Арда өнердің әсемқоңыры
Биыл күй анасы Дина Нұрпейісованың туғанына – 165 жыл толып отыр. Қастерлі күй өнерін хас шеберлігімен аспандата білген ерекше тұлға – Дина Нұрпейісованың әлемі мен шығармашылығы ғасырдан ғасырға жетер сырлы сандық. Халық өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып, ұлттық мәдениетіміздің асыл қазынасына айналған күйлерді дүниеге әкелген бірегей тұлғаның шығармашылығын дәріптеу мақсатында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында дөңгелек үстел өтті.
Тағылымды іс-шараға колледж студенттері мен өнерсүйер қауым қатысты. Дөңгелек үстел аясында «Күй анасы – Дина» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Адай», «Тойбастар», «Әсем қоңыр», «Науаи», «8 Март» сияқты дәстүрлі күйлер орындалды. Бұдан бөлек, жастарға күйшінің өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм көрсетіліп, белгілі өнертанушылар мен ұстаздар оның өнерінің тарихи маңызы мен мәдени құндылығы туралы ой бөлісті.
Кеш қонақтарының бірі Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің домбыра аспабы оқытушысы Төрехан Көрпебаев күйшілік дәстүрдің мәні мен маңыздылығына тоқталып, күйші өмірінен деректер келтіріп өтті.
Кездесуде музыка лық білім беру кафедрасының меңгерушісі әрі «Шабыт» үйірмесінің жетекшісі Гүлзада Жұмашева мен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің «Домбыра» кафедрасының оқытушысы Әсел Дайрабаева қазақтың ұлттық музыкалық мұрасын сақтап, ұрпақтанұрпаққа жеткізудегі жұмыстардың жалғаса беруіне тілектестігін білдірді.
Бұдан соң кешке арнайы шақыртылған «Шабыт» үйірмесінің бүлдіршіндері көрермендерге арнап қазақ күйлерінен композиция орындады.
Нұрболат АМАНБЕК