Көштаевтың термесі көш басынан көрінді
Тұлғалардың тұғыры ешқашан аласармайды. Даналардың бағасын әрдайым биіктеткен елміз. Тараз қаласындағы М.Әуезов атындағы кітапханасы мен облыстық «Айтыскер ақындар, жыршытермешілер» орталығы бірлесіп «Жыр алыбы – Жамбыл» тақырыбында мерейгер портреті рухани кеші өткізілді.
Іс-шара барысында ақынның шығармашылығы туралы Мәдениет үздігі, айтыскер ақын Ербол Қамбатыр және Ш.Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының ұйымдастырушысы Гүлгаухар Бүркітбаева өз ойларымен бөлісті.
Облыстық «Айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығы» мекемесінің өнерпаздары Жамбыл Жабаевтың жырларына тоқталып, айтысынан үзінділер көрсетті. Әсіресе аталған орталық қызметкері, жыршы Бекарыс Көштаев әйгілі ақынның жырларын тереңнен толғап, термелерін тебіреніспен орындады. Қасиетті сөздің киесін арқалаған, жырды тағдырына серік еткен, ғасырдан ғасырға жеткен Жамбыл Жабаевтың жас ұрпаққа деген аманатын Асқар Тоқпанов атындағы академиялық қазақ драма театрының актері, Мәдениет саласының үздігі Әбу Шонбаев ғажайып өнерімен жеткізді.
«Дәуірдің дара тұлғасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, библиографиялық шолу жасалды. Рухани кешті Абай атындындағы Тараз қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Ұлбосын Сәулебаева қорытындылап, қонақтарға алғысын білдірді.
Есет ДОСАЛЫ