Қоғам

Жасы үлкенді құрметтеу – тәрбиеден

Қазақы салтымызда үлкен кісілер әрдайым құрметті орындарға отырғызылып, төрге жайғасады. Той-жиындарда да бірінші сөз соларға беріліп, ортадағы кесімді сөз, шешімді ойды үлкендер айтады.

Ертеректе жастарымыз сапарға шығарда яки отбасылы болып, шаңырақ көтерер шақта ақсақалдардың алдынан өтіп, бата сұрайтын. Батамен басталған істе береке бар деп білгендіктен, үлкеннің батасын алуды, жолы болудың бір себебі деп топшылаған. Қазақтар жаугершілік замандарда да жасы үлкен әрі құрметті адамдардан шайқасқа аттанар алдында бата сұрайтын болған. Сол үшін де дана халқымыз ұрпақтарына «Қарты бар үй – қазынасы бар» деген нақыл сөзді терең үйретіп, олардың жақсы тілегін, батасын алуды, көңілін сұрап, елеп-ескеруді де – мұсылманшылықтың үлкен белгісі деп есептеген. Имам Ашғари: «Шаш-сақалы ағарған үлкен кісіні, Құранды жатқа білетін адамды, және әр кез әділдік жолын ұстанып жүретін мұсылманды құрметтеудің сауабы – Алла Тағаланы ұлықтағанмен тең сауапқа ие болады», – дейді.

Жасы үлкен адам әрбір істің соңының нәтижесінің қандай болатынын толық сезінетін адам болып саналады. Жасы үлкен адам данышпандық пен ақылдылықтың үлгісі. Адам баласы жас кезінде құдды бір алауға ұқсайды, көздеген мақсаттарына тезірек әрі бойындағы күш-қуаты арқылы жетіп баруды көздейді. Нәтижесінде, жолынан түрлі қателіктер орын алып жатады. Ал енді егделік жасқа келгенде адам кемелдікке жетіп, әр істің байыбына ақылмен жетуді мақсат етеді. Көздерінің нұрының қуаты азайса да, ақылы мен ой-санасы ақиқат жолынан адаспайды. Сол үшін дінімізде де әркез үлкендерді сыйлауға, құрмет тұтуға бұйырады. Оларды төрге шығарып, бата бергіздіріп, ризалықтарын алуға үндейді. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында қазақтың салт-дәстүрлері мен әртүрлі жөн-жоралғылары керемет көрсетілген. Соның ішінде үлкенді құрметтеудің жарқын үлгісін Абай мен Бөжейдің арасындағы мына диалогтан аңғарамыз: «Абай тоқтаған қалпында бойын тез жиып, аттылардың алдына жұмысы бар кісідей көлденеңдеп кеп тосып тұрды. Үлкен ықылас білдіріп, айрықша бір тағзыммен төсін басып, қатты дауыстап: – Ассаламу ғалайкум!», – деп сәлем берді.

Өзге қазақтан бөлек, мына сияқты бір алуан сыпайылыққа Бөжей оң назарын салып, атының басын тежей беріп: «Уағалайкумуссалам балам!» деп тоқтай қалды. Бөжей Абай күйін жақсы таныған сияқты еді. Анықтап қарап алып: Балам, жөніңді айтшы, бізді көрсең, сәлем бер деп әкең айтып па еді, әлде өздігіңмен істедің бе? деп сұрайды. Абай сол кезде: «Әкем емес, өзім беріп тұрған сәлемім сізге», – дейді. Абайдың жауабын естіген соң, Бөжей ықыласпен қарай түсіп, жақындады да: «Әкең айтпай, өзің білген болсаң, батамды берейін. Көзіңнен жақсы жанар көрдім ғой, шырағым!», – деп батасын береді.

Қандай ғажап десеңізші! «Баталы құл арымас» дегендей, әр кез үлкендердің батасын алып жүргенге не жетсін. Әнас ибн Маликтен риуаят еткен хадисте келтіріледі, «Бірде жасы үлкен қария Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) іздеп (жолығатын деп) келген кезде адамдар қауымы ол кісіге жол ашуға, яғни ортаны ашуға кешігіп қалады. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім кішілерімізге мейірім төкпесе, үлкендерімізді құрметтемесе, олар біздің қауымнан емес», – деген екен. Демек, жасы үлкендерге әрдайым құрмет көрсетуімізді, оларды қадірлеуімізді Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) барша мұсылман үмметтеріне үлгі етуде. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер араларыңызда еңкейген қариялар, өрмелеп жүрген жәндіктер және емізулі сәбилер болмағанда бастарыңызға бәле-жалалар жаңбырдай жауған болар еді», – деген екен.

Демек, Алла тағала жасы үлкендердің дұғаларының (бата,тілек) берекелерінен және сәбилердің бейкүнә себептерінен жер бетін өз панасына алуда, яғни сақтауда. Кезінде бар ғұмырларын халық қызметіне арнаған, ал қазіргі таңда жастарымызға тура жолды нұсқап, баталарын беріп жүрген үлкендерімізді құрметтеп жүрсек, кейінгі өскелең ұрпақ та бұл игі ісімізді жалғастырарына бек сенімдіміз.

 

Үмбет САБЫРХАНОВ

«Әл-Хақ» мешітінің имамы.

Т.Рысқұлов ауданы