Қоғам

Жақсылықты жақыныңа жаса

Дін өкілдерінің айтуынша Ислам діні ізгі, шынайы, адал істерді дамытуды құптайды. Алла әрқашан әділ, турашыл, мейірімді адамдармен бірге. Қоғамда жақсылық жасау деген ұғым бар. Біз бірақ жақсылықтың мәнісін қалай түсініп жүрміз.

Өмірде сан түрлі тағдыр иелері бар. Алуан түрлі жағдайлар кездеседі. Жақсылықты жасаудың да түрі көп. Біреулер ізгі амалын есеппен, ықпалды кісілердің көзіне түсіп қалу үшін жасайды. Қарт әжені құрметтеу керек болса, өзінен жоғары лауазымдағы кісінің әжесі мен атасын ардақтап, тіпті өзінің әкесі елеусіз қалып қалатын жағдайлар да бар. Ал Қасиетті Құранда әке мен ананы құрметтеуді ерекше ескертеді.

«Ата-ананың разылығы – менің разылығым» деген Алла сөзін қаперімізден шығарып алмағанымыз дұрыс. Қоғамда өз бауырының киімі тозып, сөмкесі ескіріп жүрсе де, басқа ықпалды адамның балаларына сыйлық жасап жүретіндер бар. Ондайларды көріп те жүрміз. Жалпы жақсылыққа ұмтылу жақсы қасиет. Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз хадисінде «Жақсылық жасап жарысыңдар!», – дейді.

Бірақ сол құрметті кімге жасап жүрміз? Кейде жағдайы бар танымал жігіттермен кездесіп қаламыз. Олар: «Пәленше деген марқұм менің жастық шақтағы досым еді. Бірге жүріп, бірге өсіп едік» деп еске алып жатады. Ал қолы жүріп тұрса да, сол марқұм досының үйіне кіріп, ұл-қыздарының жағдайын білуге уақыт таба алмайтындар бар. Бұл бір жылдың ішінде болған жағдай емес. 10-20 жылдың ішінде жан достарының отбасына қайырылмай кеткен азаматтар да кездеседі. Осы орайда бір жақсы жағдайды айта кетуге болады.

Белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Маралтай Райымбекұлы мен ақын Серік Томанов екеуі дос болған. Томанов өмірден озғанда М.Райымбекұлы досы үшін жүгіріп, Серік ақынның кітабын шығартты, мүшәйрасын өткізді. Адал дос екенін көрсетіп, жақсылығын аяған жоқ. Міне, шынайы достық осы болса керек. Нарша ақын: «Жақсылықсыз өмірдің жоқ мәні түк, Пейілі кеңді Құдай қояр жарытып» деп толғанады. Жақсылық жасауды негізі өз әке-шешеңнен, жақыныңнан, өз бауырыңнан бастауың қажет. Одан асса немере бауырларыңа, ағайыныңа қол ұшын соза беруге болады. Бұл шариғаттың талабына да сай келеді. Өзгеге қол ұшын беру – асыл қасиет.

 

Есет ДОСАЛЫ