Экономика

Жаңа технологияларды енгізу шаруалардың жұмысын ширатады

Еліміздің ауыл шаруашылығы соңғы жылдары жаңа даму кезеңіне қадам басты. Әсіресе еліміздің ең ірі аграрлық аймақтарының бірі саналатын оңтүстік өңірлерде инновациялық энергия үнемдеуші технологияларды енгізу – өндірістің тиімділігін арттырудың негізгі жолына айналып келеді.

Экономиканың жетекші салаларының бірі асыраушы сала бүгінде инновациялық энергия үнемдеуші технологияларды қолдануды талап етуде. Энергия үнемдеуші технологиялардың енгізілуі Алматы, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облысы секілді оңтүстік өңірлерде дамыту айтарлықтай маңызға ие. Бұл бағыт ауыл шаруашылығы өнімінің өзіндік құнын төмендетіп қана қоймай, табиғи ресурстарды сақтауға, шаруалардың табысын арттыруға, сондай-ақ өңірдің экологиялық тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді.

Әлемдік тәжірибеде ауыл шаруашылығындағы энергия тиімділігін арттыру – алдыңғы қатарлы елдердің негізгі тренді. Заманауи технологиялар шаруашылықтарға суды, электрді, жанармайды аз тұтынуға мүмкіндік беріп, өнімнің сапасын жақсартуға және экологиялық таза өндірісті дамытуға жол ашады. Соңғы жылдары электр энергиясы мен жанармай бағасының қымбаттауы шаруаларға айтарлықтай салмақ түсіруде. Оның ішінде энергияны көп тұтынатын жылыжайлар, суару жүйелері, қайта өңдеу кәсіпорындары үшін бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес.

Бүгінде елімізде энергия тиімділігін арттыруға бағытталған бірнеше ірі бағдарлама жүзеге асуда. Агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру жобасы фермерлерге энергияны үнемдейтін технологияларды енгізуге көмек көрсетеді. 2021-2030 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасы – инвестицияларды тарту мен энергия тиімділігін арттыруға бағытталған. Субсидия және арзан несие бағдарламалары жаңартылатын энергия көздері мен «ақылды» жүйелерді сатып алуға жол ашуда.

Мамандардың сөзінше, қазіргі таңда аймақтардағы энергияны көп тұтынатын негізгі бағыттарда суару жүйелері, жылыжай кешендері, мақта, бақша және жеміс-жидек өнімдерін өңдеу кәсіпорындары, қойма логистикасы мен салқындатқыш жабдықтар бар.

Маманның сөзінше, инновациялық технологияларды шаруашылыққа енгізудің экономикалық тиімділігі оңтүстік өңірлерде жүргізілген зерттеулер нәтижелерінде бірнеше нақты әсерін көрсеткен. Зерттеу нәтижесінде алынған мысалдарға жүгінсек, Түркістан облысының Мақтаарал ауданында тамшылатып суару жүйесін енгізген шаруашылықтар мақта өнімділігін гектарына 28 центнерден 40 центнерге дейін жеткізген. Сарыағаш ауданындағы жылыжайлар күн энергиясын пайдалану арқылы жылдық электр шығынын 50 пайызға азайтқан. Отырар ауданында күн панельдерімен жұмыс істейтін сорғы стансасы тәулігіне 2 мың текше метр суды тегін көтереді.

Шымкент қаласының маңындағы фермерлер дрон көмегімен тыңайтқышты дәл нүктеге беріп, шығынды 25 пайызға қысқартқан. Бұл бағытта облысымызда да өткен жылы облыста 66,5 мың гектар егіс алқаптарына су үнемдеу технологиялары енгізіліп, оң нәтижелерін берген. 2025 жылы облыста іске қосылған «Kaz Kaspiy Hydro Sement Technology» зауыты жылына 20 мың гектар алқапқа арналған тамшылатып суару жүйелерін шығаруды бастады. Бұл – отандық агроөнеркәсіп үшін маңызды жаңалық.

Ресми статистикаға сүйенсек, еліміздегі 1,9 миллион гектар суармалы жердің тек 26,3 пайызы немесе 397,3 мың гектарына заманауи су үнемдеу технологиялары енгізілген. Ал суармалы жердің 75 пайызы оңтүстік өңірлерге тиесілі.

Қалай десек те, судың тапшылығы артқан, энергия бағасы өскен қазіргі кезеңде жаңа технологияларды қолдану бүкіл өңірдің аграрлық болашағын анықтайтын маңызды мәселеге айналып отыр. Қазіргі таңда энергияны үнемдеу ауыл шаруашылығы үшін стратегиялық қажеттілік болып тұрғаны да айдан анық. Бұл әсіресе, жаңа энергия өндіруде көшбасшы саналатын облысымыз үшін маңызды қадамдардың бірі болмақ.

 

Нұрболат АМАНБЕК