Мәдениет

Өнер үшін жаралған жан еді

Өзінің кәсіби шеберлігімен, қайталанбас өнерімен ел назарын ерекше аударатын тұлғалар болады. Сондай азаматтың бірегейі – Асанәлі Әшімовтің есімін жасөспірім кезімізден жаттап өстік. Ол кісінің кинодағы әр рөлі ерекше құбылыс еді. Әйгілі Әшімов сол қасиетінен өмірінің соңғы күндеріне дейін айныған жоқ.

Қазақ сахнасы мен кино өнерінің абызы, біртуар тұлға, халықтың асқақ рухын, болмысын өнер арқылы танытқан Асанәлі ағаны қазіргі таңда танымайтын қазақ жоқ. Есімі алыс-жақын шетелдерге де кеңінен жайылып кетті. Аты Алты Алаштың баласына мәлім, халық жүрегіне мәңгілікке жазылған дара тұлға болды. Көрермен жадында Бекежан, Кебек, Шадияров, Ка мырза, Қодар, Қасымхан сынды жарқын рөлдерімен сақталды.

Өңіріміздің аудандарында әкім болып жүрген кезімде Асанәлі Әшімов аға бірнеше мәрте қонақ болып келіп, қарапайым халықпен жүздесіп, көпшілікті қуанышқа бөлегені бар. Сол сапарда аңыз адам шаңырағымыздан да дәм татып, дастарқандас болып едік. Төрге шығарып, құрмет көрсетіп, әңгімесін тыңдағанымыз кеше ғана сияқты еді-ау!. Ол кісімен әр жолыққан сәтім – мен үшін естен кетпес естелік, ең құнды тарих.

Ұлттық руханияттың дамуына өлшеусіз үлес қосқан, қазақ театр және киносын әлемдік деңгейге көтерген дара тұлға тек ұлы актер ғана емес, құшағын ашып бауырына басатын, мейірімі мол жан екеніне көзім анық жеткен. Асанәлі аға шынында қазақ актерлік мектебін жаңа биікке көтерген аңыз адам. Өнерге деген адалдықтың, сахна мәдениетінің үлгісі болды. Ол сомдаған кейіпкерлер арқылы елдің мінезі, халықтың тағдыры, ұлттың болмысы көрініс тапты. Оның өнері – жасанды әсерден таза, шынайы сезім мен терең ойға құрылған еді. А.Әшімов Сарысу ауданының Жайылма ауылында туылып, барша қазаққа аты жайылды. Өнерге адал болды. Бекежанның, Қодардың, Шадияровтың болмысын осы күнге дейін ешкім ол секілді аша алған жоқ. Шын шеберлікті мойындауымыз керек.

Еңбегінің бағасы лайықты берілді деп ойлаймын. Өнер иесі 1973 жылы Қазақ КСР, 1974 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды. 1976 жылы Қазақ КСР, 1980 жылы КСРО Халық әртісі атағы берілді. 2017 жылы Қазақстанның Еңбек Ері атанды. Бұл марапаттардың барлығына Әшімов атамыз әбден лайық. Ол соншама үлкен марапаттаулардың иесі болса да, елге келген кезде қарапайым қалпынан айныған жоқ. Әулиеата жеріне, өзінің Жайылмасына жай елдің перзенті болып, еркелеп келетін. Оның жерлестеріне деген құрметі, еліне деген еркелігі жарасып тұратын. Бұл – туған жерге деген құрметтің үлкен үлгісі. Аңыз адамды өнерге сіңірген өлшеусіз еңбегінен бөлек, осындай асыл қасиеттері үшін де ерекше бағалаушы едім.

Біз Асанәлі ағамыздың сөздерін үнемі есте сақтап, мұраларына, жасаған еңбектеріне әрқашан құрметпен қараймыз! Марқұмның өнер жолындағы ұлағатты еңбегі, сомдаған жарқын образдары мен адами болмысы қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталады.

 

Абдалы НҰРАЛИЕВ

облыстық мәслихаттың төрағасы