Жаңалықтар

Жүгері дақылына сұраныс жоғары

Бүгінде асыраушы сала ауыл шаруашылығына айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Қазіргі таңда аграрлық секторда өнімнің сапасы мен көлемін арттыру үшін ғылыми жетістіктерді, инновациялық технологияларды және тиімді агротехникалық тәсілдерді қолдану басты талапқа айналды. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тауарлардың сапасы мен егістік көлемін арттыру да маңызды міндеттердің қатарында. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен көктемгі егіс жұмыстарын даярлау және өткізу жөніндегі жедел штабтың отырысында айтылды.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың хабарлауынша, биылғы жылы өңірлерде әлеуметтік маңызы бар көкөністердің, ең алдымен картоп пен сәбіздің егіс алқаптарын ұлғайтуы қажеттілігі көзделген. Оның айтуынша, өткен жылы картоп егісін арттыру бойынша мақсатты жұмыс жүргізіліп, ұйымдасқан шаруашылықтардағы егіс көлемі 12,5 мың гектарға ұлғайған. Бұдан бөлек, биыл қарақұмық егіс алқаптарын кезеңкезеңімен ұлғайту көзделген. 2026 жылы оның егісін 101 мың гектарға дейін кеңейту жоспарланып отыр.

Өткен жылы бұл меже 91 мың гектар көлемінде болатын. Биыл жүгері егісін кеңейтуге де ерекше назар аударылып отыр. Вице министрдің сөзінше бұл қажеттілік облысымызда биыл ашылғалы тұрған жүгеріні терең өңдеу зауыты мен Түркістан облысындағы «Қазкрахмал» ЖШС-нің крахмалды сірне өндіру зауытын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатынан туындап отыр.

Еске сала кетейік, Шу ауданындағы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында құрылысы жүргізіліп жатқан қытайлық Fufeng Group компаниясының жүгеріні терең өңдеу зауыты Орталық Азиядағы ең ірі өндіріс ошақтарының бірі саналады. Өткен жылдың сәуір айында ғана басталған алып құрылыстың жұмысы қарқынды жүруде. Қазіргі таңда мұнда жұмысшыларға арналған жатақхана мен асхана, кеңсе және қойма ғимараттары, сондай-ақ жылу электр орталығы және тағы басқа өндірістік нысандар бой көтеруде. Зауыт толық қуатында жұмыс істеген кезде жыл сайын 3 миллион тоннаға дейін жүгері өңделіп, 1500 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл кәсіпорынның ерекшелігі – қалдықсыз технология. Жүгеріден алынған шикізаттан аминқышқылдары, крахмал және глюкоза өндіріледі, ал қалдықтары мал азығына пайдаланылады.

Биылғы егіс жұмыстарына дайындық мақсатында өңірлерге минералды тыңайтқыштарды жөнелту басталып кеткен. Бұл бағытта жауапты министрлік пен «Қазфосфат» ЖШСмен аммофостың қосылған құн салығын есептемегендегі тоннасына 254 мың теңге деңгейінде бекітілген баға белгілеу туралы меморандумға қол қойылған. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен шарттар жасасу және жеткізу кестелерін келісу жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, өткен жылы көктемгі егіс және жинау жұмыстарын жүргізу үшін 7 мыңнан астам ауыл шаруашылығы өндірушісіне жалпы сомасы 501,5 миллиард теңге көлемінде кредит беріліп, 7 миллион гектардан астам егіс алқабы қамтылған. Оның ішінде өңірдің ауыл шаруашылығына 46,9 миллиард теңге қаржы бөлінген. Көрсетілген қолдаулардың нәтижесінде 514,7 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, егін шаруашылығы өнімдерінің көлемі 2,2 пайызға, мал шаруашылығы өнімдері 1,9 пайызға артқан.

 

Нұрболат АМАНБЕК