кезеңі

Ел Президенті кезекті Жолдауында 2026 жыл Парламенттік реформалармен есте қалатындығын атап өткен болатын. Бұл туралы Мемлекет басшысы Сыр елінде өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында: Біз Ата Заңның Преамбуласын ұлттық құндылықтарымызды айшықтап, қанша заман өтсе де, өзекті болып қала беретіндей етіп қайта жазуымыз керек. Онда қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің тарихы терең екені нақты көрініс табуға тиіс», деп нақтылап өтті. Осыған сәйкес, қазан айында Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылып, күні кеше құзыретті құрылым жаңа Конституцияның жобасын ұсынды. Ел болашағына қатысты маңызды құжаттың жобасын қолдауға байланысты облыстық әкімдікте жиын өтті.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен облыстық актив отырысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы таныстырылды. Жиында облыстық мәслихаттың төрағасы, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның мүшесі Абдалы Нұралиев жаңа Ата Заң жобасының мәні мен маңызы, оның негізгі ерекшеліктері, сонымен бірге комиссия қызметі туралы сөз сөйледі.

Жиынды қорытындылаған Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалар еліміздің саяси жүйесін жетілдіруге, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға және Қазақстанның орнықты дамуына берік құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

Сонымен қатар облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Батырбек Құлекеев пен Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков жаңа Конституция жобасын қолдап, бұл бастама елдің ертеңіне берік негіз қалайды деген сенім білдірді.

 

Нұрболат АМАНБЕК