Спорт және туризм

Алты жасар чемпион

Тарихы ғасырлардан сыр тартатын Тараз қаласында талай таңғажайыптар орын алып, ерекше дарын иелері шығып жатады. Сондай талантты жасөспірімнің бірі – Амина Саймасай.

Алты жасар Амина Олжасқызы Түркістанда өтіп жатқан шахматтан балалар-жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында алтыннан алқа тағынды. Ол алты жасқа дейінгі қыздар арасында 9 турдың бәрінде жеңіске жетіп, жеңімпаз атанды. Ол чемпионат барысында Ақтөбе, Атырау, Ұлытау, Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан, Қызылорда облыстарының жас шахматшыларынан басым түсті. Сонымен қатар Астана және Шымкент қалаларының жасөспірім спортшыларын да ұтты. Осылайша, тоғыз ойыннан кейін 9 ұпаймен жеке дара көш бастады. Оның жеке бапкері – Анель Алтайбек. Біз чемпионның анасы Жазира Әлімқұловамен әңгімелескен едік.

Амина биыл еліміздің намысын қорғап, Азия және Әлем чемпионатына қатысатын болады. Әрқашан жолы болсын. Жарайсың, жас чемпион!

Батырхан ашық турнирде топ жарды Тараз қаласында бокстан өткен 2026 жылғы республикалық ашық турнирде аталған шаһардағы Әлихан Бөкейханов атындағы №1 гимназияның 4 «Ә» сынып оқушысы Батырхан Айтас 35 килограмм салмақ дәрежесінде барлық қарсыласын ұтып, алтыннан алқа тағынды. Батырхан Дәуренұлы бокспен екі жылдан бері айналысады.

Осы кезге дейін облыстық біріншілікте бір күміс, бір алтын медаль иеленген. Республикалық ашық турнирге көршілес Қырғыз елінен де жасөспірім боксшылар келіп қатысыпты. Батырхан турнир барысында үш жекпе-жек өткізіп, Қырғыз елінен және өзге облыстардан келген қарсыластарынан басым түсті. Бапкері – Қанат Әбдіхалықов.

 

Тараз қаласы

Есет ДОСАЛЫ